Қазақ жерінен төртінші “Алтын адам” табылды
Кеше газетімізде хабарланғанындай, Қарқаралы жақтан жеткен бұл жаңалық соңғы уақытта археологиялық зерттеулердегі елеулі оқиға ретінде жұрт құлағын елеңдетіп отыр. Табиғаты көркем осы аймақтың әсем тұсы – Кент таулары бұған дейін де ежелгі тарихи жәдігерлердің жиі табылуымен мәлім еді. Енді тастан үйілген обалардың бірі алысқа аян болғалы тұр. Сақ дәуірінің белгілі адамы жерленген қорымнан аршылып алынған алтын бұйымдар Есіктің “Алтын адамы” ескерткішін еске түсірерліктей археология ғылымындағы үлкен олжаға айналды.
Ақын Қасым Аманжолов дүниеге келген тау-тасты, орман-тоғайлы көрікті өңір баурайындағы Ақынбек, Алат, Қараағаш қоныстары түбінен қазылып шығарылған пышақтар, кескіштер мен тескіштер, сүргілер, балталар сияқты еңбек құралдары ертеден назар аудартса, одан кейін ашылған мұралар өңір тарихы тереңдігін айғақтап келген-ді. Қола дәуірінен бастап темір қорытылған пештер орны соның бір жұрнағындай әр тұсынан кездеседі. Бертінгі замандарда қолдан соғылған қорғаныс құрылыстар, қамалдар, діни ғибадатханалар іздері, зираттар көзге анық шалынады. Жанға жайлы, тұрмысқа қолайлы жер бабаларымызға бағзыдан құтты қоныс болғанына дәлел нәрселер аяқ аттаған сайын ұшырасады десек, асыра айтқандық емес.
Иә, Орталық Қазақстан аймағының өткендегісі тұнған сыр. Оған алғаш зерттеу салған академик Әлкей Марғұлан ісін жалғастырушылар қай жылдарда да жаңалықсыз болмай жатады. Ал осы жолғының жөні де, мәні де бөлек. Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты А.Бейсенов бастаған экспедицияның ұзақ уақыттан бергі табанды зерттеуінің нәтижесінде Арқада да “Алтын адам” табылуы еліміз тарихына жаңа бет болып жазылары анық. Көне қабірдегі мүрде жанынан табылған алтын әшекейлер кезінде өз ортасына, бәлки сырт аймақтарға да әйгілі әрі беделді болған жанның барынша безендіріліп, құрметтеліп қойылғанын байқатады. Арман Бейсенов мәлім еткендей, алтынмен апталған 8 жалпақ белдік, солайша бедерленген 82 әртүрлі қапсырма, алтыннан соғылған аңдар бейнелері, серіппелі сымдар, сақина, жүзік тәрізді сәндік заттар, жүздеген ұсақ қабықша, 14 садақ жебесі, тас моншақтар өркендеген сақ мәдениетінен елес береді. Қазба жұмыстары әзірге толық аяқтала қоймаса да табылып отырғанының өзі осынша. Өкінішке қарай, ертедегі ұрылар қол салмағанда мұра бұдан бай болмақ көрінеді. Қай заманда да алтын көз қызықтырмай қойған ба. Қабірдің тоналғанына қарамастан сақталып қалғандарынан зор ғылыми түйін жасауға зерттеушілер үміттері үлкен. Қайталанбас шеберлікпен жасалған бұйымдар қазақ жерін мекендеген көне жұрттардың көркемөнерді биік қадірлегенін дәлелдейді.
– Біздің экспедиция облыстық әкімдіктің қолдауымен Тасмола археологиялық мәдениетіне жататын Талды өзені жағасындағы, Кент таулары баурайындағы қазба жұмыстарын біраздан бері жүргізіп келеді. Әсіресе, қорғандар, обалар басты назарымызда. Өйткені біздің заманымызға дейінгі VІ-V ғасырлардағы сақ дәуірінің із-сілемдері ұлы ұстазымыз Әлкей ата жазып, жобасына сілтеме жасап кеткендей жеткілікті. Мінеки, жолымыз болып, ізденісіміздің сәті жанғандай. Есіктен, Шығыс Қазақстаннан, Атыраудан табылған “Алтын адамға” пара-пар ерекше ескерткіш ашылды. Жалпы алғанда шамалауымызша Кент төскейінде диаметрі 30, биіктігі 2,1 метр 5 қорған бары анықталған. Бұлардың бәрі болмаса да кейбірінен жоғарыда аталғандай қымбат мүліктер табылуы мүмкін, – дейді Арман Бейсенов.
Археологтардың осынау табысын естіген бетте олармен кездесіп, құттықтаған облыс әкімі Серік Ахметовтің зерттеуді жалғастыра беруге жағдай жасауға құлықтылық танытуы олардың ізденіске ұмтылысын ұштап отыр. Тиісті қаржы бөлінбек, көлікпен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуге көмек көрсетілмек.
Қазақстаннан төртінші “Алтын адам” табылуымен арқаланған алматылық археологтар кеше Кенттен Қызыларай тауларына қарай бет түзеп кетті. Бұл жақ та ежелгі ескерткіштерге кенде еместігімен мәлім. Әзірге толық зерттеліп бітпеген Беғазы-Дәндібай мәдениетінің ашылмаған тың беттері бар.
– Кейінгі кезде “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында аймақтық тарихи-мәдени мұраны зерттеу және қорғау жұмыстары жанданды. “Орталық Қазақстанның ерте темір дәуірі ескерткіштері” тақырыбы бойынша Талды қорымдары, Тасмола археологиялық мәдениетінің 6 сақ патша қорғаны зерттелді. Олар сақ мәдениетінің өз кезеңінде жоғары деңгейге жетіп, дәуірлегеніне көз жеткізеді. Алтай, Алатаудан Сарыарқа асып, одан да алысқа созылған сақ патшалығынан қалған мәдениет іздері Қарқаралымен ғана шектелмейді. Соған орай біздің жұмыс ауқымымыз кеңейе бермектігі қуантады, – деп сөзін жалғастырған экспедиция жетекшісі отандық археологияға соны серпіліс есіп отырғанын атады. Ақтоғай ауданына сапар жаз айында қызу қайнар істердің ірісі екен.
Қарқаралыдан табылған құнды жәдігерлер жан-жақты, тиянақты зерттеуге жіберілді. Қазіргі бір қарағаннан гөрі тереңге бүккен сыры көп болуы хақ.
Айқын НЕСІПБАЙ, ҚАРАҒАНДЫ.