30 Маусым, 2015

Ұлты ұлықтаған ұлы ақын

864 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қадір Мырза Әлі«Біткен істің міні жоқ, бітірген ердің кемі жоқ» деген осы. Аз ғана уақыт арамыздан ғайып болып, бәрімізді қатты сағындырған қайран ақынның асыл дидары, міне, көз алдымызда. Бұған бәріміздің көңіліміз толып, шын мерейленіп, көз айдын болып отырмыз. Қонақжай Орал төріне аттап тұрғанымыз бір бұл емес. Соның тек үшеуіне ғана аяулы Қадыр досыммен бірге келіппін. Біреуінде қала тұрғындары даңқты жерлестері келген-кеткенінде түсіп тұрcын деп үй салыпты. Соның ауласында, кеудемізді самалға тосып, бір кеш әңгіме-дүкен құрғанбыз. Қалған екеуінде Сырым батырдың тойына келдік. Екеуінде де әншейінде жайма-шуақ жататын Ақжайық өңірінің ауа райы аяқ астынан нілдей бұзылып, екілене жел көтерілген-ді. Сонда қасымдағы Қадырға көзім түскені. Ол әйгілі бабасының хан ордасын көргенінде бөрідей килігетін дауылпаз мінезін бірден танып, қос білегін кеудесіне айқара құшып, уда-дуда жалбыр шашын одан сайын дудыратып, дүрліккен дүниеге қасқая қарап, қатқан да қалған. Сол тұрысынан Қадырдың қайсар да өжет мінезін таныдым. Енді, міне, оның сол бір ержүрек бейнесі осы арада мәңгі-бақи орын теппекші. Қадырдың томағасын сыпырған тұйғындай жан-жағына өршелене шүйліккенін 1958 жылы маусым айында Қазақ университетінде диплом қорғағанында көрген едім. Қарша бораған қыршаңқы сауалдардың оң келгенін оңынан, сол келгенін солынан қақшып түсіп, бәріне де қиқарлана жауап қайтарған-ды. Студенттер ғана емес, ақ бас профессорлар да ауыздарын ашып, көздерін жұмып, бастарын шайқасқан. Ол кезде Қадыр жаңадан таныла бастаған балалар ақыны еді. Оның айтқыр да тапқыр шығармаларын балалар түгілі үлкендер де қызыға оқитын. Сөйте тұра, диплом жұмысын балалар поэзиясынан емес, сол тұста басы дауда жүрген лирикадан қорғады. Біз бұдан жас ақынның өз болашағын лирикамен байланыстырғанын және оған тыңғылықты әзірленіп жатқанын аңғардық. Бұл нағыз қызыл идеологияның бет қаратпай тұрған шағы еді. Шын ақындарымыздың өздері түгіл өлеңдері қапаста қамалып жатқан-ды. Әр тақырыптың басын бір шалған ол кездің өлең кітаптары сол тұстағы ұн, сабын, айна, тарақ, темекі, кәмпит, ішкиім, шұлық бытысып жататын ауыл дүкендерін есіңе салатын. Соншалықты ыбырсып кеткен поэзия кеңістігін алғаш ретке келтіруді қолға алғандар да Мырзалиев буыны еді. Ол әу бастан өз кітаптарын бір тақырып, бір концепция төңірегіне топтастыруға тырысты. Оған дейін әркімдердің аракідік тиіп-қашты қол тигізгендері болмаса, әдейі қазақ лирикасының өз алдына дербес отау тігіп бөлініп шығуына қызмет еткен ақын кем де кем еді. Бұл жолда да айрықша ыждаһат көрсеткен Мырзалиев буыны болатын. Бұл ретте оның «Ой орманы», «Дала дидары», «Ақ отау», «Домбыра», «Көш», «Жерұйық», «Алақан», «Қорамсақ», «Қызыл кітап» сынды кітаптарының ұлттық лирикамыздың есейіп ер жетуіне сіңірген еңбегі өте зор. Бұлай болатыны Мырзалиев бүкіл жаһанның астын үстіне келтірген екінші дүниежүзілік соғыстың ұрпағы еді. Ежелгі оқымыстылар әдебиеттің анасы өмір де, атасы катарсис деп бекер айтпаған ғой. Ал дүниені дүрліктерген асау катарсистың сүйікті түлектері трагедия мен лирика болып табылады. Соғысқа барған ұрпақ окоп шындығын аршыған трагедиялық романдар жазса, олардың сағыныштан сарғайған ұлдары мен қыздары ол жылдары ауызына құлып салынған лириканы өрбіткен-ді. Тарихты уақытша бөгегенмен, біржолата тоқтатуға немесе басқа арнаға бұрып жіберуге болмайтынын көзбен көрдік. «Білмеймін адамды не қинайды екен, кейде осы дүниеге симай кетем; тот басып, тұрып қалған балтамды алып, келеді кеуек басты талқандағым» – дейтін Мырзалиевтың аяқ асты ашуына түсінуге болады. Бұл, кірленген дүниені тазартқысы, түзеткісі, түлеткісі келген ішкі рухтың, ежелгі катарсистың сілкіне бас көтеруі еді. «Кірленген дүние өз ішін тұра алмас әсте жуынбай!» – деп Абай тектен-текке айтпаған ғой. Соны алдымен түсініп, айрықша қайрат еткен ақынның бірден бірі Қадыр Мырзалиев еді. 1971 жылы поэзиямызда жарқырап көрінген бұл бағытты қуаттап, «Жұлдыз» журналында Қадыр Мырзалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов шығармашылығы жайында «Өлең көкжиегі» дейтін сыни-эссеистикалық очеркімді жариялатқанымда, кейбір қаламдастарым: «Бұл не? Үй ішінен үй тігу ме?» – деп өрепкіп шыға келіп еді. Енді, міне, сол төртеуінің айрықша биік самғауын қалың қазақ түгел мойындады. Үш саңлағымыз өмірден ерте озды. Қадыр Мырзалиев ұлттық руханиятымыздың қақ төріндегі өз орынын өз көзімен көріп, біліп кетті. Оның адам таңғаларлық әдеби феномені айналасына аса зор ықпал жасап үлгерді. Ол бүгінгі және келешек поэзиямыздың жолдан жаңылыстырмас темір қазығы. Мен онымен 17 жасымнан сырласпын. Университеттің әдебиет бірлестігін басқарды. Оқу бітіргесін, ол міндет маған ауысты. фото Р Халелова (236) Әңгіменің шыны керек, Қадыр инемен құдық қазғандай дерлік әрі абыройлы, әрі машақатты ұзақ жолға ақырына дейін шыдады. Ол маған бұл кезде де, сол кезде де нағыз титан – сөз алыбы да, ой алыбы да болып көрінді. Қашан келсем де, қаршығадай қадалып, үстелінде жазу жазып отыратын. Бір парақ қағазды алып, тікесінен екі бүктейтін. Бір бетіне кесте тіккендей қылып, мөлдіретіп жазатын. Ұнамаған жерін өшіргішпен өшіріп, қайтадан жазатын. Ұшқырлап ұштаған бір сауыт қарындаш қарсы алдында самсап тұратын. Кейде телефон соғады. «Өзен бетке келіп кетші!» – дейді. Сылдыр-сылдыр судың дауысы уақыттың калай өткенін білгізбейді. Ара-тұра кітап дүкендерін бірге аралайтынбыз. Алматы мен Мәскеудің қай баспасы қандай кітап шығарғалы жатқанын, оның қай дүкенге түсетінін алдын ала біліп отыратын. Үйі – нағыз кітап мұражайы дерсіз. Гомерден Ақұштапқа дейінгі әлем әдебиеті майталмандары түгел тізіліп тұратын. Ашып қарасаң, асты сызылған сөйлемдерден, тұстарына соғылған әр қилы белгілерден көз тұнатын. Ақын бұл кітаптарға әрі зерек әріптестің, әрі биік бәсекелестің қырағы көзімен үңілгендей. Кейде өзі ештеңе жазбағандай, өмірін тек кітап оқуға арнағандай көрінеді. Ондай кезде Мырзалиевтың өз кітаптарына үңілгейсіз. Жазғанда қандай! Қараны қандырып, төрені төндіріп тұрып жазған! Оның кітаптары әлем классиктерінің қайсысымен де қатар тұра алады. Қадырды білмейтін қазақ жоқ. Шығармаларына ең көп сілтеме жасалатын үш автор бар. Оның бірі – Халық, бірі – Абай, бірі – Қадыр. Осы үшеуінің сөзімен тұздықталмаған әңгіменің дәмі кірмейтіндей. Қаламдас бір ініміздің «Қазақтың қадірін білу үшін қазақтың Қадырын білу керек» деген сөзі сондықтан айтылған. Мінекей, сол Қадыр Мырзалиев тарих төріне ешқандай жау-жағалассыз, дау-дамайсыз бейбіт аттап отыр. Бүгін біз ашып отырған өз атымен аталатын орталыққа кіріп-шығып жатқан жұртшылыққа: «Аман қалған шабуылдан жүздеген, батыр халық екенбіз ғой біз деген; аямаған жұртқа нанын, тұзбенен, жомарт халық екенбіз ғой біз деген; айтысатын ақсақалмен, қызбенен, ақын халық екенбіз ғой біз деген; болашақтан бір де күдер үзбеген, жарқын халық екенбіз ғой біз деген!» – деп тұрғандай. Ұлы ұлтты ұлықтады деген осындай болады. Ұлты ұлын ұлықтады деген де бүгінгідей болмақ. Ұлты ұлықтаған ұлы ақын мәңгі-бақи өлмек емес. Мырзалиев орталығына қойылған әр бұйым, әр кітап, әр құжат сезіміңді серпілтіп, жігеріңді тасытады. «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді!» деген осы екен ғой!» – дейсіз. Айтпақшы, бұл да Қадырдың сөзі екен ғой. Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ.