03 Наурыз, 2015

«Барыс» Омбының «Авангардын» қатарынан екінші рет жеңді

293 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Барыс-Сибирь 22.02.2015 сурет 01АСТАНА. 3 наурыз. Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде «Барыс» өз айдынында омбылық «Авангардты» 3:0 есебімен жеңді. Осылайша, қос команда арасындағы жалпы есепте астаналықтар 2:1 есебімен алға шықты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Ойынның 5-минутында «Авангард» сапынан Николай Глухов кіші айыппен жазаланып, «Барыс» ойыншы басымдығына ие болды. Өздеріне берілген мүмкіндікті мүлт жібермеген айдын иелері 7-минутта есеп ашып, жергілікті жанкүйерлердің алғысына бөленді. Шайба Глуховтың айдынға шығуына небәрі 4 секунд қалған кезде соғылғанын айта кетейік. Мергендігімен көзге түскен Константин Руденко. Екінші кезеңді «Барыс» хоккейшілері айқын басымдықпен өткізді. Тіпті кезеңнің алғашқы жартысында қонақтар біздің аймаққа мүлдем беттей алмады десек те болады. Тартыстың 29-минутында Найджел Доус есепті еселеп, «Барыс» 2 шайба басымдығына ие болды. Омбылықтар тек шешуші кезеңде ғана жүйелі шабуыл ұйымдастыра білді. Дегенмен, қорғаныста өте сауатты ойнаған Андрей Назаровтың шәкірттері қарсыластарына есепті қысқартуға мүмкіндік бермеді. Есесіне 56-минутта «Барыс» сапынан Дастин Бойд есепті 3:0-ге жеткізіп, ойындағы соңғы шайбаның авторы атанды. Осылайша, Ян Лацо екінші ойын қатарынан қақпасына шайба жіберген жоқ. Бүгінгі ойын барысында Лацо 41 соққыны қайтарғанын айта кетейік. Қос команда арасындағы айқас ертең, яғни, 4 наурыз күні жалғасын табады. Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында өтетін ойын кешкі сағат 19:30-да басталады. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hcbarys.kz.