Аймақтар • Бүгін, 08:15

Ойыл ауданындағы екі ауылға газ келді

5 мин
оқу үшін

Биылғы жылдың соңына дейін Ақтөбе облысында 9,8 мың адам тұратын 23 елді мекен орталықтандырылған газ құбырына қосылады деп жоспарланса, оның 14-і өткен жылдардан келе жатқан ауыспалы жоба болатын. Күні кеше Ойыл ауданының Ақкемер және Кемер елді мекендері табиғи газға қосылды.

Ойыл ауданындағы екі ауылға газ келді

Ауыл адамдарының қуаны­шы­на облыс әкімі Асхат Шахаров та ортақтасып, салтанатты рәсімге арнайы келді. «Біз бүгін Ақкемер мен Кемер ауылдары тұрғындары көптен күткен қуанышты оқи­ға­ның куәсі болып отырмыз. Бұл жоба «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Нәтижесінде, 378 адам тұратын 71 үй мен үш әлеуметтік нысан табиғи газға қосылды. Осы мақсатта өңірде жоспарланған жобаларды кезең-кезеңімен іске асыра береміз»,  дейді өңір басшысы.

Төрт жүзге жуық тұрғыны бар Ақкемер ауылы осыдан екі жыл бұрын су тасқынының зардабын көрді. Сәуірде Ойыл өзені арнасынан асып, ауыл адамдарының үйлері мен шаруашылық құры­лы­сы, қора-қопсысы бүлініп, дағ­дарып қалды. Дегенмен, елдің бірлігі мен мемлекеттің қолдауы арқасында апаттың зардабы қысқа мерзім ішінде жойылып, 16 жаңа тұрғын үй бой көтерді, жолдар мен мектеп қалпына келтірілді. Енді тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған тағы бір маңызды қадам ретінде ауылға көгілдір отын жетті. Газ құбырының ауылішілік желісіне алғашқы болып Ақкемер ауы­лының тұрғыны, «Дархан-1» шаруа қожалығының жетек­ші­сі Өтеміс Қожағалиевтің үйі қосылды. Ауылдың өзге де тұрғын­да­ры көгілдір газдың игілігін көре бастап, қуанысып жатыр.

ж

«Мен осы ауылда 35 жылдан бері тұрамын. Осында туып-өстім. Газдың келуі бәрімізге үлкен қуаныш болды. Бұрын ескі үйімізді тезек пен көмір жағып жылынатынбыз. Отынды алдын ала дайындап, пешті үнемі бақылап отыру керек еді. Екі жыл бұрын жаңа үйге көшсек те, пеш жағуды жалғастырдық. Енді газдың келуімен өміріміз айтарлықтай жеңілдейді. Үйіміз жылы әрі таза болады, отын да­йын­дауға кететін уақыт пен күш­тен құтыламыз. Бұл тек қолай­лылық қана емес, отбасы бюд­жетін үнемдеуге де мүмкіндік бе­реді», деді Ақкемер ауылының тұр­ғыны Салтанат Сапиева.

Жасы сексенге таяған зейнеткер Жұмағұл Нұрғалиева да осынау игілікті іске үлес қосқан аза­мат­тарға алғысын білдірді.

«Менің бар ғұмырым осы ауыл­да өтті. Балаларымды өсіріп, 2002 жылы зейнетке шықтым. Бұрын қыста өте қиын болатын. Үйдегі пешке түнде де тұрып, отын немесе көмір салуға тура келетін. Қыс мезгілінде отынға шамамен 180 мың теңге жұмсайтынбыз. Сонымен қатар күл шығарып, отты үнемі бақылауда ұстау қажет еді. Сондықтан газдың келуі – біз үшін үлкен жеңілдік. Енді үйіміз жылы әрі жайлы болады. Осы ар­­ма­нымыздың орындалуына үлес қосқан барлық азаматқа ал­­ғыс білдіремін», деді ауыл тұр­ғыны.

Осы күні Ақкемерге жақын 770 тұрғыны бар Кемер ауылында да газ құбырын қосу рәсімі болды. Көгілдір отын ауылдың 159 үйі мен әлеуметтік нысанына жеткізілді. «АСК–7 НС» ЖШС 207,3 млн теңгеге Ақкемерден Кемерге газ құбырын тартты.  Бұл ауылда  газ желісі ең бірінші болып облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, «Спартак» шаруа қожалығының басшысы Спартак Төремұратовтың шаңырағына қо­сыл­ды. Ауылдың бүгінгі жа­ңа тынысына Кемер тұрғыны Кенжебай Қазмағамбетов  жоғары баға берді.

«Біз басқа ауылдардың газға қосы­лып жатқанын көріп, «шір­кін-ай, бізге газ қашан келер екен?» деп армандайтынбыз. Міне, сол арманымыз орындалды. Қазір біздің жағдайымыз қаладан кем емес. Жолымыз бар, ауызсу мен электр жарығы үздіксіз бері­ле­ді. Интернет тұрақты жұ­мыс істейді. Қалаға небәрі екі са­ғат­та жете аламыз. Болып жат­қан оң өзге­рістерге өте ризамыз. Ел Пре­зи­ден­тіне және облыс әкіміне ауыл тұрғындарына көрсетіп отыр­ған қам­­қорлығы мен қолдауы үшін алғыс айтамыз»,  дейді ауыл тұр­ғыны.

Ауыл ішіне орнатылған газ инфрақұрылымының сапасын облыс басшысы Асхат Шахаров пен ауыл ақсақалдары бірге аралап көрді. Көгілдір отынның келуі тұрмыстық жеңілдік қана емес, сонымен қатар кәсіпкерліктің, әсіресе шаруа қожалықтарының жұмысын жандандыруға үлкен серпін бермек. Жалпы, Ақтөбе өңіріндегі елді мекендерді газдандыру жұмысы мұнымен тоқтап қалмайды. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жыл соңына дейін жоспарланған ауылдарға да кезең-кезеңімен табиғи газ жеткізіледі. Бұл – «Ауыл – ел бесігі» мен өңір­лерді дамыту бағдарламасы бо­йынша іске асырылған жоба.

 

Ақтөбе облысы 

Соңғы жаңалықтар

Жарыстар күнделігі

Спорт • Бүгін, 09:00

Жас ғалымдарға жол ашылады

Ғылым • Бүгін, 08:40

Итіке би

Зерде • Бүгін, 08:35