Қоғам • Бүгін, 12:50

Түлектер мамандық таңдауда нені ескеруі керек?

7 мин
оқу үшін

Тағы бір оқу жылы аяқталды. Ресми деректерге сүйенсек, университет түлектерінің 40%-ы мамандық бойынша жұмыс істемейді екен. Аталған көрсеткіш – мамандық таңдаудың қаншалықты маңызды екенін тағы бір мәрте еске салады. Түлектер неге қателеседі? Таңдалған мамандықтың өзіңе сәйкес келмейтінін уақытында қалай аңғаруға болады? Осы және өзге де өзекті сауалдар төңірегінде Халықаралық бағыт-бағдар берушілер бірлестігінің мүшесі, профориентолог Динара Оспановамен әңгімелескен едік, деп жазады Egemen.kz.

Түлектер мамандық таңдауда нені ескеруі керек?

Профориентологтың айтуынша, мамандықты нақты таңдайтын кезеңде көптеген оқушы асығыс шешім қабылдап жатады, ең жиі кездесетін қателік – мамандықты өз қалауымен емес, сыртқы факторларға қарап таңдау.

«Түлектердің кейбірі грант көп бөлінетін салаға барады, енді бірі ата-анасының немесе достарының кеңесіне сүйенеді. Кей жағдайда оқушылар мамандықтың атауына қызығады, бірақ оның ішкі мазмұнын толық зерттемейді. Болашақта қандай жұмыс атқаратынын, сол салаға қандай қабілет қажет екенін ойлана бермейді. Салдарынан оқу барысында таңдауы өзіне сәйкес келмейтінін түсініп жатады», деді Динара Оспанова.

Профориентологтың сөзінше, тағы бір мәселе – түлектер өз қабілеті мен қызығушылығын нақты білмейді. Мысалы, жан дүниесі гуманитарлық бағытқа бұрып тұрған жасөспірім қоғамдағы «трендке» ілесіп, сұранысы жоғары техникалық мамандыққа құжат тапсырады. Нәтижесінде, өзіне жат, еш ұнамайтын салада жүріп, ішкі мотивациясын жоғалтады.

«Сондықтан мамандық таңдағанда тек қазіргі трендке емес, адамның өзіне не жақын, қабілеті соған сәйкесе ме дегенді ұғыну маңызды. Сонымен қатар мамандықтың болашақтағы даму мүмкіндігін, еңбек нарығындағы сұранысты және жеке қабілетті ескеріп қарау қажет», деді Д. Оспанова.

Динара Төлеуқызы ата-ананың қалауы мен баланың қызығушылығының сәйкес келмеуі – мамандық таңдауға тікелей әсер ететін мәселе екенін атап өтті.

«Көбіне оқушы ата-анасының пікіріне көнеді. Бірақ ішкі қалауы ескерілмегендіктен, кейін оқу барысында қызығушылығы төмендейді немесе мамандықты толық меңгеруге құлықсыздық танытуы мүмкін. Мұндай жағдай адамның кәсіби жолына да ұзақ уақыт әсер етеді. Өйткені өзіне жақын емес саланы оқу және кейін сол салада жұмыс істеу қосымша қиындық туғызады», деді профориентолог.

Мамандардың пікірінше, бұл мәселені жүйелі түрде азайту үшін мектеп қабырғасындағы кәсіби бағдар беру жұмысын сапалы ұйымдастыру қажет. Егер білім беру мекемелерінде оқушылардың жеке қабілетін нақты бағалауға жағдай жасалып, мамандықтардың нарықтағы болашағы мен ерекшеліктері тұрақты түсіндірілсе, түлектердің таңдауы да барынша саналы сипат алмақ. Сонымен қатар бұл үдеріске ата-аналарды да тартудың маңызы зор. Отбасы тарапынан қолдау көрсету барысында мамандықтың қоғамдағы беделіне (танымалдылығына) емес, жасөспірімнің нақты икемділігі мен әлеуетіне басымдық берілгені жөн.

Қоғамға профориентологтар өте қажет - Динара Төлеуқызы

Маман кәсіби іс-тәжірибесінде кездескен осындай мысалдардың біріне тоқталды.

«Жаздың ортасында онлайн кеңеске Алматы қаласынан 10 сынып оқушысы анасымен бірге жазылды. Кеңес кезінде бағыты анықталды. Нәтижемен анасы келіскісі келмеді. ҰБТ дайындығын өткізетін орталыққа баласын қорытындымен жанаспайтын бағыт бойынша тіркепті, олар бір жыл бойы дайындаған. Ал 11-сыныпта орталықта бақылау тесттерін тапсырған кезде нәтижесі төмен болған. Анасы баланың сабақ оқуға зауқы жоқтығын, мотивацияның болмай тұрғанын айтып, тағы бір мәрте көмек сұрады. Тағы бір кеңес өткіздік. Алғашқы кеңесте ұсынылған бағыт қайталанды. Ата-анасы қатты таңырқады», деді ол.

Сол ата-ана өз тараптарынан қате кеткенін түсініп, кешірім сұрап, оқушыны дереу дұрыс таңдалған бағыт бойынша дайындыққа берген екен.

«Дайындық барысында оқушының көңіл-күйі дұрысталып, даярлық жұмыстары да оң нәтиже көрсетіп жатқанын хабарлаған анасы қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмады. Дұрыс бағыт бойынша дайындығы уақтылы жалғасуы арқасында оқушымыз Ұлттық бірыңғай тестін ойдағыдай тапсырып, сәтімен грантқа түсіп кетті.

Кеңесімізге жүгінген осындай оқушыларымыздың келешек мамандығын дұрыс таңдап, қалаған оқуына түсіп кеткенін естігенде өзім де қатты қуанып, бақытты күйге түсемін», дейді профориентолог Динара Оспанова.

Осы тұста айта кетейік, мұндай жағдайлар бірнәрсені нақты көрсетеді. Яғни, балаға дұрыс кәсіби бағдар берілсе, ол өз қабілетіне сәйкес жолды таба алады және ата-анасы да дәлелденіп зерттелген ақпарат арқылы дұрыс шешім қабылдауға бейім болады. Нәтижесінде студент те, отбасы да және қоғам да ұтады.

Мамандық таңдау: Түлектер нені ескеруі керек?

Тағы бір айта кететін жайт, көптеген студент оқу барысында таңдаған мамандығы өзіне сәйкес келмейтінін ұғынып жатады. Профориентологтың айтуынша, бұл – қалыпты жағдай. Өйткені мектепті аяқтаған түлектер келешек кәсібін ерте жасында таңдайды, ал уақыт өте келе қызығушылығы мен қабілеті өзгеруі мүмкін.

«Ең алдымен, студент өзіне нақты сұрақ қойып, мәселенің себебін анықтауы қажет. Кей жағдайда мамандық емес, оқу жүктемесі, белгілі бір пәндердің қиындығы немесе психологиялық қысым әсер етуі мүмкін. Ал егер саланың өзі қызықтырмаса, онда бұл – маңызды белгі», деді Динара Төлеуқызы.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда студентке басқа бағыттарды зерттеп көрген жөн. Қазіргі университеттерде қосымша мамандану, elective пәндер, minor бағдарламалары және академиялық мобильдік мүмкіндіктері қарастырылған, бұл – студентке өз қызығушылығын анықтауға септеседі. Сонымен қатар теория мен практиканың айырмашылығын да ескеру маңызды. Кейде студентке оқу үдерісі ұнамауы мүмкін, алайда мамандық бойынша жұмыс тәжірибесі қызықты болуы ықтимал. Сондықтан еңбек тәжірибесінен өту, еріктілік жобаларға қатысу немесе part-time жұмыс істеп көру пайдалы.

«Егер студент өзіне басқа бағыт жақын екенін нақты түсінсе, мамандық ауыстырудан қорықпауы керек. Бұл – қателік емес, кәсіби тұрғыда өзін іздеу үдерісі. Ұнамайтын салада ұзақ жыл жұмыс істегеннен гөрі, уақытында дұрыс шешім қабылдау әлдеқайда тиімді. Ең бастысы – студент қоғамның немесе айналасының қысымымен емес, өзінің қызығушылығы мен қабілетіне сүйене отырып шешім қабылдауы қажет», деп түйіндеді Халықаралық бағыт-бағдар берушілер бірлестігінің мүшесі, профориентолог Динара Оспанова.

Соңғы жаңалықтар