Астанадағы «Zodiak» клубында бильярдтан қоғам қайраткерлері мен БАҚ өкілдері арасында Ақселеу Сейдімбек атындағы турнир өтті. Бұл шарада бас-аяғы алпысқа жуық елге танымал азамат бақ сынады.
Биылғы шараның ерекшелігі – «Ұлы Даланың Ақселеуі» атты кітаптың жарық көруі. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Қойшығара Салғараұлы кітап жайлы жан-жақты тарқатып айтып берсе, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов Ақселеу Сейдімбек туралы айта келіп, кітапта келтірілген Әбіш Кекілбаевтың әдемі сөзімен түйіндеді.
Турнир шартына сәйкес, қатысушылар жасы алпыстан асқандар – «Ағалар» тобы, алпысқа дейінгілер – «Жастар мен жасамыстар» тобы болып екіге бөлінді. «Ағалар» тобында Төлен Әбдік, Қойшығара Салғараұлы, Намазалы Омашев, Жүрсін Ерман сынды жиырмаға жуық ақын-жазушы мен қоғам қайраткерлері өнер көрсетті.
Ал «Жастар мен жасамыстар» тобында Шархан Қазығұл, Шүкір Шахай, Дәулеткерей Кәпұлы сынды қырыққа жуық белгілі журналист-қаламгер шеберліктерін паш етті. Ойыншыларды жекелей топтарға бөлу үшін арнайы жеребе де тартылды.
Нәтижесінде, «Ағалар» тобынан бірінші орынды финалда жазушы Қойшығара Салғараұлын жеңген профессор Намазалы Омашев иемденсе, үздік үштікті қоғам қайраткері Төлен Әбдік қорытындылады.
«Жастар мен жасамыстар» тобында да бәсекелестік өте жоғары өтті. Жыл сайын аталмыш турнирдің жеңімпазы болып жүрген Шүкір Шахай финалда сүрінді. Оның жолын бұл жолы жас айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров кесті. Бір қызығы, былтыр газетіміздің 95 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған турнирде Қайназаров, тіпті, топтық бәсекеден аса алмаған еді. Сол кезде ол Ақселеу Сейдімбек атындағы турнирге тыңғылықты дайындалып келемін деген-ді. Міне, уәдесінде тұрып, бұл жолы турнир жеңімпазы атанды. Ал үшінші орын тағы бір айтыскер ақын Көпжасар Алдабергеновке бұйырды.
Нәтижесінде, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, оларға кубок пен медаль табыс етілді. Сонымен қатар, қатысушылар турнирдің «Ең сыйлы қатысушысы», «Ең мәдениетті ойыншысы», «Жеңімпаз болуға ерекше ұмтылыс танытқаны үшін» секілді аталымдар бойынша марапатталды.
Алмас МАНАП,
«Егемен Қазақстан».