30 Маусым, 2015

Түркі әлемі ғалымдарын біріктіретін жаңа одақ

400 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
жалпы-2 Түркі тілдес мемлекеттер басшылары Бішкекте өткен саммитте түркі дүниесіндегі ғылыми интеграцияны дамытуға уағдаласқан еді. Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен кеше Астанада өткен алқалы жиын сол келісімді жүзеге асыруға жасалған нақты қадам болғаны анық. Басқосу нәтижесінде Түркі әлемі Ұлттық академиялар одағы дүниеге келді. Ал онға жуық түбі бір туыс мемлекеттерден ресми делегация мен бірқатар халықаралық ұйым жетекшілері қатысқан отырыс аталған одақтың тұңғыш құрылтай жиынына айналды. Ұлттық ғылым академия­­лары одағының І құрылтай жиын­ын халықаралық Түркі академия­сының президенті Дархан Қыды­р­әлі кіріспе сөзбен бастады. «Өздері­ңіз­ге мәлім, қазір дүниежүзінде көптеген академия одақтары бар. Олардың басым көпшілігі орналасу аймағына, ортақ мүддеге және туыстық байланыстарға негізделген. Осында отырған бірқатарымыз олардың көпшілігіне мүшеміз. Осыған байланысты, тілі мен тарихы жақын, мәдениеті мен мүдделері ұқсас түркі әлемі үшін де ортақ ғылыми кеңістік қажет. Сондықтан бүгінгі жиынды Байқалдан Балқанға дейінгі аймақта ортақ ғылыми кеңістік қалыптастырып, оның ауқымын кеңейтіп отырған тарихи басқосу деп атауға болады», – деді ол. Дархан Қуандықұлының айтуынша, түркі әлемі тәуелсіз алты мемлекеттен ғана тұрмайды.  «Еуразия кеңістігінде көптеген түркі халықтары бар. Шекара таңдамайтын ғылым халықтарды жақындастыратыны белгілі. Сондықтан бұл одақ кеңістігімізді кеңейтуге мүмкіндік береді. Жиынға Татарстан мен Башқұрт­стан­­ның қатысып, Саха­ның қолдау білдіргені соны айғақ­тайды», – деді жиынға төрағалық етіп отырған Академия басшысы. Түркі әлемінің Ұлттық ғылым академиялары одағын құруға Моңғолия, Мажарстан қатарлы елдер де қолдау көрсетіпті. Ал Моңғолияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сухээ Жагир мырза басқосуға арнайы келіп қатысты. Олардың бұлай қолдау көрсетуі бекер емес. Дархан Қыдырәліше айтқанда: «Аттилаға мекен болған Мажар­стансыз және Күлтегіннің көк тасы тұрған Моңғолиясыз түркі әлемін елестету мүмкін емес». Жаңа одақтың алдында тұр­ған міндеттер барынша ауқым­ды әрі өзекті екені жиын барысында айтылды. Сондай маңызды міндеттердің бірі жайында Дархан Қыдырәлі былай деді: «Түркі елдерінің Ғылым академиялары түрлі сипатта болғандықтан, ғылым да қилы бағытта дамуда. Мәселен, Түркия батыстық бағытты, көпшілігіміз кеңестік жүйені жалғастырып келеміз. Сондықтан, көпжақты ынтымақтастықты қамтамасыз ететін одақ арқылы түркі әлемінің ғылымы да бірізділене түсер еді. Осыған орай түркі әлемінің ғылыми интеграциясының тұжы­рым­дамасын әзірлеген жөн деп ойлаймыз». Өз кезегінде Қазақстан Ұлт­тық ғылым академиясының прези­денті  Мұрат Жұрынов: «Бiздiң бабаларымыз бұрынғы замандардан берi түркi халық­тарының бiрлiгiн аңсаған. Осы бiрлiктiң бiрiншi қадамы ғылым саласынан басталып, ресми түрде қазiр ғана қол қойылды. Түркi дүниесiнде 240 миллионға жуық түркi халықтары тұрады. Түркi мәдениетi мойындалуы керек. Осы тұрғыда бiрлесе отырып, барлық елдердiң ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданса, түркi әлемiне енетiн елдердiң дамуына үлкен септiгiн тигiзедi», – десе, ал басқосуға қатысқан басқа да  ғалымдар өз сөздерінде бұл игілікті шараның мән-мағынасына тоқталып, алда атқарар іргелі істердің де ауқымды екенін атап өтті. Осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын әлем қартасында елеулі өзгерістер болып, тегін көк түркілерден тарататын бірқа­тар жаңа мемлекет тарих сах­насына шыққан еді. Сол сәттен бастап бағзыда «бастыны идірген, тізеліні бүктірген» түркі дүниесінің әлеуеті қайта артып, айбыны асқақтай бас­тады. Бүгінде олар әлемнің қуатты қозғаушы күшіне айналып, жұдырықтай жұмылған үстіне жұмыла түсуде.  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған халықаралық Түркі академиясы осылайша тағы бір үлкен істің ұйытқысы болып отыр. Халықаралық білім және ғылым саласында елеулі жаңа­лық болып саналатын бұл одақ­тың хатшылығының, яғни бас­қарушы органының тізгіні аталған Академияға табыс етілді.  Дауыс беру арқылы төрағаны сайлау кезінде көпшілік тағы да Қазақстан жағына қолдау білдірді. Сөйтіп, Қазақстан Ұлт­тық ғылым академиясының прези­денті Мұрат Жұрынов одақ­тың алғашқы төрағасы болып сайланды. Осылайша, Астанада халық­аралық білім және ғылым саласында елеулі жаңалық болып саналатын жаңа одақ өз жұмысын бастады. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан».