28 Ақпан, 2015

Ниагара сарқырамасының бетін мұз жауып қалды

443 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

28-02-15-niagara-1

АСТАНА. 28 ақпан. Өте күшті аяздың салдарынан АҚШ-тың солтүстігіндегі Ниагара сарқырамасының бетін түгел мұз жапты. Бұл туралы Lenta.ru хабарлады. Ниагара сарқырамасы орналасқан АҚШ пен Канаданың шекарасында градус нөлден 22 градусқа дейін түсіп кетті. Мұның өзі Ниагарадан төмен қарай құлайтын мыңдаған тонна судың бетін мұз жауып қалуына апарып соқтырды. Сөйтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған туристердің келіп тамашалап тұратын керемет сұлу мекенді өзінің көркінен айырды. Мамандар қазір Ниагараның толық қатып қалмағанын, мұздың астындағы сызашықтан төменге қарай сарқырап су ағып жатқанын айтып отыр. Ал атақты сарқырама өзінің тарихында бұған дейін бір-ақ рет, 1848 жылы ғана осылай қатып қалған екен. Әйткенмен, синоптиктер аймақтағы ауа температурасының бұдан әрі төмендей түсетінін, демек, сарқыраманың қатуы алдағы уақыттарда да болатынын алға тартады. Канаданың Онтарио және Американың Нью-Йорк штаттарының шекарасында орналасқан Ниагара әлемдегі ені ең үлкен сарқырама болып табылады. Оның АҚШ-тағы ені – 323, ал Канададағы ені 792 метрді құрайды. Ақпанның ортасынан бастап АҚШ-та өте салқын ауа райы қалыптасты. Өте күшті аяз бен қарлы бораннан Америка аэропорттарында жүздеген рейстер кейінге қалдырылды, ал Нью-Йоркте, Вашингтонда және Филадельфияда температураның төмендеуі рекордтық көрсеткішке жетті. Алдағы уақыттарда АҚШ-тың Атлант аймағы мен орта батыс аумағында ауа райының температурасы Цельций бойынша минус 40 градусқа дейін төмен түседі деп күтіліп отыр. Мұрат Айтқожа. Дерек, фото: Lenta.ru.