03 Наурыз, 2015

Шәкірттері мақтан тұтқан

460 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ek41.inddБүгінгі өскелең ұр­паққа жан-жақты білім беру ұстаздардан талмай еңбектенуді және ізденуді талап етеді. Сол сенім биігінен көрініп жүрген ұстаздар аз емес. Солардың қатарында профессор Әлмахан Бегенұлы да бар. Саналы ғұмырының басым бөлігін ғылымға арнаған ол өз ұжымының, студент жастардың құрметіне бөленіп келеді. Оның Қазақстан ғылымына қосқан үлесі аса зор. Әсіресе, еліміздің дәрілік өсімдіктер ғылымының дамуына көп еңбек сіңірді. Әлмахан Бегенұлы қазіргі кезде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де табысты еңбек етіп жүр. Ұлы әл-Фарабидің «Шәкіртке ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені, бұлар, жұрт айтқандай, тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді», деген сөзі Әлмахан Бегенұлына бағышталып айтылғандай. – Ол кісінің мінезі қаталдау көрінгенмен, былайғы кезде өте жайдары, талапшыл әрі шәкірт жүрегіне жол таба білетін жан. Әлмахан ағамыздан тәлім-тәрбие алумен қатар, бүгінде біздер ғылымның қыры мен сырына үңіліп, биология ғылымына ден қойып отырмыз, – дейді ғылым кандидаттары Б.Тыныбеков пен Т. Базарбаева. Әлмахан Бегенұлы 1983 жылы «Іле Алатауының биік деңгейіндегі өсімдіктердің морфо-анатомиялық ерекшелігі» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған соң, өзі оқыған қара шаңырақ – Қазақ ұлттық университетінің ботаника кафедрасына оқытушылыққа келді. Содан бері осы жоғары оқу орнында еңбек етуде. Тәлімгер ағамыз биология мамандығының студенттеріне де дәріс оқып, зертханалық сабақтар жүргізеді. Еліміз егемендік алғаннан кейін қазақ бөлімдеріндегі студенттерге аса қажет оқулықтар даярлауға да тікелей атсалысты. Оның авторлығымен 1994 және 2001 жылдары ботаникадан ЖОО-ға арналған «Өсімдіктер морфологиясы мен анатомиясы» оқулығы және «Ботаника тер­мин­дерінің қысқаша орыс­ша-қазақша сөздігі» кі­таптары жарыққа шықты. Сонымен қатар, ол зерт­ха­налық жұмыстарға, дала­лық оқу практикасына, бөлме өсімдіктерін өсі­руге арналған бірнеше оқу құралдары мен нұс­қау­лықтардың, 80-нен ас­там ғылыми мақалалардың авторы. Ғалым «Ризология» бойынша Ве­нада, Ташкентте, Душанбеде, Санкт-Петербургте, Мәскеуде, Тбилисиде және Алматыда өткен ғылыми конференциялар мен симпозиумдарда баяндамалар да жасаған. Бірнеше кандидаттық диссертацияға ғылыми жетекші болды. Әлмахан Бегенұлының фа­куль­теттегі қоғамдық және педа­гогикалық жұмыстары университет басшылығы тарапынан лайықты бағаланып келеді. Университеттің үздік тәрбиеші ұстазы ретінде ол Құрмет грамотасымен, Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ, ол Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондет мүшесі болып сайланды. Ғалым-ұстаз соңғы жылдары өзінің кәсіби саласымен бірге, қоғамдағы әр алуан экологиялық, көгалдандыру, ұлттық құндылықтар, парақорлықпен күрес сияқты өзекті мәселелерге қатысты пікірлерін ашық білдіріп жүр. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады демекші, қоғам дамуында білім мен ғылымды бірдей алып жүру келелі де маңызды мәселе екендігі айқын. Елбасы бүгінде оқытушылар алдына үлкен жауапкершілік жүктеді. Біздер ұстазымыз Ә. Бегенұлымен бірге сол сенімді ақтау жолында еңбек етіп келеміз. Гүлжанат МҰҚАНОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және  табиғатты пайдалану факультетінің аға оқытушысы,  биология ғылымдарының кандидаты. АЛМАТЫ.
Соңғы жаңалықтар