Кітап оқуды кеңінен дәріптеуді көздеген кездесуді колледж басшысы Мырзабек Күжімов жүргізді.
Кездесу барысында Қойшығара Салғараұлы бала күнінен кітапты көп оқып, соның арқасында жазу өнеріне бейім болғанын айтты. Кейінгі жазған кітаптарындағы бұрын айтылмаған тарихи жаңалықтар туралы баяндады.
– Мен журналиспін, – деп бастады сөзін қаламгер. – Тарихшы боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Бірақ кейін халқымыздың тарихы туралы біраз дүниені оқып, оған көп қиянат жасалғанын көрдім. Шынында, тарихымыз отарлаушы елдердің ығында жазылды. Соның салдарынан көп бұрмаланған, – деді ол.
Сонымен қатар Қойшығара Салғараұлы жастарға жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбекпен достығы жайында да әңгімеледі.
«Мені Ақселеумен тағдырдың өзі табыстырды. Екеуміз қазіргі «Egemen Qazaqstan» газетінде бірге істедік. Бір үйде тұрдық. Сырлас дос болдық. Бірде Ақселеу: «Қойшеке, екеуміз Алматыға жазушы боламыз деп келдік. Жұрт қатарлы екі-үш жинағымыз жарық көрді. Әдебиет – төрт құбыласы түгел елге эстетикалық тәрбие беруге таптырмайтын құрал. Ал біз секілді бодан болған елдің ұрпағын тәрбиелеуге танымдық дүние қажет. Екеуміз де көркем шығарма жазып жүрміз. Бірақ біздің жазғанымыз жауһар емес екенін білеміз. Ал ортақол жазушыға қазақ кенде емес. Сондықтан халыққа пайдамызды тигізетін жұмыс істейік», деді. Бұл ой мені де қажап жүретін. Оның айтқанымен бірден келістім. Сөйтіп, Ақселеу «Күңгір-күңгір күмбездерді» жазды. Мен «Алтын тамырды» жаздым. Екеумізді де осы еңбектеріміз елге танытты», деді ол.