16 Мамыр, 2015

Соғыс жылдары жолданған хат

538 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әр кезеңнің өз қаһармандары бар. Ал қиын-қыстау шақта халқын дұшпан оғынан қорғау үшін иығына қару асынып, майдан шебіне аттанған азаматтар – нағыз қаһармандар. Сондай ержүрек ерлердің бірі – Баспақ Ғалиев.

egemen (1)

Ол 1915 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында дүниеге келген. Майдангердің еңбек жолы 1932 жылы комсомолдық қызметтен басталады. Ал 1941 жылдың тамыз және 1945 жылдың қыркүйек айларының аралығы – оның өмір жолына айрықша із қалдырған белесті кезең. Себебі, дәл осы уақытта Баспақ Ғалиев кескілескен шайқастың бел ортасында жүріп, өзге отандастары секілді ерліктің қайталанбас үлгісін көрсетеді.

Соғыс жылдары Баспақ Ғалиев әскери бөлімшенің партия ұйымының жетекшісі бола жүріп, рота командирі міндетін қоса атқарады. 1944 жылы Баспақ Ғалиевтің апайы Кәкен Ғалиеваның атына майдан даласынан жолданған бір хат келеді. Хаттың соңына 33455 пулеметтік полк әскери бөлімшесінің капитаны Бордюков деген азаматтың қолы қойылған екен. Онда: «Сіздің бауырыңызға үлкен құрмет және айрықша алғысымызды білдіреміз! Ол осындай зұлматты кезеңде халық және Кеңес мемлекеті алдындағы борышын асқан жауапкершілікпен атқарып қана қоймай, өзін адалдық секілді адами қасиетімен танытып келеді. Сіз бұл үшін өз бауырыңызбен мақтана аласыз. Ол партиялық ұйымының жетекшісі бола жүріп, өз қызметін сарбаздардың әскери міндеттерін мінсіз атқаруымен шебер үйлестіре білді. Біз осындай қайсар ұлды дүниеге әкелген, оның бойына еңбекқорлық, ержүректік, қайсарлық сынды ізгі қасиеттерді сіңірген ата-анасына алғыс білдіреміз!» деген жолдар бедерленеді.

Иә, әр уақыттың өз қаһарманы болады. Оған халық басына қара бұлттай төнген қиын-қыстау шақта ғана емес, соғыс жылдарынан кейінгі елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайын қайта қалпына келтіру жолында да Баспақ Ғалиев және оның қаруластарының қосқан үлесі дәлел бола алады.

Баспақ Ғалиев 1945 жылы Отан алдындағы борышын адал атқарып, Кеңес әскері қатарынан босатылғаннан соң өзінің партиялық қызметіне қайта оралады. Алғашында нұсқаушы, кейін Еркіншілік аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болады. 1955 жылы аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып сайланады. Оның иығына қандай жауапкершілік жүктелсе де, я болмаса қандай қызмет сеніп тапсырылса да кез келген іске өзінің күш-қайратын, ерік-жігері мен білім-білігін толықтай жұмсай біледі. Өмір жолы да түрлі жауынгерлік және еңбек марапаттарымен айшықталады. Мәселен, майдангердің кеудесіне тағылған «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет Белгісі» ордендері, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», т.б медальдары соның айғағы.

Әкесі жөнінде майдангердің қызы Бағдат Баспаққызы былай деп еске алады: «Менің әкем Баспақ Ғалиев  Сталинград үшін шайқаста екі рет ауыр жараланады. Соған қарамастан, мүгедектігі үшін мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақыларды ешқашан алмаған, бас тартқан 90-шы жылдары ардагерлерге киім-кешектер, қажетті заттар алуға деп арнайы талондар үлестірілген кезде де олардан бас тартқан еді. Балаларына үнемі: «Біздің Отан алдындағы парызымыз бар, ал Отан бізге ешқашан қарыздар емес. Мен түрлі жәрдемақылар мен талондар алу үшін соғысқан жоқпын. Әрбір азамат өз Отанын қасық қаны қалғанша қорғап, оның игілігі жолында аянбай еңбек етуі керек»,– деуші еді. Біз әкеміздің осы аманатын жүрегіміздің түкпіріне сақтауға тырыстық. Әкем туралы Ерейментау ауданындағы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы М. Баймұрынов «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты энциклопедияның 17-ші томына өте әсерлі етіп мақала жазған болатын. Бұл жерлестерінің әкемнің азаматтығына берген бағасы деп санаймын».

Баспақ Ғалиев жары Мапрузамен 5 бала тәрбиелеп, өсіреді. Олардың бойына ең алдымен, отансүйгіштік, ұлтжандылық сынды қасиеттерді дарытуға тырысады. «Біздің ата-анамыз өте бауырмал, ақжарқын, мейірімді жандар еді. Біздер үшін «алыс» немесе «жақын» туыс деген ұғым болмайтын. Біреулер ақыл-кеңес сұрап келсе, енді бірі әлдебір қиындықтарын шешу үшін үйіміздің табалдырығынан аттайтын. Кейбірі біздің отбасымыздан қамқорлық, жанашырлық күтетін. Ондай азаматтар шаңырағымызды ұзақ уақыт бойы паналайтын. Бұлардың барлығы – ата-анамның кеңпейілділігінен деп ойлаймын», – дейді өзінің сөзінде Бағдат Баспаққызы.

Оның айтуынша, Баспақ Ғалиев те, Мапруза Әбділқызы да өз өңіріне сыйлы және еңбекқор жандар болыпты. Бағдаттың әкесінің майдандағы ерлігі ғана емес, анасының еңбексүйгіштік қасиеті де ерекше бағаланып, ұзақ жылдар бойы «Құрмет тақтасында» ілініп тұрған екен.

Бағдат Баспаққызы үшін ата-анасы туралы әрбір естелік құнды әрі қастерлі. Себебі, олардың өмір жолдары, қалдырған өсиеттері осы отбасының келер буынына әрдайым бағдаршам болып қала бермек.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».