АСТАНА. 1 наурыз. Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңін «Барыс» жеңіліспен бастады. Омбыда өткен ойында астаналықтар жергілікті «Авангардқа» 2:5 есебімен есе жіберді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Біздің команда ойынды өте жоғары қарқынмен бастаған еді. Тіпті 6-минутта Константин Пушкарев мергендігімен көзге түсіп, «Барыс» есепте алға шықты. Дегенмен, ойынның 15 және 16-минуттарында екі бірдей ойыншымыз айдыннан қуылды. Алдымен, Константин Руденко 4 минутқа (2+2) айдыннан аластатылса, артынша Кэвин Даллмэн 12 минуттық (2+10) айып уақытын еншіледі. Берілген мүмкіндікті мүлт жібермеген омбылықтар Даллмэннің айдыннан қуылғанына 5 секунд өтпей жатып, таразы басын теңестіріп кетті. Нәтижелі соққының авторы – Денис Куляш.
Екінші кезең айдын иелерінің тәртіп бұзуымен басталды. Ойынның 22-минутында Александр Пережогин кіші айыппен жазаланып, «Барыс» ойыншы басымдығына ие болған. Соған қарамастан, астаналықтар өз қақпаларына шайба жіберіп алды. Командасын есепте алға шығарған германиялық легионер Феликс Шютц.
Шешуші кезеңде жанкүйерлер төрт голдың куәсі болды. Әуелі тартыстың 47-минутында «Авангард» ойыншылары есепті 3:1-ге жеткізді. Ал ойынның соңғы минутында «Барыстың» бас жаттықтырушысы Андрей Назаров тәуекелге барып, қақпашы Ян Лацоның орнына алтыншы ойыншыны шығарды. Дегенмен, айдын иелері бос қақпаны екі рет дәл көздеп, ойын барысында соққан шайбаларын бесеуге дейін жеткізсе, біздің хоккейшілер бір шайба соғып, есепті қысқартуға ғана мүмкіндік тапты.
Қос команда арасындағы айқас 1 наурыз күні жалғасады. Бұл ойынды да Омбыда өткізетін «Барыс» 3-4 наурыз күндері «Авангардты» өз айдынында қабылдайды. Плей-офф кезеңінің келесі сатысына төрт рет жеңіске жеткен команда шығатыны белгілі. Әзірге жалпы есеп омбылықтардың пайдасына 1:0.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: hawk.ru