еліміздегі бірегей кәсіпорын экологиялық жағынан да, бағаның қолжетімділігімен де ерекшеленеді
«Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша «Парыз-2014» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауының бас жүлдесін жеңіп алған «Ахмуддинов» ЖК-нің жетекшісі Сермұхамбет Оралұлын жұртшылық жаңалыққа жаны құмар басшы ретінде жақсы біледі. Ол жиырма жылға жуық жеке кәсіпкерлікпен айналысып жүр.
Күрмеуі қиын саладағы алғашқы қадамын орман пайдаланушыдан бастап, содан бері бар күш-жігерін табиғат байлығын ұқыптылықпен пайдалануға арнап келеді. Оның қоршаған ортаға деген мемлекетшіл көзқарасы мен ұстанымы өзгелерге үлгі етуге тұрарлық. Жеке бас қамы үшін «жұмыртқадан жүн қырқатын» кейбіреулер құсап «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүру – оған жат қасиет. Бүгінде оның иелігіндегі шаруашылық сан-салалы, инновациялық кластердің озық әдістерін игеруге ұмтылысы құптарлық. Мәселен, Қызылжар ауданы орталығындағы ағаш өңдеу цехында жергілікті ақ қайыңнан, теректен ауылдықтар үшін қолайлы баспана салуға арналған құрылыс материалдары мен үйішілік жиһаздар дайындалып, өнімнің 50-ге жуық түрі Астана, Қарағанды, Шымкент, Алматы қалаларына жөнелтіледі. Олардың арасында айыр, күрек, балға, балта саптары, қоршау қадалары, есік-терезелер, тағы басқалары үлкен сұранымға ие. Жылына 25 мың шаршы метр алқаптың жартысына жуығы осы мақсатқа жұмсалып, қалғаны отын түрінде әзірленеді. Ағаш кесілген жерлерге 300-350 гектар жас өскіндер отырғызылады.
Мекке-Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеп келген, бойына имандылық қасиеттер ұйыған азамат халал тағамдар шығаруға да ден қойып жүр. Жұмысшылар асханада тегін тамақтанады. Оларға 7 тұрғын үй арнап салынды. Екі қабатты кеңсе үйі тұрғызылып, Боголюбово ауылында жаңа өндіріс орны ашылды. Сөйтіп, жеке кәсіпорын 40-қа жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етті.
Бірде оған «Қазақстан-2050» Стратегиясында негізгі желі болып тартылған «жасыл» экономика, инновациялық кластер бағдарламалар жайлы талаптар үлкен ой салды. Ал, осы идеяның жүзеге асуына «Орман пайдаланушылар және ағаш өңдеушілер» бірлестігінің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты ретінде қатысқан алқалы жиын түрткі болды. Бір басшының аузынан орман алаңқайларында жылына 40 мың текше метрге жуық ағаш қалдықтарының өртелетінін естіп, еріксіз бас шайқады. Ағаш тілу, өңдеу цехтарында қаншама шикізат қоры ысырап болып жатыр десеңші, деген ішкі таңданысын жасыра алмады. Содан бастап кесілген ағаштардың бұтақ, жаңқа, үгінді сияқты қалдықтарын тереңдетіп өңдеу арқылы биоотын шығару жолдарын тынбай қарастырып, ресейлік кәсіпкерлермен әріптестік ынтымақтастық орнатуды жөн көрді. Нижний Новгород қаласына арнайы барып, «ALB GROUP» компаниясының шикізатты қалдықсыз өңдейтін озық технологиясын көңіліне тоқып қайтты. Оның Елбасы талабына орайластырылып жүзеге асыруды ниет еткен озық инновациялық ұсынысы аймақ басшылығынан қолдау тауып, Индустрияландыру картасына енгізілді.
150 мың гектар орман алқабы бар ауданда 40-тай ағаш цехы болғанымен, бірде-бірінің шикізатты тереңдетіп өңдеуге қауқарсыз екенін ескерсек, ағаш қалдықтарынан қатты отындық түйіршіктер шығаратын зауыттың іске қосылуы ерекше оқиғаға баланары анық. Айтулы шараға арнайы қатысқан «ALB GROUP»ААҚ-ның бас директоры Максим Андреев 110 миллион теңгенің заманауи құрал-жабдықтары орнатылғанын, екі жаққа да тиімді байланыс арқасында екінші кәсіпорын ашуға ниетті екендігін жеткізсе, республикалық орман пайдаланушылар қауымдастығының төрағасы Думан Қыдырбаев әзірге Қазақстанда баламасы жоқ кәсіпорынға Үкімет тарапынан қолдау тетіктерін қарастыруға күш салатындарын мәлімдеді.
– Инновациялық жобаның бірінші кезегі Астана күні қарсаңында іске қосылса, енді толық қуатында жұмыс істеуге көшіп отырмыз. 25 адам жұмысқа орналасты. Кәсіпорын күніне 7 тоннаға дейін 30, 50 килолық картон және полиэтилен қапшықтарға салынған отындық түйіршіктер өндіре алады. Алдағы уақытта Индустрияландыру картасы аясында бу қазандықтары өндірісін өрістетпек ойымыз бар. Сонда биоотынды қолданатын жеке секторлар мен өндіріс орындарының ауқымы ұлғая түсетін болады. Өйткені, ағаш қалдығы мен ағаш үгіндісінен жасалған брикеттердің қызуы күшті, пайдалануға өте қолайлы екенін, жанған уақытта ауаға зиянды қалдықтар бөлінбейтінін, күл өте аз бөлінетінін, оны тыңайтқыш ретінде іске жаратуға болатынын жұртшылық сезініп отыр, – деді тілдескенімізде «Ахмуддинов» ЖК-нің жетекшісі С.Оралұлы.
Оның айтуынша, экономикалық, экологиялық тиімділігі өте зор биоотын түйіршіктеріне түскен тапсырыстар аз емес.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы.