Соңғы жылдары тарбағатайлықтар төрт түлікпен ғана емес, бау-бақша, егістік шаруашылығымен де дендеп айналыса бастады. Аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев тиімді түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, тау бөктерінде бұған дейін мал шаруашылығын кәсіп қылған елдің енді егін егуге, бақша өсіруге, жылыжаймен шұғылдануға да құлшынысы ояна бастағанын айтады. Таяуда аудандағы шағын елді мекендердің бірінен саналатын Шыбынды ауылында болдық. Шыбындыда – шыбынсыз жаз. Бұрын қарапайым қыстақ болған елді мекенде кішігірім жылыжай бой көтеріпті. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Әсет Ақанжановтың айтуынша, бүгінде ауылға оралып жатқан тұрғындар қатары көбейіп келеді. Олардың басым бөлігі кәсіптің көзі ауылда екенін түсіне бастады. Солардың бірі – Марат Құсайынов есімді азамат.
Марат өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 3 млн. теңге жеңілдетілген несие алды. Алматы қаласында 10 жыл бойы гүл өсірумен шұғылданған ол өзі қыр-сырын жетік білетін шаруаны ауылда да өркендетуге болатынын түсінді. Былтыр көшіп келе салысымен жылыжай құрылысын салып, биыл сол жылыжайда гүл өсіруде. Мараттың жылыжайында 5 адам жұмыс істейді. 600 шаршы метрлік жабық нысанның ішіне кірсек, қайнап тұр. Ақпанның ақтүтек боранында да мұнда 40 градустық ыстық болады екен. Жағармай отынымен оңай жылытылатын жылыжайда кәсіпкер 100 мың түп гүл өсіріп отыр. Каталогтен жылыжайда шыбынсалы, барқытгүл, нарғызгүл, қашқаргүл сияқты 12 түрлі гүл өсірілетінін көрдік.
– Бізге аудандағы түрлі мемлекеттік және жеке кәсіпорындар мен мекемелер тапсырыс берді. Сәтін салса, барлығын қамтимыз деген ойымыз бар. Сондай-ақ, көпжылдық раушан гүлдерін өсіруді жоспарлап отырмыз, – дейді Марат.
Бір қызығы, Марат бірнеше тіл білетін полиглот екен. Алайда, ол өзіне гүл өсіру ұнайтынын айтады. Қаладан ауылға оралған кәсіпкердің қазір шағын шаруа қожалығы, аудан орталығы – Ақсуат ауылында сұлулық салоны бар. Сонымен бірге, сауда орталығын салуда.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы.