16 Мамыр, 2015

Жарқын жеңісімен құттықтады

262 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына мемлекет, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен сайлаудағы жеңісіне байланыс­ты құттықтаулар әлі де келіп жатыр

Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Джейкоб Зу­ма­дан Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Республикасының Пре­зи­денті болып сайлануына байланысты құттықтаған жеделхат келді, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі. Д.Зума Оңтүстік Африка үкіметі мен халқының атынан шынайы құттықтауын жолдады. «Елдеріміз бен халықтарымыздың арасындағы орныққан қарым-қатынастарға қанағаттанатынымды айтқым келеді. Біздің ұзақ мерзімді қарым-қатынасымыз Сіздің білікті басшылығыңызбен бұдан әрі дамып, өркендей беретініне сенімдімін», – делінген жеделхатта. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Бразилия Федеративтік Рес­пуб­ликасының Президенті Дилма Ру­­сефтен құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Қазақстан Президентінің бас­пасөз қызметі. Д.Русеф құттықтауын бүкіл Бразилия халқының және жеке өзінің атынан жолдаған. «Екіжақты ынтымақтастығымызды нығайту және Қазақстан мен Бразилия ара­сындағы ынтымақтастықтың жаңа мүм­кіндіктерін іздестіру үшін мен Сізбен жұ­мысымызды жалғастыруды қалайтынымды тағы да атап өткім келеді», – делінген құттықтауда. * * * Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Жаңа Зеландия Премьер-ми­нистрі Джон Киден құттықтау жеделхаты келді, деп хабарлады Президенттің бас­пасөз қызметі. Д.Ки Қазақстан мен Жаңа Зеландия әлемдік қоғамдастықтың белсенді мүшелері екенін атап өткен. «Біздің көптеген салаға, соның ішінде ядролық қарусыздануға, жаңғыртылатын энергияға, сондай-ақ, климаттық өзгерістер ықпалына қатысты ортақ мүдделеріміз бар», – делінген хатта. Жаңа Зеландия Премьер-министрі Нұр­сұлтан Назарбаевтың президенттік лауа­зымына, сонымен қатар, Қазақстанға БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұ­рақты емес мүшелігіне сайлануына қатысты науқанға орай табыс тіледі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына әлемнің түрлі елдерінің белді саясаткерлерінен, ха­лықаралық ұйымдар басшыларынан, компаниялар мен ұйымдардың, қо­ғамдық бірлестіктердің жетек­ші­лерінен, сондай-ақ, еліміздің азаматтары­нан құттықтаулар келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспа­сөз қызметі. Атап айтқанда, Сирия Араб Респуб­ли­касының Президенті Башар Әл-Асад Нұрсұлтан Назарбаевты президенттік сай­лаудағы жеңісімен Сирия халқының және жеке өзінің атынан құттықтады. «Қазақстан халқының Сізді Президент ретінде сайлаудағы таңдауы – тұрақтылық, даму және тұтастық бағдарының жалғасуының көрсеткіші, сондай-ақ бүкіл елдің Сізге деген сенімінің айғағы, бұл халықтың бірлігін көрсетеді», – делінген құттықтауда. Бутан Корольдігінің Премьер-министрі Тшеринг Тогбей ел халқының және жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. «Сіздің жеңісіңіз соңғы жиырма жылда қойылған міндеттерге уақытында қол жеткізілгендігінің айғағы, сондай-ақ халық тарапынан Сіздің көшбасшылығыңызға деген сенім мен қолдаудың көрсеткіші», – делінген құттықтауда. Т.Тогбей Нұрсұлтан Назарбаевқа сар­қыл­мас қуат, ал Қазақстан халқына бұдан әрі дамуына және өркендеуіне тілектестік білдірді. БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Жозе Грациано Да Силва өзі басқаратын құрылым мен жеке өзінің атынан Нұрсұлтан Назарбаевты мемлекеттің жоғары лауазымына қайта сайлануымен құттықтап, мықты денсаулық және маңызды қызметіне табыс, ал Қазақстан халқына бақ-береке тіледі. «Жібек жолының бейбітшілік сыйлығы» қорының өкілдері Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамуда табысқа жеткенін, сонысымен бүкіл әлем назарын аударғанын атап өткен. «Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемде мойындалған көрнекті Мемлекет басшысы болып табылады. Оның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті және Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру жөніндегі бастамалары тиісті елдер арасындағы диалог пен консультацияларға, өзара сенімді нығайтуға, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға қосылған қомақты үлес болып саналады. Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ешқандай күмәнсіз бұдан да зор табыстарға жететініне сенімдіміз», – деп жазады авторлар. АҚШ Солтүстік Дакота штатының губернаторы Д.Дэлримпл Қазақстанмен ынтымақтастықтың көптеген ортақ бағыттары бар екеніне тоқталып, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын айрықша атаған. Д.Дэлримпл, сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа ізгі тілегін жолдай отырып, Қазақстан мен Солтүстік Дакота арасындағы сауда мүмкіндіктері әрі қарай дами берерінен үмітті екенін білдірген. АҚШ сенаторы Д.Ховен өзара ықпалдастық қарқыны артып келе жатқанына назар аударған. «Елдеріміздің арасында ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы сауда қатынастарына демеу жасау өте маңызды, соған орай Сіздің қайта сайлануыңызға байланысты мен жемісті ынтымақтастық жұмыстарын бұдан әрі жал­ғас­тыруды тағатсыздана күтемін», – делінген хатта. Ұлыбритания Парламенті Лордтар па­ла­тасының мүшесі М.Доббс Нұрсұлтан На­зарбаевтың президенттік сайлаудағы жеңісі бұдан әрі де Қазақстан халқының бақуатты өмірін қамтамасыз етіп, еліміздің өркендеуі мен жаңа жетістіктерінің дәуірін бастайтынына деген үмітін білдірген. «Сіздің қайта сайлануыңыз Сіздің ел мен Біріккен Корольдік арасында беки түскен достықты нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін», – деп жазады автор. Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі М.Швыдкой өз құттықтауында сайлаудағы айқын жеңіс елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын нығайту және халықаралық беделін арттыру ісіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін Қазақстан халқының мойындауының жарқын айғағы екенін атап өткен. «Өмірдің барлық саласындағы Қазақ­станның табыстары дау тудырмайды. Рес­публика халықаралық гуманитарлық ынты­мақ­тастық саласында да барған сайын маңызды әрі айқын рөл атқаруда, бұл ретте ол төл ұлттық дәстүрлерін де сақтап отыр», – деп жазады автор. «Чалык Холдинг» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы А.Чалык Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік сайлаудағы жеңісінің елдің тыныштығы мен тұрақтылығы үшін маңыздылығын атап өткен. Сондай-ақ, А.Чалык Нұрсұлтан Назар­баев­тың басшылығымен Қазақстанның жан-жақты дамып келе жатқанына, соның арқасында Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел болып отырғанына назар аударыпты. «Фон Рогге қайырымдылық қорының» негізін салушы О.Игалс-Рогге Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстан Президенті лауазымына сайлануымен құттықтап, еліміздің әрі қарай дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жолын жалғастыруына тілектестік білдірген. Бірқатар қоғамдық қорлардың басшылары, Алматының жас белсенділері, сондай-ақ, Қазақстанның мәдениет қайраткерлері өз хаттарында қала жастары атынан Нұрсұлтан Назарбаевты өткен президенттік сайлаудағы жеңісімен құттықтады. «Қазақстан халқына «Нұрлы Жол» атты Жолдауыңызда сіз барлық саланы қамтитын, сондай-ақ, елдің ұдайы дамуын қамтамасыз ететін жаңғырту жолын көрсететін ауқымды өзгерістерді атап бердіңіз. Соған қарап, біз алдымызда тұрған барлық міндеттердің қаншалықты ауырлығын сезінеміз. Кез келген қазақстандық «Мәңгілік Елдің» азаматы болуға лайық деп сенеміз, – делінген хатта. «Менің балалық шағымның аспаны» фильмінде бозбала Нұрсұлтан рөлін ойнаған Е.Әлпиев Мемлекет басшысын Қазақстанның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, Президентке мықты денсаулық, ал елімізге бейбітшілік пен тыныштық тілейді. Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент сай­­лау­ындағы жеңісіне байланысты құт­тықтауларын, сондай-ақ, Алматы облысы Қара­кемер ауылынан Ұлы Отан соғысының ардагері К.Қосақов, Орал қаласы­нан Ардагер мұғалімдер кеңесінің төрағасы С.Иманғалиева, Қарағанды облысы Темір­тау қаласынан В.Хомякова, Қызылорда қаласы­ның тұрғындары Х.Құнанқараев пен С.Шымыр­құлов, Жамбыл облысы Сарыкемер ауылынан Ө.Әбдірейімов, Жамбыл облысы Үлгілі ауылынан Е.Серікбайұлы және Мойынқұм ауылы мектебінің оқушысы А.Мүслімова, Оңтүстік Қазақстан облысы Жаңа тұрмыс ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы №53 мектептің 7-сынып оқушысы Ә.Ұлқожаева, Қарағанды облысы Саран қаласындағы №17 мектептің 6-сынып оқушысы Ү.Серікбаева, Алматы облысы Сарқанд қаласындағы Н.Островский атындағы мектеп-лицейдің 4-сынып оқушысы Т.Өнербаева жолдады. Өлең жолдары арқылы өрнектелген өзгеше тілек-лебіз Алматы қаласының тұрғы­ны Г.Өтеғалиевадан және Алматы облысы Ұзынағаш ауылындағы С.Бердіқұлов атын­дағы мектептің 11-сынып оқушысы З.Ысқа­қо­вадан келіп түсті. Соңғы апталарда келген хат-хабарлармен мұ­қият танысып шыққан Мемлекет басшысы барлық хаттар мен жеделхаттардың авторларына құттықтаулары үшін шынайы алғысын білдіреді.