Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, биылғы 27 маусым, сенбі күні Милан қаласында өтіп жатқан ЭКСПО көрмесінде Қазақстанның ұлттық күні ресми түрде ашылды. Оған Италияға қысқа мерзімдік жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан делегациясы қатысты. Мемлекет басшысы бұдан кейін еліміздің «Expo Milano 2015» көрмесіндегі павильонында болып, Қазақстан-Италия бизнес-форумының жұмысына атсалысты.
Қазақстан ұлттық күнінің ашылу рәсімі ЭКСПО баспасөз орталығында өтті. Осы жиында сөйлеген Елбасы Милан көрмесінің бас тақырыбы болып отырған «Планетаны асырау. Өмір сүруге қажетті қуат» ұранының қазіргі таңдағы маңызының айрықша зор екеніне ерекше екпін салды.
– Таяудағы отыз жылдың ішінде жер бетіндегі азық-түлік тұтыну мөлшерінің екі есеге артқалы тұрғанын ескерсек, адамзат баласы үшін XXI ғасырдағы басты қатерлердің бірі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болатынын пайымдау қиын емес. Біз бұған осы бастан дайын болуымыз керек. Ал аталған проблеманы жеңу үшін осы тұста барлық мемлекеттердің бірлесе күш-жігер жұмсаулары ауадай қажет, – деді Қазақстан Президенті.
Өз сөзінде Мемлекет басшысы біздің еліміздің жаһан жүзіндегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қазірдің өзінде белсене атсалысып келе жатқанына тоқталып өтті.
– Біздің еліміз әр тұрғынға шаққандағы егістік алқабының көлемі жөнінен Австралия және Канада елдерімен қатар алдыңғы орындардың бірін алады. Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі – 215 миллион гектар, бұл әлемдік ресурстың 4 пайызынан астамын құрайды. Табиғи-климаттық жағдайдың әртүрлілігі мен құнарлы топырақ бізге Жер шары тұрғындары үшін бәсекеге қабілетті азық-түлік өндіруші болуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Қазақстан әлемдегі ірі астық экспорттаушы елдердің алдыңғы ондығына және ұн экспортынан бірінші бестікке кіреді. Жыл сайын елімізден Азия елдеріне 6 миллион тоннаға, Еуропалық одақ мемлекеттеріне 2 миллион тоннаға жуық бидай шығарылады. Жалпы, экспортымыздың географиялық ауқымы 70-тен аса елді қамтиды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті республикада «Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы, сондай-ақ, өңдеу секторына жетекші трансұлттық компанияларды тарту жөнінде міндет жүктеу жолымен аграрлық сектордың әлеуетін күшейту бағытында бірқатар мақсатты жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын тілге тиек етті. Осы сөздің сыңайында ол Қазақстанның біртіндеп халықаралық қоғамдастыққа белсене араласып, әлемдік нарыққа азық-түлік жеткізуде жетекші елдер қатарына қосыла бастағанына назар аударды.
– Біз қазір 60 мың тонна етті экспортқа шығару мақсатын алға қойып, осы бағытта нақты жұмыстар жасап жатырмыз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы бұдан әрі. – Қазақстан қазір Қытайдың бастамашы болуымен қолға алынып жатқан «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құру жобасына қатысуда. Ал жақында өткен Астана экономикалық форумында аталған жобаны жүзеге асыруды қамтамасыз етудің ықпалды шараларының бірі ретінде Еуразияның трансқұрлықтық дәлізін құру мәселесі талқыланды.
Қазақстан Президенті келесі кезекте өнімділік қарқынын екі есеге арттыру үшін аграрлық сектор саласындағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді мемлекет ынталандырып отырғанын сөз етті. Ол «Қазақстан: мүмкіндіктер елі» деген атау алған біздің еліміздің көрмедегі павильонында өңірлеріміздің биологиялық жағынан әралуандығы, олардың аграрлық және өндірістік дәстүрлері, сондай-ақ, енгізіліп жатқан озық технологиялары мен жоғары экологиялық стандарттары туралы ақпарат ұсынылғанын атап өтті.
– Астанада 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен өтетін ЭКСПО көрмесіне айрықша көңіл бөлініп отыр. Энергетикалық қауіпсіздік, азық-түлік қауіпсіздігімен қатар, халықаралық ынтымақтастықтың маңызды бағытының бірі болып саналады. Миландағы басқосуда басталған үнқатысу елдердің, халықаралық ұйымдар мен бизнестің арасындағы өзара ықпалдастыққа серпін береді және Астанада жалғасын табады деп сенемін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы бұдан кейін Милан көрмесінің әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбына арналған ұтымды үнқатысу алаңы ғана емес, сонымен қатар, оның әр елдің салт-дәстүрі мен мәдениеті туралы біле түсудің жақсы мүмкіндігінің бір көрінісі болып табылатынын атап өтті.
– Қатысушылар мен қонақтар біздің байырғы мәдениетімізбен және бай тарихымызбен танысып, бүгінгі Қазақстанның жетістіктері мен жоспарлары жөнінде көбірек біле алады, сондай-ақ, қазақтың ұлттық тағамдарының сан алуан мәзірі мен бірегейлігіне баға бере алады. Біздің елді жақынырақ таныған соң сіздердің міндетті түрде 2017 жылы Қазақстанға баруға құштарлықтарыңыз оянатынына сенімдімін, – деді Президент.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы жиналған жұртты Астанада өтетін алдағы көрмеге шақырып, ЭКСПО-2015 көрмесінің табысты өтуіне өзінің жүрекжарды тілектестігін жеткізді.
Басқосуда Италия Ауыл шаруашылығы министрі Маурицио Мартина да сөз алды.
– Бүгін осында қатысып отырғандардың бәріне алғыс айтамын. ЭКСПО-2015 үшін ерекше еңбек сіңірген және осында павильонын ашқан Қазақстанға көптен-көп рахмет, – деді ол. – Елдің көрмедегі табысы орасан зор, оны павильонға келушілердің таусылмас тізбегі де көрсетіп отыр. Біз осы жұмысты сіздермен бірге атқарып отырғанымызды мақтан тұтамыз. Сондықтан Италия үкіметі атынан жасаған жұмыстарыңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Енді Милан шарасының аясында үлкен әлеуеті көрінген жақсы қарым-қатынастың келешекте де жалғаса беретініне үміт артамыз. Біз бүгінде сіздердің елдеріңіздің негізгі коммерциялық әріптестерінің бірі болып табыламыз, біздердің кәсіпорындарымыз, халықтарымыз, университеттеріміз арасындағы қалыптасқан тығыз қарым-қатынасты бұдан да жандандыра аламыз. Сіздерге 2017 жылы Астанада табысты жұмыс жүргізуді тілеймін. Сіздер қолға алып отырған болашақтың энергиясы бойынша өтетін көрменің қазір Миланда көтеріліп отырған азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне де қатысы бар. Бұл бірін бірі толықтырып, жалғасатын тақырыптардың біздің елдерімізді одан әрі жақындастыра түсетініне үміт артамын.
Бұдан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Италия Премьер-министрі Маттео Ренцимен бірге екі елдің ұлттық павильондарын аралап көрді. Екі ел басшылары осы шара барысында Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Осында Қазақстанның павильонына күн сайын орта есеппен 4,5 мың адамнан келіп тұратыны жеткізілді. «Қазақстан: мүмкіндіктер елі» деп аталатын павильон жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден асады. Ол екі қабатты ғимаратта орналасқан.
Екі елдің басшылары павильонмен танысуды Қазақстанның ежелгі дәуірден бергі тарихынан хабар беретін қысқа деректі фильмді көруден бастады. Ал негізгі залға мультимедиялық эскалатормен көтерілді. Өткендегі өмірден бүгінгі заманға жеткен жолдың тізбегіндей болып өрнектелген бұл 20 секундтық сапардың саясында екі қапталдағы ақ-қара гаммалы фотосуреттер арасында сөйлеп қоя беріп, тарих қойнауында қалып бара жатқан жайттардан хабар жеткізіп үлгереді. Бұдан әрі нақты салалар бойынша құрылымдық бөлініске түскен футуристік атмосфера сипатындағы негізгі залдар басталады. Мұнда тақырыптық жағынан бөлінген 6 ротонда тұр. Міне, осы 6 бөлім еліміздің ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы, су мәдениеті, экология, егіншілік салалары жөніндегі экспонаттар мен республиканың өміріне қатысты таңғажайып деректерді жайып салады. Ал экспозициялардың барлығы да интерактивтік және мультимедиалық технологиялар арқылы көрсетіледі. Таныстырылымның соңынан Қазақстанның кешегісінен бүгінгі күніне, одан ЭКСПО-2017-ге жеткен аралықты көктей өтетін тағы бір өте мәнді де мазмұнды фильм көрсетіледі.
Осыдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Маттео Ренци Италия павильонындағы акт залында ұйымдастырылған Қазақстан-Италия бизнес-форумына келді. Екі елдің іскер топтарының қатысуымен өткен жиында жалпы сомасы 500 миллион долларды құрайтын, ауыл шаруашылығы техникалары өндірісіне, машина жасау, азық-түлік, тоқыма өнімдері салаларына, мұнай секторы мен құрылыс жұмыстарына қатысты 20 құжатқа қол қойылды.
Форумда Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, бизнес-форумға қатысып отырған бизнесмендердің көпшілігі Қазақстанда көптен бері жұмыс істеп келе жатқандарын, олардың біздің еліміздегі мүмкіндіктер мен ұзақ мерзімді перспективаларды жақсы білетінін атап өтті.
– Біз сіздердің ашық сұхбатқа, өңірдегі және әлемдегі қазіргі саяси конъюнктураға тәуелсіз сындарлы ынтымақтастыққа деген ниеттеріңізді жоғары бағалаймыз. Әлемдік экономикадағы ахуалға қарамастан, біз болашаққа бірлескен жоспарлар құрып отырмыз. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде табысты жүзеге асырылды және нақты іскерлік жобаға айналды. Осының бәрі біздің бір-бірімізге сене отырып, серіктес ретінде жұмыс істегеніміздің арқасы, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық тұрақты дамып келе жатқанын айтты.
– Өзара тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді, былтыр ол 17 миллиард доллар болды. Италия – Қазақстан экономикасының ірі инвесторларының бірі. 2005 жылдан бері Италиядан келген тікелей инвестициялар ағыны 6 миллиард долларға жуықтады. Қазіргі уақытта біздің елімізде италиялық капиталдың қатысы бар 200 кәсіпорын жұмыс істейді. Өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтып, экономиканың түрлі салаларында ықпалдасу мүмкіндіктерін табу керек деп есептеймін, – деді Елбасы.
Өзінің сөзінде Мемлекет басшысы қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру біздің елдің басты басымдықтарының бірі болып табылатынын және оның солай болып қала беретінін айтып өтті.
– Елімізде жұмыс істейтін сарапшылар мен инвесторлардың бағалауы бойынша, бүгінде Қазақстанда инвестиция үшін Орталық Азиядағы ең жақсы жағдай жасалған. Дүниежүзілік банк республикамызды инвестиция салу үшін ең қолайлы ел екенін мойындады. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық қарыз деңгейі төмен, ал резервтеріміз 100 миллиард доллардан асады, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев елімізде инвесторлар үшін жасалып жатқан жағдайлардың айрықша екеніне де көпшілік назарын аударды.
– Елімізде 10 арнаулы экономикалық аймақ бар. Осы аймақтарда кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіледі. Салық жеңілдіктері қарастырылған. Басымдығы бар салалардағы инвесторлар корпоративтік табыс салығын және жер салығын төлеуден 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылған. Инвесторларға салық заңнамасының тұрақтылығына кепілдік беріледі. Мемлекет экономиканың басымдығы бар салаларындағы нысандарды пайдалануға бергеннен кейін күрделі шығыстардың 30 пайызын өтеп беруге дайын, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті республикамыздың ашық еңбек нарығын қалыптастыруды көздеп отырғанын да айтты.
– Инвесторлардың шетелдік жұмыс күшін қандай да бір квотасыз және рұқсатсыз әкелуге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, әлемнің 10 елінің инвесторлары үшін визасыз режім орнатылған, бұл тізімге Италия да кіреді. Биылғы 15 шілдеден бастап инвесторлар үшін визасыз режімді ұзартамыз. Оның қатары тағы 10 ел – Швейцария, Испания, Бельгия, Венгрия, Монако, Сингапур, Австралия, Норвегия, Швеция және Финляндия елдерімен толығады. Әлемде инвесторлар үшін осындай шарттар ұсынатын мемлекеттер көп емес деп ойлаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан іскерлік ахуалды жақсартуға бағытталған институттық реформаларды жалғастырып жатқанын атап өтті.
– Келесі жылы Астанада Халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Инвесторлар үшін біз инвестициялық мәселелерді сот өндірісі ағылшын тілінде болатын және шетелдік судьяларды тартатын ағылшын құқығының нормаларына негізделген құқықтық реттеуді ұсынатын боламыз. Корпоративтік және жеке табыс салығынан 10 жылға босату, шетелдік мамандарды жеңілдікпен тарту мәселелері қарастырылған. Қазақстанда еліміздің іскер топтарының өкілдері мен шетелдік кәсіпкерлердің жұмысына атсалысу үшін Президент жанынан Шетел инвесторларының кеңесі құрылған. Кеңес түрлі мәселелерді, соның ішінде шенеуніктер тарапынан жасалатын кедергілерді, салық проблемаларын талқылау үшін тұрақты түрде өтіп тұрады, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы инвестициялық тартымдылықты арттыруға көп жағдайда Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысы ықпал етіп отырғанына назар аударды.
– Ең төменгі салықтар, әкімшілік кедергілерді жою, мемлекеттік реттеудің болжамдылығы, инвесторлар мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының тұрақтылығы біздің елді 180 миллион халқы және көлемі 2 триллион доллардан астам ішкі жалпы өнімі бар Еуразиялық экономикалық одақтың алып нарығына кіру үшін ең «жақсы қақпа» ретінде көрсетеді. Біз еліміздің инвестициялық ахуалын бұдан әрі де жетілдіре беретін боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті біздің еліміз жаңа Жібек жолының экономикалық әлеуетін іске асыруға қатысып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, құрылтайшысының бірі республикамыз болып саналатын Инфрақұрылымдық дамудың азиялық банкі құрылды. Бұдан бөлек, Қазақстан тиісті көлік инфрақұрылымын қалыптастырып жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесі энергетика саласындағы озық әлемдік әзірлемелер мен трендтерді көрсету үшін тиімді алаң болатынын атап көрсетті.
– Көрме біздің жемісті ынтымақтастығымызға да қуатты серпін береді. Сіздердің баршаңызды ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға шақырамын. Бүгінгі форум Қазақстан мен Италия арасындағы қарым-қатынастың нығаюы жолындағы тағы бір елеулі қадамға айналатынына сенімдімін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы екі елдің тек экономикалық қана емес, сонымен қатар, мәдениет және білім беру салаларындағы қарым-қатынастар арқылы да тығыз байланыста келе жатқанын еске салып өтті.
Италия Премьер-министрі Маттео Ренци өз сөзінде экономикалық ынтымақтастықпен қатар, екі ел де Жер шарындағы бейбітшілікті сақтау, адамдар арасындағы өзара түсіністік, мәдениеттердің өзара үнқатыусы идеясын жақтайтынын атап өтті.
– Құрметті Президент, мен Сізге қымбатты дос ретінде шын жүректен алғысымды айтамын, – деді Италия Премьер-министрі өзінің сөзінде. – Біздің ЭКСПО-дан эстафета алатын елдің – Қазақстанның биік мәртебелі делегациясының мұнда келуі өте қуанарлық жағдай. Жылдың соңына қарай біз бағытымызды Астана–2017-ге қарай бұратын боламыз. Бұл – шынында аса маңызды оқиға.
– Бүгін мен Қазақстан павильонында қымыз ішіп көрдім. Сосын сіздердің павильоннан шығып келе жатып, біздің, әсіресе, агроөнеркәсіп кешені бағытындағы ынтымақтастығымыздың керемет күшіне көз жеткіздім, – деді Маттео Ренци келесі кезекте. – Италия қазірден бастап осы салаға ерекше белсенділікпен атсалысып жатыр. Біз Астанада тек азық-түлік өнімдері жағынан ғана емес, сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешені жабдық-жарақтары мен өнімдері тарапынан да өзімізді көрсете аламыз. Біз бұл секторда байсалды жұмыс атқаратын боламыз. Милан – Италияның тек экономикалық орталығы ғана емес, сондай-ақ, академия әлемінің астанасы, университеттер қаласы. Біз өзара тәжірибе алмасу үшін басқа университеттермен де жұмыс жасағымыз келеді.
– Азия мен Еуропаның барлық елдері планетамызды экстремизмнен, діни фанатизмнен қорғау жолында ынтымақтасқаны маңызды. Біздер ден қоюға тиісті бірінші элемент – өзара құрмет, көмек және төзімділік арқылы бейбітшілік пен құндылықтарды қорғау жолындағы геосаяси деңгейде бірлескен күш-жігер, – деді Маттео Ренци.
Ол Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тәуелсіздік жылдары Еуропа мен Азия арасындағы «үнқатысу арнасына» айналғанын, іскерлік топтар өкілдері үшін де бұл маңызды жайт болып саналатынын атап өтті. Агроөнеркәсіп пен энергетика саласындағы әлеуетті іске асыру, сондай-ақ, жоғары оқу орындары арасында тәжірибе және студенттер алмасу қажеттігіне тоқталды.
Бизнес-форум барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ пен «Эни Исатай Б.В.» компаниясы арасындағы «Исатай» учаскесіндегі барлау және өндіру жобасына қатысудағы үлесін беру жөніндегі келісім, Инвестициялар және даму министрлігі мен Италияның «Tenaris» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумы, Инвестициялар және даму министрлігі мен Италияның «Metalfar Prodotti Industriali SPA» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумы, Инвестициялар және даму министрлігі мен «Italcementi Group» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумы, «Kaznex Invest» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ пен «Inalca S.p.A.» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумы, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ пен DRILLMEC S.p.A. компаниясы және Аksai Industrial Park LLP арасындағы ниеттестік туралы меморандумы, Астана қаласы әкімдігі, Қазақстанның Машина құрастырушылар одағы және «ANIMA» машина құрастыру өнеркәсібінің Италия қауымдастығы федерациясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумы сияқты бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен де кездесті. Кездесу барысында Астанада болатын халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев Миландағы ЭКСПО-2015 көрмесі Қазақстан тарапына тиісті тәжірибе алу тұрғысынан жақсы мүмкіндік беретінін атап айтты.
– Астанадағы барлық нысандардың құрылысы, уәде еткеніміздей, 2016 жылдың соңына дейін аяқталады. Қаржыландыру қамтамасыз етілді, қажетті мердігерлік ұйымдар іске жұмылдырылды. Бүкіл жұмыс кестеге сәйкес жүзеге асырылуда, оның барысын жеке өзім бақылап отырмын, – деді Қазақстан Президенті.
Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевтың ЭКСПО-2017 жобасының қозғаушы күші екеніне және бұл жағдай оның табыстылығының кепілі болатынына назар аударды.
– Дайындықтың тиісті деңгейде өтетініне және көрменің керемет болатынына шүбәсіз сенімдіміз, – деп атап өтті В.Лоссерталес.
Маусымның 28-і күні Нұрсұлтан Назарбаев Италияның Eni компаниясының бас атқарушы директоры Клаудио Дескальцимен кездесті. Миланда өткен кездесуде компанияның Қазақстандағы қызметінің қазіргі мәселелері қарастырылды және оның елдегі мұнай-газ саласын бұдан әрі дамытуға қатысуының негізгі бағыттары талқыланды. Тараптар, сондай-ақ, Қашаған кенішін игеру аясында тиянақты әрі үйлесімді жұмысты қамтамасыз етудің қажеттілігін атап өтті. Осыған дейін Қазақстан Үкіметінің Қашағанды 2016 жылдың соңында немесе 2017 жылдың басында іске қосуды жоспарлап отырғаны хабарланған еді.
Осымен Мемлекет басшысының Италияға сапары аяқталды. Ал Қазақстанның ұлттық күні 31 қазанға, яғни Милан ЭКСПО-сы жабылғанға дейін созылады.
Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Миланнан.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.