Әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге бөлінген
Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, күн тәртібіне сәйкес бес мәселе қаралды. Алдымен депутаттар 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді тыңдады.
Алғашқы баяндамашы, Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, былтырғы бюджет кірісі 21,4 трлн теңгені құрап, жоспар 99 пайызға орындалған. Мәселен, өткен жылы өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталса, әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге жұмсалған. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, әлеуметтік қолдау және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған.
Ұлттық жобалар аясында 198 мектептің, 655 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталыпты. Сонымен қатар 10 мыңнан аса студентке арналған 30 жатақхана пайдалануға берілген. Халықтың әлеуметтік осал топтарын баспанамен қамтамасыз ету үшін 5 141 тұрғын үй сатып алынған.
Былтыр 980 шақырым инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желісі салыныпты. Республикалық маңызы бар 9 мың шақырым жол, жергілікті 4 мың шақырым торап жөнделген. Ал агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 1,1 трлн теңге бағытталған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 172 млрд теңгеге артық.
Бюджеттің меншікті кірісі бір жылда 1,8 трлн теңгеге көбейген. Салықтық түсімдер де айтарлықтай өсіп, 17,5 пайызға (2,2 трлн теңгеге) артқан. Министрдің сөзіне қарағанда, экономика 6,5 пайызға өсті. Оған көлік, құрылыс, тау-кен өнеркәсібі және сауда салалары негіз болған.
– Бұл ретте инфляциялық қысым сақтала отырып, 12,3% деңгейінде қалыптасты. Орташа айлық жалақы 442 мың теңге деңгейінде болса, жұмыссыздық деңгейі жыл бойы тұрақты 4,6%-ды құрады. Мемлекеттік борыш белгіленген деңгейде тұр. Жыл қорытындысында ішкі жалпы өнімнің 22,8 пайызын немесе 36,4 трлн теңгені құрады. Ұлттық қордың активтері 2025 жылдың аяғында 73,8 млрд долларға жетті. Республикалық бюджеттің кірістері, жоспардан 99 пайызға орындалды, – деді М.Такиев.
Десек те, бюджетке жоспарланған көлемнен 335,6 млрд теңге аз қаражат түскен. Бұған мұнай бағасының төмендеуі, экспорт көлемінің қысқаруы, ірі кәсіпорындардан түсетін салықтардың азаюы әсер еткен.
– Жыл қорытындысында мұнайдың орташа бағасы болжанған 75 доллардың орнына 69 доллар болды. Сонымен қатар экспорт көлемі 1,7 млрд долларға қысқарды. Бұған қоса геосаяси ахуалдың әсерінен елдегі 134 ірі кәсіпорыннан түсетін салық көлемі 709 млрд теңгеге немесе 36 пайызға азайды, – деді ол.
Мемлекеттік қарызымыз – бақылауда
Депутат Ерлан Стамбеков мемлекет халықтың несие жүктемесін азайту боынша қатаң саясат жүргізіп жатқанымен, өзінің борыштық жүктемесін арттырып отырғанына назар аударды.
– 2025 жылы үкіметтік қарыз өткен жылмен салыстырғанда 4,8 трлн теңгеге өскен. Бұл ретте тартылған қаражаттың едәуір бөлігі экономиканы дамытуға емес, қолданыстағы міндеттемелерді қайта қаржыландыруға және шығыстарға жұмсалып жатыр. Егер біз азаматтардан қаржылық тәртіпті талап етсек, мемлекет деңгейінде де мұндай тәртіп бірінші кезекте қамтамасыз етілуге тиіс, – деді ол.
Қаржы министрі Мәди Такиев қаржылық тәртіпті тек азаматтар мен бизнес қана емес, мемлекет те сақтауы керек деген пікірмен келісті. Алайда ол мемлекеттік қарыз деңгейі мен оған қызмет көрсету құнын бөліп қарау қажет екенін айтты.
– Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 36,4 трлн теңгені немесе ІЖӨ-ге шаққанда 22,8 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш ІЖӨ-нің 32 пайызы көлемінде белгіленген шекті деңгейден төмен болып қалып отыр. Бүгінде мемлекеттік қарызды басқаруға болады, әзірге ешқандай кері әсерін көріп отырған жоқпыз, – деп жауап қайырды министр.
Ұлттық қор қаражаты мақсатсыз жұмсалмауы керек
Есептер тыңдалып, талқылаулар аяқталған соң, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бюджет саясатына қатысты бірқатар жүйелі мәселеге назар аударды. Оның айтуынша, былтыр Үкімет ауқымды жұмыс атқарып, ел экономикасында тұрақты өсім сақталған.
– Ішкі жалпы өнімнің өсімі болжанған көрсеткіштен де, былтырғы деңгейден де жоғары болды. Ұсынылған есептер экономиканың дамуында тұрақтылық бар екенін көрсетіп отыр. Биылғы есептің ерекшелігі сол – Парламент алғаш рет мемлекеттік борыштың жай-күйі, бюджеттен тыс қорлар және квазимемлекеттік сектор қызметі туралы кең көлемде ақпарат алды. Бұл талқылаудың мақсаты – кінәліні іздеу емес. Басты мақсат – алдағы жұмысымызға қажетті шешімдерді анықтап, бюджет саясаты мен заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлеу, – дей келе Е.Қошанов жаңа Бюджет кодексі аясында Үкіметке Парламенттің қатысуынсыз бюджет шығыстарын 15 пайызға дейін түзету құқығы берілгенін еске салды.
Алайда мемлекеттік органдар бұл мүмкіндікті шамадан тыс пайдаланып отырған көрінеді. Кейбір салаларда шығыстар көлемі 59 пайызға дейін өзгертілген. Жалпы алғанда, өткен жылы бюджетке сегіз рет түзету енгізілді. Бұл бюджеттік бағдарламаларды бастапқы жоспарлау жеткілікті деңгейде пысықталмағанын көрсетеді. Мәжіліс төрағасы болашақта Бюджет кодексіндегі бұл норманы қайта қарап, бюджеттік түзетулердің нақты шегін белгілеу қажет екенін жеткізді.
Сондай-ақ ол былтыр даму бюджетінің үлесі 8,1 пайыздан 6,4 пайызға дейін қысқарғанын, сонымен қатар жоспарланған инвестициялық жобалардың бестен бірі аяқталмай қалғанын еске салды.
– Елдің ұзақмерзімді экономикалық өсімінің негізі – инфрақұрылымға, өндіріске, инновацияға және адам капиталына салынған инвестициялар. Алайда осы бағыттағы даму бюджетінің тиісті деңгейде орындалмай жатқанын көріп отырмыз. Мемлекеттік шығыстарда қазіргі мәселелерден гөрі елдің дамуына бағытталған жобаларға басымдық берілуі керек. 2025 жылы көшелер мен саябақтарды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру сияқты жобалар Ұлттық қор есебінен қаржыландырылған. Бұл Ұлттық қор қаражатын пайдалану саясатына түбегейлі қайшы келеді. Ұлттық қордың қаржысы тек мемлекеттік маңызы бар стратегиялық жобаларға бағытталуға тиіс, – деді Мәжіліс төрағасы.
Осыған байланысты Е.Қошанов Үкіметке Ұлттық қор есебінен қаржыландырылатын жобаларға қосымша мониторинг жүргізіп, тиісті қорытынды шығаруды ұсынды. Ол бюджет кірістерін жоспарлау сапасына да сын айтты.
– Бюджет кірістерін жоспарлау кезінде іс-шаралардың жеткілікті деңгейде ойластырылмағаны байқалады. Бюджет кірістері экономиканың оң өсім қарқынынан қалып қойып отыр. Бұл мәселе депутаттар тарапынан да өткір сынға ұшырады, алдағы уақытта бюджет кірістерін барынша объективті әрі сапалы жоспарлау қажет, – деп сөзін түйіндеді Мәжіліс төрағасы.
Мәжіліс жаңа келісімдерді ратификациялады
Бұдан кейін Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Қазақстан мен Халықаралық Қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді («Экономиканың инклюзивті және орнықты өсуі» даму саясатын қаржыландыруға арналған екінші қарыз) ратификациялау туралы жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Одан соң депутаттар Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы елшіліктердің, сондай-ақ екі мемлекеттің Төтенше және өкілетті елшілері резиденцияларының мұқтаждықтары үшін Астана және Бішкек қалаларындағы ғимараттар мен жер учаскелерін өзара өтеусіз пайдалануға беру туралы келісімді ратификациялауға келісті. Оған сәйкес Қазақстан мен Қырғызстан екі ел аумағындағы дипломатиялық объектілерді өзара өтеусіз пайдаланады. Мүлік 49 жыл мерзімге беріліп, кейіннен осы мерзімді ұзарту мүмкіндігі қарастырылады.
Елімізде қалдықтарды басқару және қайталама ресурстарды қайта өңдеу ережелері жаңарады. Осыған қатысты «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат Мәжілісте екінші оқылымда қабылданды. Парламент депутаттары бастамашы болған заң саланы цифрландыру, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру, көміртекті офсет тетіктерін дамыту, өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері қағидатын іске асыру, сондай-ақ Ұлттық гидрометеорологиялық қызметтің жұмысын жетілдіру шараларын көздейді.
Отырыста қоршаған ортаны қорғауды күшейтетін заң да қаралды. Құжатта ішкі көміртек нарығын дамытуға бағытталған түзетулер бар.