Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
– Төлен аға, бір сұхбатыңызда оқырмандарыңыздың «Оң қолдағы» махаббат сюжетіне назар аударып, айтпақ ойыңызды тасада қалдыратынын сөз еткен екенсіз.
– Ғылымда генетикалық белгілердің тұқым қуалауы деген бар. Яғни генефондқа түскен ақпарат (пиғыл, мақсат, ауруға бейімшілдік, т.б.) ұрпақтан-ұрпаққа ауысады. Бұл бір жағынан табиғаттың ескертпесі тәрізді. Сен сыртқы әрекеттерің үшін ғана емес, ішкі ниетің мен пиғылдарың үшін де жауап бересің. Өйткені әрекетке ұласпаған ішкі ойларыңның өзі де ұрпағыңа зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан басты идея – адамның ішкі жан дүниесіндегі тазалық, ой әлеміндегі жауапкершілік. Алма қылмыс әрекетін мақсат қылған арғы аталарының бірінің құрбаны болып отыр. Екіншіден, мұндай психологиялық шығарма жазуға италиялық психиатр Чезаро Ломброзоның «Данышпандық пен есі ауысқандық» деп аталатын шығармасы да себепші болды. Онда да осыған сәл ұқсастау бір эпизод бар еді. Бірақ бұл идеяға оқырмандар да, сыншылар да мән бере қоймаған секілді болып көрінді өзіме. Дәрігер жігіт пен Алманың арасындағы сүйіспеншілік бәрін басып кеткен сияқты. Бәлкім, сол да дұрыс болған шығар, адам баласына сүйіспеншіліктен артық не бар?
– «Әке» деген туындыңызда «Әлдеқалай көңілім босап, көзіме ыстық жас тірелді. Бірақ әкемнің қазасына жылағам жоқ. Басқа бірдеңеге. Басқа...» дейсіз. Мұндағы әке қазасына жыламаған кейіпкердің көз жасына не түрткі болғанын білгіміз келеді.
– Бұл шығарма 1970 жылы жазылды. Бұл кез кеңес өкіметінің мәңгіліктей болып дүркіреп тұрған кезі еді. Қазақ өз жерінде азшылықта болды. Қазақ тілінің қолданылу аясы барған сайын тарыла түскен. Қазақ газеттерін орыс газеттерінің аудармасына айналдыру, қазақ мектептерін жауып, қазақ тілін пән ретінде ғана оқыту, «Тың игеру» деген бастаманы сылтау етіп, Қазақстанның солтүстік 5 облысын Ресейге қосу секілді әрекеттер жүріп жатқан кез. Осының бәрі баршамыздың жүрегімізге қайғы әкеліп, елдің болашағына күмәнмен қарауға мәжбүр етті. «Әке» хикаятында осы көңіл күйдің әсері жатыр. Тарихтың небір аласапыранынан аман қалған қазақ ауылы құритын болса, не үшін жер басып жүрміз деген ойлардың болғаны рас. Хикаяттың соңындағы «Әкемнің қазасына жылағам жоқ. Басқа бірдеңеге» деген сөз, «әкенің қазасынан да ауыр қаза бар, ол – елдің қазасы» деген ескертпе. Мұндай ойларды ашып айтпай, астарлап айту – көркем әдебиеттің көп амалының бірі.
– Ата-ана баланы білімді адам болсын деп өсіреді. Алайда «Қыз Бәтіш пен Ерсейіт» шығармасында тәрбиесіз берілген білімнің кемел адам қалыптастырмайтынын байқаймыз. Болатты тұлға етпеген тәрбие ме, жоқ әлде білім бе?
– Адамның адамдық болмысына білімнен де басқа әсер ететін нәрселер көп: отбасы, орта, жекелеген адамдар, тұрмыс, тағы басқалар. Сондықтан адам бойындағы әртүрлі қасиетке осыдан болды деп дөп басып болжам айту қиын. Басты мәселе – өмірде жақсы мен жаманды айыра білу. Теледидардан жиі көрінетін, баспасөзде жиі мақталатын адамдардың бәрі бірдей жақсы емес екенін айыра білу керек. Тіршілікте жасаған қиянатың өзіңмен бірге кетпейтінін, сенен кейін сол қиянаттың зардабын басқа біреу көтеруі мүмкін екенін (бәлкім балаң, бәлкім жарың, бәлкім әкең…) сезінуге тиіспіз.
– Енді жоғарыда айтқан үш шығармаңызға қатысты ортақ оймен мына сұраққа жауап беріп көріңізші. Әдебиет оқырманды тәрбиелей ме, әлде сипаттай ма?
– Тәрбие дегенді тура мағынасында, «педагогика» деп түсінеміз. Ал әдебиет өмірді суреттеу арқылы адам санасына әсер етеді. Сол әсер тәрбиеге де ықпал жасай алады.
– Демек, оқырманды адам ететін – әдебиет, яғни көркем туындылар деп түсінсе бола ма?
– Адамзаттың басын біріктіретін, негізінен, үш құндылық бар. Олар: әділдік, шындық және адамгершілік. Осы үшеуін ұстанған қоғам гуманизм деп аталатын ұлы идеяның жолына түседі. Гуманизм – өзіңді де, өзгені де бірдей қадірлеу деген сөз. Ал біз бәрінен артықпыз, біздің тегіміз асыл, өзгелер бізге жау деп тарихты ерлік аңызына айналдырып лепіру – фашизмнің алғашқы сатыларының бірі. Мен жастардың осы соңғы ұстанымнан аулақ болғанын қалар едім. Ғылым мен білім, адамгершілік, тазалық ең қажет құндылықтар деп есептеймін. Жақсы адам болу үшін дұрыс көзқарас қалыптасуы керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Нұрай МҰҚАН,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті