16 Мамыр, 2015

Келелі міндеттер жүктейді

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық Қазақстан халқы Ассам­блея­сының ХХ сессиясы жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов қа­тысып, ел тұрақтылығын қамтамасыз етудегі саяси құры­лым­ның рөліне Елбасының жоғары баға бергенін атап өтті.

Барлық деңгейдегі этномәдени бірлестіктер жетекшілері, діни конфессия өкілдері, мемлекеттік орган басшылары алдында облыстық Ассамблеяның төрағасы, аймақ басшысы Ерік Сұлтанов баяндама жасап, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәң­гілік Ел: бір ел–бір тағдыр» тақы­рыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына арналған ХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттерге жан-жақты тоқталды. Ел егемендігін алған күннен бастап Президент тұрақтылықтың негізі етіп халықтың татулығын қойды. Осы жылдары құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім мен бірлік институтына айналды. Этносаралық татулықтың арқасында елімізде экономикалық, әлеуметтік-саяси бағдарламалар табысты жүзеге асырылып келеді. Алдымызда 5 халықтық реформаны орындау сияқты келелі міндеттер тұр, дей келіп, шешен жергілікті жерлерде атқарылып жатқан іс-шаралармен таныстырды.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Е.Тоғ­жанов Мәңгілік Ел идеясы ар­қауына негіз болған құнды­лық­тарымызды өскелең ұрпақ бойына дарыту мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Елбасының бастамалары мен тапсырмалары Қызылжар өңірінде ойдағыдай орындалатынына сенім білдірді.

Бұдан кейін ел бірлігін ны­ғай­туға, мәдениетаралық үнқа­ты­суды дамытуға және қазақстандық пат­риотизмді қалыптастыруға елеулі үлес қосқан бір топ солтүстік­қазақстандыққа «Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының қоғамдық «Бір­лік» алтын белгісі» мен «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мере­келік медалін салтанатты жағ­дайда табыс етті.

Этномәдени бірлестіктер облыс әкімінің арнайы гранттарына ие болды.

Облыстық Ассамблея төра­ғасының орынбасары болып «Лад» славян қоғамының жетекшісі Алек­сандр Курленя сайланды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.