АҚТӨБЕ. 29 маусым. Ақтөбе облыстық сотының төрағасы Ерлан Айтжанов байланыс және бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне орай республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, оларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, облыстың сот органдарының қызметін шынайы жариялауға қосқан үлесі үшін Құрмет грамоталарымен марапаттады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ерлан Жұмаханұлы журналистерге облыс соттарының қызметіне ақпараттық қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, сот органдары қызметін жария етуде ерекше орын алатынын, ақпарат кеңістігіндегі журналистердің сіңірген еңбегін, азаматтардың құқықтарын зерделеуге қосатын үлесін атап өтті.
Дөңгелек үстелде облыстық соттың судья-үйлестірушісі Н.Сатыбалдина сөз сөйлеп, «Актюбинский вестник» газетінің редакторы М.Жармұхамбетов баяндама жасады. Дөңгелек үстелде судьялар мен БАҚ өкілдері әлемде және сот жүйесінде болып жатқан өзгерістерді, алдағы уақыттағы өзара ынтымақтастық жайында ой бөлісіп, бір-бірлеріне деген ізгі тілектерін білдірді. БАҚ өкілдерін құттықтау салтанаты мерекелік көңіл-күйге ұласып, концерттік бағдарламамен аяқталды.
Сонымен бірге, облыстық сот төрағасы Ерлан Айтжановтың бастамасымен Ақтөбе облысының сот қауымдастығы журналистердің кәсіби мерекесіне орай БАҚ өкілдері мен судьялардың қатысуымен боулингтен турнир ұйымдастырды. Аталған турнирге қатысушылар «Республикалық тележурналистика», «Жергілікті тележурналистика», «Газет басылымдары», «Радиожурналистика», «Сот қауымдастығы» құрама командаларына бөлініп, сынға түсті.
Шешуші командалық жарыста «Жергілікті тележурналистика» құрама командасы үздік атанып, облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов 1-орынды жеңіп алған үздік құрамаға жеңімпаз кубогын табыстады. Екінші орынды «Радиожурналистика», ал үшінші орынды «Республикалық тележурналистика» командалары иеленді.
Ойын соңында «Тандем» радиосының журналисі Бауыржан Кокчаев пен «Қазақ» радиосының меншікті тілшісі Мейрамгүл Сатаева тиісінше «Үздік страйкер» және «Үздік страйкерша» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды. Сонымен бірге, журналистер өз кезегінде ең көп страйк жинаған «Команда көшбасшысы» номинациясын облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжановқа табыс етті.
Жалпы, облыстың БАҚ-пен өзара ықпалдастық жұмысы жоғары деңгейде қалыптасуда. Мұндай ынтымақтастық шарасы жыл сайын өткізіліп келеді. Журналистер өздеріне көңіл бөлгендері үшін судьяларға ризашылықтарын білдіріп, сот билігі және БАҚ-тың әділеттілік жолында жұмыс істейтінін, ортақ мақсатта ынтымақтастықтың қайтарымы мол болатынынын атап өтті.
Сатыбалды Сәуірбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.