Астанада Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Сауд Арабиясы Корольдігінің Сауда және индустрия министрі Тауфик ар-Рабиамен кездесу өткізді, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Тараптар екіжақты қатынастар мен халықаралық күн тәртібінің кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сұхбаттастар сауда-экономикалық, ядролық және жаңғыртылмалы энергетика, мұнай химиясы, көлік салаларында екіжақты байланыстарды дамытуға және инвестициялық ынтымақтастықты белсенділендіруге мүдделілігін білдірді.
Е.Ыдырысов Сауд Арабиясының Араб мемлекеттер лигасының, Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның экономикалық форумын өткізу бастамасын жоғары бағалап, өңірлер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтудағы бұл шараның зор маңызын атап өтті. Сұхбаттастар Кәсіпкерлер кеңесінің бірлескен жұмысын қайта жаңғырту қажеттілігін растап, екіжақты кеңес отырысын биыл өткізуге келісті.
Е.Ыдырысов Қазақстан Сауд Арабиясын араб және мұсылман әлемінде маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
«Қазақстан мен Сауд Арабиясының халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары ортақ немесе ұқсас. Жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, лаңкестікпен күресуге, өркениеттер үнқатысуы үрдісін дамытуға бағытталған екі ел бастамалары әрқашан да үндес келеді», – деп мәлімдеді Е.Ыдырысов.
Екі мемлекет тарапынан қарусыздану, қауіпсіздікті нығайту, өркениеттер үнқатысуы және т.б. мәселелер бойынша БҰҰ және өзге халықаралық, өңірлік ұйымдар шеңберінде тығыз ықпалдасуға мүдделілік білдірілді.
Е.Ыдырысов Қазақстан Президентінің Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру жөніндегі бастамасын, 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын және Астанада халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін қолдағаны үшін Сауд Арабиясына алғысын білдірді.
«Егемен-ақпарат».