04 Наурыз, 2015

Ел сенетін Ер керек

347 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Біздің таңдауымыз – бірлік пен татулық

Бұл – Отанымыздың табысты дамуының басты кепілі

1954b645495cb831910c25fb04b80ff5_big   Шерхан МҰРТАЗА, Қазақстанның халық жазушысы. Дүние дүрбелең күй кешіп тұр қазір. Әлем ертеңі үшін алаңдаулы. Тіпті, алаңдауы абыржуға айналып бара жатқан сыңайлы. Себебі, болашақта не болып, не қояры белгісіз. Алмағайыптардан қауіп ойлайды. Сол үшін де күллі жаһан жанталасқа түскен. Осындай жағдайда қазағымның – халқымның, Қазақстанымның – елімнің тағдыр-талайы қандай талқыға түсер екен, маңдайында қандай жұлдыз жарқырап тұр екен деп әсіресе, біз  сияқты қарт қаламгердің баяғы абыздарша толғануы жөн-ақ. Ал сол Асан Қайғылар, ел қамын жеген Едігелер, арғы-бергі абыздар не дер еді? «Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтіп күн көрер?» деп төге келе: «Елім қайтіп күн көрер?!» дейтін шерлі де тебіреністі сауалды алға тартар  еді ғой. Осындай абыз сауал бүгін де, бүгінгі Қазақ елінің тағдыр-талайы жөнінде де қойылып отыр. Қазақстанның болашағы үшін ел сенетін, сыннан өткен Ер керек. Ертеңгі болатын сайлауда маңдайы жарқырайтын Еріміз Нұрсұлтан Назарбаев деп білемін. Ол өз халқының аяғы да, қолы да, жалы да, қанаты да болып та келген, болып та жүр, бола да алады. Ел сенетін Еріміз – Нұрсұлтан. Бұл жағдайды Елбасымыз да, оның соңынан ерген елі де ескерсе керек. Менің айтар аманат тілегім осы. АЛМАТЫ. 

Алаңсыз еңбек адамды өсіреді

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстан халқына Үндеуін мұқият көріп, тыңдадым. Халықтың көкейіндегі мәсе­ле­лердің барлығын да Нұр­сұлтан Әбішұлының сөзінен тапқандаймын. Уақыт біздің ұрпаққа аз жүк салып отырған жоқ. Дүниежүзілік қаржы-эко­номикалық дағдарыс қай елдің де бүйірінен сығып келеді. Жаһандық геосаяси қай­шы­лық­тар, яғни үлкен елдердің арасындағы кикілжіңдер де белең алып тұр. Айналамыздағы елдерде берекесіздік жайлағанын, адам шығыны шыбындай болып жатқанын көріп, біліп отырмыз. Мен – таза еңбек адамымын. Бүкіл ғұмырым шаруаның қасында, ауылда өтіп келеді. Еңбек еткен адамға дағдарыс тізесін аса батыра алмайды. Ауыл­дағы адамдардың астығы, ұны, малы мен малының жем-шөбі, отын-суы болса, дағдарыс оған не істейді? Бұлай дейтінім, ауылдағы еңбек адамы өндірген ауыл шаруашылығы тауарларына бәрібір сұраныс болады. Басқа болмаса да, азық-түліксіз қай ел де отыра алмайды. Ауыл ша­руа­шылығына мемлекет тара­пынан көптеген қолдау көрсе­тіліп отыр. Субсидиялар соның дәлелі. Мемлекеттік бағ­дар­­ламалар да ауылдағы шаруа­­ның еңбегін жеңілдетіп отыр. Міне, осының барлығы да елдегі тыныштықтың арқасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазған Нина Мисоченко замандасымыз бен Байқуаныш Сәрсембин ақсақалдың айтқан пікірін, тілегін бәріміз де айтып отырмыз. Үйде береке болмаса, ер азаматтың сырттағы ісі оңар ма? Осы тәмсіл бір отбасына ғана емес, бір елге де мысал боларлық емес пе? Қазір адамдар алаңсыз еңбек еткісі келеді. Еңбек болмай, нан, дастарқан берекесі болмайтынын қазір барлығы да түсінген. Сол үшін елге тыныштық керек. Сайлаудың 26 сәуірде болатынын естіп, білдік. Енді бір тілегім, Нұрсұлтан Әбішұлы сайлауға өзінің кандидатурасын ұсынуға тиісті. Бүгінгідей беласар істерді жарты жолда қалдырмау керек қой. Сондықтан президенттік сайлауды халқы Нұрсұлтан Назарбаевсыз елестетіп отырған жоқ. Сайран БҰҚАНОВ, Қазақстанның Еңбек Ері. Қостанай облысы, Меңдіғара ауданы.

Бақытымыз баянды бола берсін десек...

Мемлекет басшысының Қа­зақстан халқына Үндеуінің әр жо­лынан мен Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның елім, жұртым, халқым деп соқ­қан жүрегінің лүпілін таныдым. Жү­ректен шықпаса, жүрекке жет­пей­ді деп Қазақстанның халық жа­зу­шысы Қадыр Мырза-Әлі орын­ды айтқандай, бұл Үндеу Ел­басы­ның шынайы ақ адал жүре­гін жарып шыққан сарабдал сөз еке­ніне барша қазақстандық еш­қандай шек келтірмейді деп сенемін. Біз үшін туған елдің бір уыс топырағынан артық қасиетті жер жоқ. Бір түп жусаннан артық жұ­пар иіс жоқ деп тебіренеді Ел­басы. Бұл екеуі де халқымыз үшін өте ыстық, аса қастерлі ұғым­­­дар. Әрі оны Елбасы жалаң, үс­тірт мағынасында айтып отыр­маға­нына да сеніміміз кәміл. Өйткені, бір уыс топырақ пен жусан иісінің терең нышан­дық мәні де бар. Оның арғы жа­ғында тұтастай елдік пен мем­лекеттілікке үндеу, оның баянды болуына әркімнің атсалысуы мен үн қосуы деген терең мағына бар деп ойлаймын. Мен мынау жалпақ дүниеде елдікке үн қосудан артық қасиетті де қастерлі міндет бар деп ойла­­май­мын. Президенттік сайлау секіл­ді аса маңызды мәселеге де осы тұр­ғыдан келуге болады. Рес­пуб­ли­ка Президенті Нұрсұлтан На­зар­­­­­­баевтың Қазақстан халқына Үн­де­уінің әр жолында осындай асқақ мұраттар атойлап тұрғандай көрінеді. Президент өз Үндеуінде Қазақ елінің негізгі иесі қазақ халқына сөз арнай отырып, оның тарихи жады мықты, соңына қарап тәу­бесін айт­­қан, жолына қарап тәуе­кел еткен халық екенін қалай дәл тауып айтқанына тағы бір тәнті болып отырған жайымыз бар. Бұл әрі үлкен сенім. Мұндай өресі биік халқы бар елдің туы қа­шанда биік бола бермек. Ал туған елі мен халқын шексіз сүйе білетін оның қайталанбас қадір-қасиетіне басын ие алатын басшысы бар ел бақытты ел. Осы бақытымыз баянды бола бергеніне не жетсін?! Сондықтан да біз, оралдық аға ұрпақ өкілдері Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаевтың алдағы президенттік сайлауға түсуіне келісім беруін жақтаймыз. Мұны басымыздан бақ таймай, мемлекетіміздің тұрақты түрде одан әрі дами беруі үшін қажет қадам деп түсінеміз. Сағи АЛДАБЕРГЕНОВ, Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Батыс Қазақстан облысы.

Ілкімді істер  жалғасын табуы тиіс

Қазақстан халқы Ассам­блеясының президенттік сайлауды 2015 жылы өткізу туралы ұсынысын еліміздің бүкіл халқы қолдау үстінде екенін күнделікті БАҚ-тардан көріп отырмыз. Бұл ұсынысты Елбасының саясатын  жүзеге асырушылар болып табылатын әкімдер де толық қолдайды. Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың дана бас­шылығының нәти­­­жесінде елімізде адам сенгісіз жұ­мыс­тар атқарылды. Оны әлем елдері мойындап отыр. 1997 жылы Елбасының тіке­лей өзі жасап, халыққа ұсынған «Қазақстан-2030» Стратегиясы  мерзімінен бұрын орындалып, дамыған 50 елдің қатарына ендік. 2014 жылы қабылдаған «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын орындау үстіндеміз. Алдағы уақыттарда әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Бұл межеге жету үшін елімізде бү­гінгі күні сақталып тұрған тұрақтылық пен бейбіт­­­шілікті, әлеуметтік және экономика­лық дамуды ал­дағы уақыттарда да жалғас­­тырып, нығайтуы­мыз қажет. Ол үшін елді дамыту мақ­сатында тынымсыз еңбек етіп келе жатқан, осы жолда орасан жетістіктерге жеткен, «қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған» кезеңді қамтамасыз еткен Президентіміз Н.На­­­зар­баевты келесі кезеңге тағы да сайлап алуымыз керек. Президенттік сайлауды ертерек өткізудің тағы бір себебі, әлемдік қаржы-экономикалық дағ­дарыс та белең ала түсуде. Дағдарыстың күшейетін кезі – 2016 жылға президенттік және парламенттік сайлаулар қатар келіп тұр. Мұның халық үшін психологиялық тұрғыдан және экономикалық жағынан да қиындығы бар. Сондықтан халық дағ­да­рыс­тан қиналмай өтуі үшін және алдағы кезеңде ма­ңызды да ілкімді істерді жал­ғастыру үшін бүгінгі ел Пре­зиденті  Н.Назарбаевты қай­та сайлап алу ауадай қажет. Біз әрқашанда Елбасымен біргеміз! Ділдәбек ОРАЗБАЕВ, Тарбағатай ауданының әкімі. Шығыс Қазақстан облысы.

Елі Елбасына сенді, сене береді де

Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Үндеуін теледидардан тыңдадым. Кейін «Егемен Қазақстаннан» оқып шықтым. «Сайлау елімізді ұлы істерге ұйыстырып, баянды болашақ жолында біріктіре түсеріне сенемін. Қазақстандықтарды ел тарихындағы тағы бір тағдырлы оқиғаға жауапкершілікпен қарап, белсене қатысуға шақырамын», деген сөзі ата жасындағы жазушы мені ғана емес, бүкіл елді, бүтін қауымды тебіренткеніне сенімдімін. Бүгінгідей алмағайып жағ­дайдағы аумалы-төкпелі заманда осы күнге дейін елдің, халықтың, жұрттың сенімі­нен шығып келе жатқан Елбасы­мыз Нұрсұлтан На­зарбаев­қа сенбегенде, кімге сенеміз? Халқымызды тату тірлік­ке бас­тай білген Нұрсұлтан На­зар­баевқа елінің сенгеніне, сене біл­геніне, сене беретініне қарт қа­­ламгер, Ұлы Отан соғысының ар­да­гері ретінде менің де сенгім келеді. Мұзафар ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның халық жазушысы. АЛМАТЫ.

Қарт жауынгердің ағалық тапсырмасы

Мен Ұлы Отан соғысын бастан-аяқ өткерген жауынгер солдатпын. Соғыстан кейін де Германияның Ильменау қаласында әскери комендант қызметін атқардым. Көр­генім де, білгенім де көп. Сон­дықтан да өмірлік тәжірибем мол. Құдайға шүкір, Қазақ елінің тәуел­сіз мемлекет болғанының да куә­гері болдым. 90-ға келген жасым бар, өмірге, Аллаға дән ризамын. Соның ішінде, тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен табыстардың бәрі Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы екендігін де жақсы білемін. Бұрын Қазақстанды, қазақ ұлтын кім білуші еді? Германияда қызмет еткенде мен ұлтымды айтсам олар түсінбейтін. Енді міне, Қазақстан, қазақ халқын бүкіл әлем танитын мықты мемлекетке, қуатты елге айналды. Дүниеге өзін мойындатты, Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Қазіргі қолға алып жатқан «2050», «Нұр­лы Жол» стратегиялық бағдар­ламалары да еліміздің тұрмыс жағдайын жақсартып, келешекке бағытталған өміршең жобалар. «Тарихты тұлғалар жасайды» деген шындық сөз бар. Қа­зақ­станның Қазақстан болуын жасаған тұлға – Нұрсұлтан На­зарбаев. Кейде «Басқа біреу басшы болса, не болар едік, еліміздің жағдайы қандай болар еді», деп те ойлап қоямын. Енді міне, бүкіл ел болып, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлауға қызу дайындалып жатыр. Елбасы осыған қатысты тапсырмалар жүк­тегенін де оқып жүрмін. Аман­дық болса, денсаулық болса, ол қы­зықты да көремін деген үміттемін. Соғыс ардагерлерінің қатары күннен-күнге сиреп барады. Ар­дагерлерге деген қамқорлықты күнделікті көріп жатырмыз. Елбасы әрқашан ардагерлерге ерекше ықылас пен қолдау көрсетеді. Сол үшін де Мемлекет басшысына ризашылығымды білдіремін. Ал енді, алдымызда Президент сайлауы келе жатыр. Мен, тоқ­сандағы ақсақал ретінде, жақсы көретін, құрмет тұтатын ағасы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлына президенттікке түсу жөніндегі ел тілегін қабыл алуын сұрап қана қоймаймын, «Қарағым, халқыңның болашағы үшін сайлауға түс» деп талап етемін. Бұлай сөйлеуімді Елба­сы­мыз айыпқа бұйырмас. Не айтсақ та, қалай айтсақ та халық үшін айтамыз. Қалмұқан ИСАБАЕВ,  жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері. АЛМАТЫ.

Қазақстандықтар үшін қажет

Қазір елімізде зор рухани серпіліс болып жатыр. Кезектен тыс президенттік сайлауды өткізу туралы шешім қабылданды. Бұл – аса жауапты кезең. Біздің арманымыз – тәуелсіздік еді. Қазақстан халқының бақытты, мемлекетіміздің дәулетті, сәулетті ел болуы еді. Шүкіршілік, бүгінде соған жетіп отырмыз, бәрін де көріп отырмыз. Осы тәуелсіздіктің басы-қасында жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп, еліміздің еңсесін көтеріп, нұрлы болашаққа жетелеген, еліміздің егемендігі үшін аянбай қызмет еткен бір адам бар болса, ол – Нұрсұлтан Назарбаев. Жуырда Ұлытау төрінде берген сұхбатында Президент осы тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап қалуымыз керектігін, оның қазақ халқына ауадай қажеттігін мықтап айтқан болатын. Қазақ тарихында сан ғасырлар бойғы бабаларымыз армандаған осы тәуелсіздік жолында 300-ден аса азаттық көтерілісі болыпты. Еңдеше, біздің буын осы тәуелсіздікті ел болып, халық болып, қасық қанымыз қалғанша қорғауға тиіспіз. Н.Назарбаев – көптеген әлем­дік, республикалық дең­гей­­дегі бастамалардың авторы. Ол – өте жаңашыл адам. Тәуел­сіз­дік алғаннан бастап, еліміз­дің­ экономикалық, саяси, сон­дай-ақ, рухани-әлеуметтік жағын қам­тыған, бұрын-соңды болмаған стра­тегиялық жоспарлауды енгіз­ді. Ол дамыған өзге елдердің де жағ­дайын зерттей отырып, біз­дің еліміздің болашақ дамуы үшін стратегиялық жоспарларды қабыл­дады. 2030 бағдарламасы мерзі­мінен бұрын орындалып, 2050 жаңа саяси стратегиясы қабылданды. Негізгі басымдық – әлемдік тұрақсыздық жағдайында өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету. Қазақ ұлтының миссиясы – қоғамда қалыптасқан бірлікті, татулықты сақтау. Қазақ­стандағы әр алуан ұлт пен этнос өкілдерінің бір отбасындай болуы үшін, эко­номикамыздың алға жылжуы үшін әрдайым ынтымақ-бірлікте болуға тиіспіз. Ел болу үшін жұмылған жұдырықтай бірлік қажет. 26 сәуірде президенттік сайлау болмақшы. Елбасы 24 жыл бойы Қазақстанды жақсы бастап алып келе жатыр. Осы сайлауға Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы біз үшін – қазақстандықтар үшін қажет. Ендеше, өзі бастаған ау­қым­ды істерін алға жылжытып, елі­міздің ауқатты, дәулетті, әлемге әйгілі бола түсуі үшін Нұрсұл­тан Әбіш­­ұлының кандидату­ра­сын­ пре­зиденттікке ұсынған тілектерді ескеруін сұраймыз. Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, академик, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. АЛМАТЫ.

Сенім серпіліс сыйлайды

Соңғы уақытта теледидар мен баспасөз арқылы елімізде өтетін президенттік сайлау барысынан күнделікті хабардар болып отырмын. Бұл – еліміз үшін үлкен маңызы бар саяси оқиға. Елбасы Жарлығымен сайлаудың өтетін күні үсті­­­­­міз­дегі жылдың 26 сәуіріне бел­гіленді. Осыған орай, сай­лауға түсетін кандидат­тар ішінен барша қазақстандықтар Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты көргісі келіп отырғаны жасырын емес. Біз, спорт саласында тер төгіп жүрген азаматтар, Ел­ба­сының отандық спортты да­мытуға, қазақстандықтарды бұ­қаралық спорт түрлерімен қам­ту үшін қажетті инфра­құ­рылымдарды жақсартуға ерекше көңіл бөлетінін, үнемі жіті назарында ұстайтынын жақсы білеміз. Тұңғыш Президентіміз ұлттық спорт түрлерінің де жаңа деңгейге көтерілуіне орасан зор ықпал етті. Қазіргі кезде қазақтың көнеден келе жатқан спорттық ойындары заман ағымына сай түр­­леніп, халықаралық сипат алды. Отандастарымыз бен шетелдіктердің қазақ хал­қының ұлттық спортына деген қызығушылығы мен құрметі оянды. Бұл өз кезегінде жас ұрпақтың рухын көтеретіні, кеудесінде мақтаныш сезімін ұялататыны жасырын емес. Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогы са­­­рап­қа салынатын «Қа­зақстан барысы» турнирі шын мәніндегі беделді жарыстардың біріне айналды. Бұл бәсекеде бағы жанған балуан бір күнде күллі жанкүйер алдында қошеметке бөленіп, танымал болатынына өткен жылы аталған жарыстың жеңімпазы атанғанда көз жеткіздім. Бұл – қазақ күресінің, қазақстандық спорттың қол жеткізген биігі деп білемін. Ал бұл биікке Мемлекет басшысының спорттың дамуына көрсеткен қамқорлығының арқасында қол жеткіздік. Бүгінде біздің жатты­­ғуы­мызға, өз-өзімізді шың­­­­дауымызға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезектен тыс президенттік сайлауға қа­тыс­қанын қалаймыз. Бұл – мем­лекетіміздің тұрақты дамуы мен береке-бірлігін сақ­таудың кепілі. Кезектен тыс пре­зиденттік сайлауда Ел­басымыздың барша қазақ­стандықтың қолдауына ие болатынына сеніміміз кәміл. Мұхит ТҰРСЫНОВ, «Қазақстан барысы-2014» турнирінің жеңімпазы. СЕМЕЙ.

Барды бағалай білейік, ағайын!

Елбасының Қазақстан халқына арнаған Үндеуін ел газеті «Егемен Қазақстаннан» оқып, осы жылдың көктемінде президенттік сайлау өтетіндігіне көзіміз анық же­тіп, көкірегімізді қуаныш кер­­негені анық. Ендігі тілегіміз жал­­пыха­лық­тық сұранымды Мемлекет бас­шысы құп көріп, президенттік сайлауға түссе екен дейміз. Нә­тижесінің жақсы болатынына, еліміздің дамуына орай жасалған «Нұрлы Жол» бағдарламасына сай жүйелі түрде өрлеп, өркениетті елдер қатары­нан ойып тұрып өз орнымызды алатын­дығымызға кәміл сенім бар. Олай дейтінім, біздер, өнер адамдары саясаттан да тыс қал­­мауға талпынып, елімізде орын алып жатқан өзгерістерді, нақты­лай түссем, Елбасының бастамасымен әрі үнемі назарынан тыс қалдырмайтын экономикалық өсу жолдарындағы жетістіктерді тал­қылап та отырамыз. Сондықтан дәл осы сәтте Үндеуге үн қосуды жөн көріп отырмын. Еліміз еге­­­мен­ді­­гін алып, мемлекеттік шекара­сын­ бекітіп, сол қуанышын төрт­күл дүниеге паш еткен сәтінен бер­гі жетістіктерді сараласақ ме­рейі­­міз өсе түседі. Оған бірінші кезек­­те қазақ­­стандықтарға бейбіт заман мен тыныш өмір сыйлаған Елба­­­сы­­­ның сарабдал саясаты негіз болады. Отанымызда ауыз толтыра айта­тын қуаныштарымыз бар­шы­лық. Құдайға тәубе дей отырып, барымызды бағалай білейік, ағайын! Президенттік сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап, дауыс бере білсек, бұл біздің елді­гімізді танытады. Басқа-басқа, президенттік сайлау – досымыз сүйініп, дұшпанымыз күйінетін үлкен сын. Тұтастай алғанда, қазақстандықтардың бүгінгі жақсы әрекетін көріп, көңілім орнықты. Елін, жерін сүйетін мемлекет мүддесі үшін барын салатын өнер адамдары дауыс берушілер көшін батыл бастайды деп білемін. Шыны керек, биылғы жыл жетіс­тіктерге толы әрі жемісті жыл болары хақ. Оған толық негіз бар. Қо­­рыта айтқанда, біздер, жеті­­­­сулықтар – Елбасының кіндік қаны тамған киелі өңір халқы қашан­да алдыңғы лектен орын алып жүргеніміз ақиқат. Осы сайлауда да жұдырықтай жұмылып, биік белес­тен көрінетіндігімізге сенімдімін. Алмахан КЕНЖЕБЕКОВА, Қазақстанның халық әртісі. ТАЛДЫҚОРҒАН.
Соңғы жаңалықтар