Сурет: ortcom.kz
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы. Біржан Әлімжанов «Дарын» сыйлығына үміткерлерді ұсыну мен іріктеу талаптары туралы егжей-тегжей айтып берді.
«Үміткерлер талантты, белсенді, шығармашыл, халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдер мен түрлі шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ түрлі салаларда қоғамды дамытуға үлес қосып жүрген 35 жасқа дейінгі азаматтар болуы керек», деді спикер.
Оның айтуынша, «Дарын» сыйлығының лауреаттары арнайы құрылған комиссия шешімімен анықталады. Оларды іріктеу екі кезеңде жүргізілмек. Комиссия уәкілетті органдардың, орталық мемлекеттік органдардың өкілдерінен, ғалымдардан, шығармашыл қызметкерлерден, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, белгілі спорт шеберлері, Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелері қатарынан жасақталады.
«Дарын» сыйлығы ғылым, шығармашылық және қоғамдық қызмет салаларында жемісті еңбегімен көзге түскен, сондай-ақ спортта жоғары нәтижелер көрсеткен дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында тағайындалады. Түрлі салада қатарының алды болып жүрген жастарымыз аз емес. Оларды танып, тек қолдау көрсету қажет», деді Б.Әлімжанов.
Үздік шыққан жастарға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атағы мен төсбелгі табыс етіледі. Өтінімдерді қабылдау 17 қыркүйекке дейін жүргізіледі. Толық ақпаратты Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтынан (mki.gov.kz) алуға болады.
Айта кетсек, әр жылдары «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына әнші Димаш Құдайберген, спортшы Дастан Сәтпаев секілді еліміздің атын әлемге танытып жүрген айрықша дарын иелері ие болған. Биыл олардың қатары жаңа есімдермен толықпақ.