Бекет Тұрғараев еңбек жолын сот және құқық қорғау саласында бастап, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңде құқықтық мемлекеттің негізін нығайтуға белсене атсалысты. Заңгер ретіндегі басты ұстанымы – адалдық, мемлекет мүддесіне беріктік, адам тағдырына деген жоғары жауапкершілік болды. Ол қай қызметте жүрсе де сот билігінің беделі мен қоғамдағы рөлін көтеруге күш салды.
Тұлғаның ел жадында қалуы лауазымымен емес, сол қызметте жүріп жасаған ісімен өлшенеді. Әсіресе тарихи кезеңдерде қабылданған батыл шешімдер мен ел игілігіне бағытталған нақты істер адамның шынайы болмысын айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда Бекет Тұрғараев – іскерлік пен жауапкершілікті өмірлік қағидасына айналдырған қайраткер.
Түркістан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келген Бекет Тұрғараев Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік бітіріп, еңбек жолын Шымкент облыстық сотында тағылымдамашы ретінде бастады. Білімді әрі алғыр жас маман көп ұзамай кәсіби қабілетімен көзге түсіп, облыстық соттың мүшесі болып сайланды. Кейін он екі жыл бойы облыстық сот судьясы қызметін абыроймен атқарды.
1989 жылы Шымкент қаласындағы Дзержинский аудандық халық сотының төрағасы болып сайланған ол құқықтық ағартушылыққа ерекше көңіл бөлді. Оның бастамасымен сот жанынан қоғамдық негіздегі халық университеті құрылып, халық заседательдері мен түрлі сала қызметкерлерінің құқықтық білімін жетілдіруге мүмкіндік жасалды. Нәтижесінде, аталған сот республикадағы үлгілі базалық соттардың біріне айналып, оның жұмыс тәжірибесін тарату жөнінде Әділет министрлігі арнайы қаулы қабылдады.
1992 жылғы 16 қаңтарда Жоғарғы Кеңестің XII шақырылымындағы сессияда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып сайланған Бекет Тұрғараев құқықтық мәдениетті көтеруге бағытталған көптеген бастаманы жүзеге асырды. Оның басшылығымен сот жұмысына компьютерлік жүйе енгізіліп, судьялардың кәсіби деңгейін арттыруға арналған әдістемелік кабинеттер ашылды. Сот мәжілісі залдарына Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би есімдерінің берілуі ұлттық құқықтық дәстүрді жаңғыртуға бағытталған тағылымды қадам болды. Бұл бастама судьялардың рухын көтеріп қана қоймай, халықтың тарихи құқықтық санасын нығайтуға да ықпал етті.
Сот жүйесіндегі жариялылық пен ашықтық қағидаттарын орнықтыруға ерекше мән берген Бекет Тұрғараев халықтың құқықтық сауатын арттыруды басты міндеттердің бірі санады. Оның бастамасымен облыстық соттың құрылтайшылығымен «Заң және заман» газеті жарық көрді. Бұл құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды ағартушылық құралға айналған, республика көлеміндегі алғашқы мамандандырылған құқықтық басылымдардың бірі еді.
Б.Тұрғараев Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болып тұрған кезеңде өңірдегі сот жүйесінің беделін арттыруға зор еңбек сіңірді. Сот жүйесінде жариялылық, әділдік, кәсібилік қағидаларын енгізіп, облыстық сотты республикадағы алдыңғы қатарлы базалық соттардың біріне айналдырды. Судьялардың кәсіби деңгейін көтеру, халықтың сотқа деген сенімін нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытындағы бас-тамалары республика көлемінде жоғары бағаланды. Нәтижесінде, Б.Тұрғараевтың іскерлігі мен ұйымдастыру қабілетін бағала-ған судьялар қауымдастығы оны республика судьялар одағының төрағасы етіп сайлады. Ол судьялар одағының ең жоғарғы марапаты – «Үш би» белгісіне ие болды.
Бекет 2002 жылы «Атқарушылық іс жүргізуді ұйымдастыру мен дамыту туралы» деген тың тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, оны одан әрі тереңдете зерттей келе 2007 жылы «Атқарушылық іс жүргізу құқығының теориялық проблемалары» деген тақырыпта докторлық диссертацияны да сәтті қорғады.
Б.Тұрғараевтың азаматтық тұлғасын айқындайтын ерекше қыры – оның ұлттық руханиятқа деген жанашырлығы. Ол ел тарихын, ұлттық құндылықтарды, қазақ әдебиеті мен мәдениетін қолдауға әрдайым атсалысып келеді.
Бекең Солтүстік Қазақстан облысына барған кезде бұл өңірдің кезінде қазақтың қасиетті топырағы, ұлттың алтын бесігі болғанын, алайда уақыт өте келе қазақтың көптеген тарихи тұлғаларының аты ұмытылып, рух пен сабақтастық әлсірей бастағанын терең сезінді. Осыған орай ол сот жұмысымен ғана шектеліп қалмай, солтүстік өңірдегі қазақ руханиятын қайта түлетуге, ұлттық тарихи сананы қайта жаңғырту ісіне белсене кірісті. «Жеті жарғы» және «Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорын құрып, қазақ халқының даңқты батыры, жырау Қожаберген Толыбайұлының атақты «Елім-ай» жырын, тағы да басқа шығармаларын жарыққа шығарып, оның туған жерді жаудан қорғауда орасан зор үлес қосқан ұлы тұлға екенін халыққа жеткізді. 2013 жылы Қ.Толыбайұлының 350 жылдығына орай Ғылым академиясында «Қожаберген жырау – ұлы дала дауысы» атты халықаралық конференция, Астанада Еуразия университетінде «Ел тұтастығы үшін күрескен қаһарман тұлға – Қожаберген жырау» атты республикалық ғылыми практикалық конференция өткізді.
Кеңестік кезеңде толық бағасын ала алмаған Алаш қайраткерлерінің еңбектерін халыққа қайта таныту бағытындағы бастамаларды қолдап отырды. Мағжан Жұмабаев мұрасын ұлықтау ісіне де үлкен үлес қосып, оның шығармашылығын насихаттау, ақын рухына тағзым ету, әдеби мұрасын жас ұрпаққа жеткізу бағытындағы мәдени шаралардың ұйымдастырылуына қолдау көрсетті. Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал, Сегіз Сері, Шал ақынның еңбектерін жинақтап, кітап етіп шығарып, мәдени ошақтарға, мектептер мен жоғары оқу орындарына, оқырмандар қауымының қолына жетуіне демеушілік жасады.
Бекет Тұрғараев қай өңірде қызмет атқарса да туған жер ұғымын биік қойды. Ол «Туған жерге тағзым» атты акция өтуге бастамашы болып, Қазығұрт ауданы Талдыбұлақ ауылында өзі оқыған бастауыш мектепті жаңадан тұрғызып, оны 9 жылдық орталау мектепке айналдыруға атсалысты. Мектепті толық компьютерлендіріп, кітапханасын ұйымдастырып берді. Қазығұрт ауданының 75 жылдық мерейтойына тарту ретінде «Қазығұрт» атты тарихи-танымдық энциклопедиясының шығуына, сондай-ақ «Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясының да жарық көруіне демеушілік жасады.
Туған жері Сарапхана ауылының маңындағы Шымкент – Ташкент халықаралық күре жолдың бойында 10 гектар жерге жастар саябағын ашып, оған мыңдаған түрлі көркем ағаш егіп, жарық орнатып, тротуар салып, гранит тасқа ұлы Абайдың тәрбиелік мәні ерекше қасиетті қара сөздерін жаздырып, гүлзар баққа айналдырды. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында сол саябақтан «Бабалар рухына тағзым» кешенін ашып, соғыстан қайтпай қалған боздақтар мен соғыстан келіп адал еңбекке араласып, дүниеден өткен ардагерлердің атын мәрмәр тасқа жаздырды.
Б.Тұрғараевтың бастамасымен елімізде көптеген рухани кездесу, ғылыми конференция, тарихи-танымдық іс-шара ұйымдастырылып келеді. Ол қандай қызметте жүрсе де, ел мүддесін жоғары қойып, әділдік пен адамгершілік қағидаларын берік ұстанады.
Бекеңнің еселі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталды. Ол – қазақтың жоғын түгендеп жүретін жомарт жүректі, терең ойлы, өр рухты азамат. Кісілік келбеті кескінделген, парасат-пайымы биік Бекең – шешен ғана емес, қолға алған тірлігін түбіне жеткізетін істің, берік ұстаным мен уәденің де адамы. Бүкіл саналы ғұмырын тынымсыз еңбекке, бар күш-жігерін заң мен тәртіптің нығаюына, еліміздің алға дамуына, әділеттіктің ақ туының биіктей беруіне арнап келеді. Президенттің «адал адам, адал еңбек, адал табыс» деген сөздері Бекеңнің өмір жолына қарап айтылғандай.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері