Спорт • Бүгін, 07:45

Жарыс күнделігі

3 мин
оқу үшін

Үстел теннисінен Швецияның Хельсингборг қаласында өткен «WTT Youth Contender» турнирінде (U19) Алан Құрманғалиев топ жарды. Жарыс барысында Хьюго Джобс (Швеция), Обад Таббах (Швеция), Балаж Поор (Мажарстан), Абхинандх Прадхивадхи (Үндістан), Ян Мругал (Польша), Йохан Хавстинді (Дания) жолынан ығыстырған жерлесіміз финалда Самуэль Михнудан (Польша) 3:1 есебімен басым түсті.

Жарыс күнделігі

Сурет: olympic.kz

  • Қазақ шахматшысы Бибісара Асаубаева (51.30 ұпай) «FIDE Women’s Circuit» рейтингінде көш бастады. Ослодағы «Norway Chess Women-2026» турниріне дейін ол төртінші орында тұрған еді. Екінші, үшінші сатыға қытайлық Чжу Цзиньэр (39.83) мен үндістандық Вайшали Рамешбабу (29.70) жайғасты. Ерлер арасында алғашқы екі орынды Өзбекстанның қос өрені – Нодирбек Абдусатторов (56.17) пен Жавохир Синдаров (57.70) олжаласа, үздік үштікті америкалық Фабиано Каруана (54.58) түйіндеді. Бұл рейтингтің басты ерекшелігі – маусым қорытындысында алдына жан салмаған ойыншы бірден «Үміткерлер турниріне» жолдама алады.
  • «World Boxing» федерациясы ерлерден кейін әйелдердің де рейтингін жаңартты. Еліміздің құрама командасы мүшелері арасында 70 кг салмақтағы Наталья Богданова ғана көш бастап тұр. Назым Қызайбай (48 кг) мен Аида Әбікеева (65 кг) – 2, Надежда Рябец (80 кг) пен Дина Исламбекова (+80 кг) 3-орында. Сондай-ақ ТОП-10-дықтың қатарында мына бұрымдылар бар: Алуа Балқыбекова (51 кг) мен Виктория Графеева (60 кг) – 4, Елдана Тәліпова (+80 кг) – 5, Әйгерім Сәттібаева (48 кг) – 8, Гүлсая Ержан (80 кг) – 9, Валентина Хальзова (75 кг) – 10-орын.
  • Жапонияда «WR Women’s Chess Tour 2026 – Tokyo Asian Leg» турнирінің бірінші кезеңі аяқталды. Рапидтен өткен сайыста Алуа Нұрман күміс медаль иеленді. Ширек және жартылай финалда болгариялық Антоанета Стефанова мен ресейлік Катерина Лагноны ұтқан ол шешуші сында үндістандық Вайшали Рамешбабуге есе жіберді.
  • Шорт-тректен еліміздің ұлттық құрама командасының бас бапкері болып Азамат Сұлтанәлиев тағайындалды. Коньки спортының тізгінін Александр Жигин ұстады.
  • Көркем гимнастикадан Овьедо қала­­сында ұйымдастырылған Испания­­­ның клубтық чемпионатында Ақмарал Ерекешева қос қола медальға қол жеткізді. Қазақ қызы «таспа», «шығыршық» жатты­­­ғу­­­­ларында көзге түсті.
  • Римдегі Гран-при турнирінде отан­дық таеквондошылар тегіс ұтылды. Бәсе­­ке­де Самирхон Абабакиров (68 кг) пен Бейбарыс Қаблан (+80 кг) ширек финалға дейін жетсе, қалғандары алғашқы айналымдардан аса алмады.
  • Түркістанда байдарка мен каноэ есу­ден жастар мен жасөспірімдер арасын­­да­­ғы Азия біріншілігі өз мәресіне жетті. Жарыста еліміздің құрамасы 41 жүлде (20 алтын, 17 күміс, 4 қола) олжалады. 
Соңғы жаңалықтар