Зардап шеккендер саны артуда
Бангкокте дүйсенбі күні кешкілік ел астанасы Таиландтың орталығында болған террорлық акт салдарынан қаза тапқандар мен жарақаттанғандар саны арта түсуде.
Жергілікті биліктің соңғы мәліметтеріне қарағанда, жарылыстан 20 адам қаза тауып, 123 адам дене жарақаттарын алған. Полицияның ақпаратынша, қаза болғандардың арасында төрт шетелдік бар көрінеді. Олардың үшеуі ҚХР-дың және біреуі Филиппиннің азаматы. Жарылыс дүйсенбі күні жергілікті уақыт бойынша 18 сағат 56 минутта қаланың дәл ортасында орын алған болатын. Радиомен басқарылатын қолдан жасалған бомба үнділердің Эраван құдайына арналған қасиетті орынның шарбағының жанына қойылған. Бомба жарылған сәтте қасиетті орынға келушілер саны өте көп болған екен.
Немістер арнаулы қызмет бақылауынан сақтануда
Жергілікті және шетелдік арнаулы қызмет өкілдерінің бақылау жасауынан қауіптенген Германияның кейбір тұрғындары микрочиптердегі ақпараттарды өшіріп тастау үшін өздерінің жеке бас куәліктерін микротолқынды пештерде «өңдеуден» өткізуде.
Ғалымдардың төлқұжаттағы микрочип шпиондық әрекет үшін пайдалануға жарамайды дегендеріне қарамастан, көптеген немістер сақтық шараларына баруда. Осылайша, өткен аптада Франкфурт әуежайында 29 жасар ер адам тұтқындалған. Полицияның ақпаратынша, ұсталған адам микрочип оның жеке өмірінің қол сұғылмастығына нұқсан келтіреді деп қауіптеніп, өз құжатын микротолқынды пеште өңдеуден өткізген. Соңғы кездері кейбір әлеуметтік желілерде жеке бас куәлігін қалай өңдеу керектігіне үйрететін бейнероликтер пайда бола бастағаны да белгілі болып отыр.
АҚШ-ты жаңа қарумен қорқытпақ
Солтүстік Корея АҚШ-қа бұған дейін әлемге белгісіз шабуылдаушы құралмен шабуыл жасайтындығын айтып күш көрсеткен, деп хабарлайды CNN агенттігі. Оған АҚШ-пен Оңтүстік Кореяның жоспарланған бірлескен жаттығулары себепкер болып отыр.
КХДР әскери жаттығуларды өткізбеуді талап етуде. Ал, одақтастар болса бұл шара өңірді қорғау және Корея түбегіндегі тұрақтылықты сақтау мақсатын көздейді деген дәлелді көлденең тартуда. КХДР-дың қазіргі армиясы мен халқы бүгінде бұрынғыдай АҚШ-қа қолына винтовка алып қарсы тұратын бейшара жағдайда емес. Ендігі жерде Солтүстік Корея әлемге беймәлім шабуылдаушы және қорғаныс құралдарымен жарақтанған, деп мәлімдеген КХДР Ұлттық қорғаныс комитетінің баспасөз хатшысы. АҚШ атына күш көрсетуді мемлекеттік телеарна жүргізушісі де қайталаған. Ол Солтүстік Кореяның бұл жолы АҚШ-қа оның өз аумағында шабуыл жасайтынын атап көрсеткен.
Келімсектерді елден кетірмек
Америкалық миллиардер Дональд Трамп 2016 жылғы президент сайлауында жеңіске жеткен жағдайда заңсыз мигранттарды елден қуып шықпақ ниетте, деп хабарлайды РИА Новости агенттігі.
Олар кетуге тиіс... Біздің еліміз не болады, не болмайды, деп мәлімдеген Трамп. Сондай-ақ, ол президент Барак Обаманың көші-қон саясаты саласындағы жарлығының күшін жоятындығын да атап көрсеткен. Қоғамдық пікірге жүргізілген сауалнамаға сәйкес, Дональд Трамп әзірге Республикалық партиядан президенттік лауазымға барлық үміткерлерден озық келеді. Бұған дейін ол егер қажет болса өзінің сайлауалды науқанына миллиард доллар жұмсауға дайын екенін хабарлаған болатын. Сонымен бірге, ол жыл сайын өзінің 400 миллион доллар табыс табатынын да жасырып қалмаған көрінеді.
Усама бен Ладеннің баласы шабуыл жасауға шақырды
«Әл-Каида» Батыс елдеріне шабуыл жасауға шақырған Усама бен Ладеннің баласының (болжам бойынша) хабарын таратқан. Террорлық топтың содырлары Twitter-де Хамза бен Ладен деп аталатын адамның бейнехабарын жариялаған көрінеді.
Оның жасы шамамен 23 немесе 24-те. Аудиожазбадағы ер адамның даусы АҚШ пен оның одақтастарына шабуыл жасауға үндеген. Алда тұрған «нысаналар» ретінде ол Лондонды, Вашингтонды, Парижді, Тель-Авивті және Таяу Шығыстың тағы бірнеше қалаларын атаған. Еске сала кетсек, Усама бен Ладен америкалық арнаулы қызметтің жүргізген операциясы нәтижесінде 2011 жылдың мамырында Пәкістанның Абботабад қаласының шет аймағында өлтірілген болатын.
Әлемдегі ең ұзақ рейс жүзеге асырылмақ
Emirates әуе компаниясы әлемдегі ең ұзақ ұшатын рейсті іске қоспақ. Ол бағыт Дубай мен Панаманы жалғастыратын болады.
Ұзақтығы 13,8 мың километрді құрайтын жаңа бағыт бойынша алғашқы ұшу 2016 жылдың 1 ақпанында жүзеге аспақ. Дубайдан Панамаға дейінгі жолға кететін есепті уақыт 17 сағат 35 минутты, ал кейін қарай 15 сағат 45 минутты құрайтын болады. Рейсті Boeing 777-200 LR ұшағының орындайтыны да белгілі болып отыр. Лайнердің бортында бірінші класты сегіз орын, бизнес-класты 42 орын және эконом кластағы 216 орын болмақ. Айта кету керек, бұған дейін 17 сағатқа созылған әлемдегі ең ұзақ ұшуды австралиялық Qantas компаниясы жүзеге асырған болатын. Ол ұшақ АҚШ-тың Даллас қаласынан Сиднейге ұшып барған еді.
Эквадорда төтенше жағдай жарияланды
Эквадор президенті Рафаэль Корреа Котопахи жанартауы оянған ауданда төтенше жағдай жариялады, деп хабарлады AFP ақпарат агенттігі.
Біз Котопахи жанартауының белсенділігіне байланысты төтенше жағдай жариялаймыз. Неліктен мен мұндай шешім қабылдап отырмын. Ол ықтимал зардаптарды шешу үшін ресурстарды қамтамасыз етуге және қажетті күштерді жұмылдыруға қажет, деп атап көрсеткен Корреа өзінің апта сайынғы халыққа арнаған үндеуінде. РИА Новости агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, алдын алу шаралары шеңберінде қазірдің өзінде елдің орталығындағы шағын елді мекендерден шамамен 400-дей адам басқа жаққа көшірілген. Ауаның ластануына байланысты жергілікті тұрғындар медициналық бетперде киюге мәжбүр болуда. Ел астанасынан шамамен 60 шақырым жердегі Котопахи жанартауы өткен жұмада атқылаған болатын.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.