04 Наурыз, 2015

Әдеби өлкетану кеншісі

1160 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
81Біздің әдебиетіміз қай жағы­нан алғанда да әбден толысқан, кең арналы, көп жанрлы әдебиет болып қалыптасқан деп еш қымсынбай, еш ұялмай, толық сеніммен айта аламыз. Тек қана шет тілдерге, соның ішінде әлемдік тілдерге әлі де өз дәрежесінде аударылмай жүргені болмаса, Еуропа мен Американың, Азияның атақты шығармаларынан кем түспейтіні анық. Тіпті, бұрынырақта там-тұмдап аударылған аз ғана шығармалардың өзі-ақ сыртқы ел оқырмандары мен әдеби сыншыларын тамсандырғаны белгілі. Демек, қазіргі қазақ әдебиеті – нағыз классикалық туындылары бар, тарихы мен дәстүрі бай руханият екені күмәнсіз. Ал, классикалық дүниелер бірден туа қоймайды, олар өзінен бұрынғы тәжірибеге сүйенеді, содан үлгі алады және сол дәстүрді әрі қарай дамытады, жаңғыртады. Осындай үдерісте әдебиетті тек қана классик жазушылар жасамайды және классикалық шығармалар тек орталықта ғана туындамайды. Бұл жерде әдеби-мәдени процесс көп қырлы құбылыс ретінде орталықтағы да, шеттегі де рухани ортаны қамтып, оны қалыптастырып, үнемі тығыз байланыста болатынын айту керек. Басқаша айтқанда, елді елең еткізер шығармалар орталықта да, шетте де туындап жатады, бірақ олардың жұртшылыққа танылуы әрқилы болады, сол себепті біреуі ерте, екіншісі кешірек бағаланып жатады. Соған қарамастан екеуі де әдеби үдерісті қамтамасыз етеді, екеуі де әдебиеттің тарихына қыз­мет етеді, қоғамның мәдени-эсте­тикалық сұранысына жауап береді. Осындай жағдайды әдебиетті зерттейтін ғылымнан да көруге болады. Шынын айту керек, зерттеушілер өлкеде туып жат­қан дүниелерге айтарлықтай кө­ңіл бөле бермейді. Мұның себебі әртүрлі, оны таратып айту қажет емес. Жалпы, әдеби өлке­тану – әдебиеттанудың өте ма­ңызды тармағы. Бұл орайда айтатын нәрсе – әдеби өлкетанудың әдебиет пен әдебиет­танудың өте маңызды тармағы екендігі.  Әдеби өлкетанудың әдебиет пен әдебиеттанудың тарихын жан-жақты, толық зерттеу үшін пайдасы зор. Өкінішке қарай, бізде бұл сала кенжелеп қалғанын мойын­дау керек. Рас, алғашқы талпыныстар мен ізденістер бар, олар жақсы нәтиже де берді. Әсіресе, Әсілхан Оспанұлының, Қабиболла Сыдиықұлының, Тоқболат Еңсегенұлының өз өлке­лерінде өмір сүрген ақындар туралы жазған еңбектері қазақ әдеби өлкетануының қалып­тасуына үлкен үлес болды. Осы қатарда әдебиет тарихы мен әдеби өлкетануға мол еңбек сіңіріп, бүгінде «ересек жігіттің» (З.Ахметовтің сөзі) жасына жетіп, оннан астам шәкірттерімен бірге Семей мен Шығыс Қазақстан аймағында ғұмыр кешкен, бірақ есімі елге онша кең тарала қоймаған көптеген ақын-жазушылар туралы зерделі зерттеу жүргізіп жүрген белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетовті ыстық ықыласпен атау ләзім. Арап Сләмұлының ғылыми ауқымы кең. Оның негізгі зерт­теулері әдебиет тарихы мен текс­тология мәселелеріне және жекелеген ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған. Ә дегенде әдеби сыннан бастаған ол бірте-бірте ғылыми мақалалар жазуға кірісті. КазГУ-дің аспирантурасына түсуі Арап үшін тек қуаныш емес, үлкен ғылыми мектеп болды. Атақты профессор Бейсенбай Кенжебаевтың шәкірті болу бұйырды оған. Ал, Бейсекең «ақырын жүріп, анық басқан», әдебиеттің арғы-бергі тарихын шаршамай зерттеп, әдебиеттанудың бірнеше саласын қамтыған ғалым болатын. Ол кісі жас Арапты қиын сүренге салды. Ол кезде классик ақын деп мойындалғанмен Алаш идея­сын қолдаған деген «айыбы» бар Сұлтанмахмұттың лирикасын зерттеуді тапсырды. Сөйтіп ол бірден үлкен проблемасы бар тақырыпқа кірісті. Өзінің ұстазы құсап Арап тақырыбын нақты деректерді іздеуден бастады да аспирантураның бірінші жылын бітірер-бітірместен Бейсекеңмен бірігіп, «Сұлтанмахмұт» деген кітапша шығарып, ал келесі, 1974 жылы, қазақ және орыс тілдерінде «Сұлтанмахмұт Торайғыров» деген библиографиялық көрсеткішті құрастырып, жарыққа шығарды. Нағыз ғылыми жұмыс осындай көрсеткіштен басталады, ол компас сияқты, телегей-теңіз еңбектерді түгел қамтиды, соның жалпы науанын білуге, оның ішінде бірінші кезекте қайсысын оқып, қайсысын кейінге қалдыруды жоспарлап, жұмысты нақтылауға мүмкіндік береді және зерттеудің өресін көтереді. Міне, үлкен ғылыми жұмысын осылай бастаған Арап Еспенбетов Сұлтанмахмұтты тану ісіне өз үлесін қоса алды. Ол осы ұлы ақын туралы өте мәнді еңбектер жазды, ол еңбектер өзінің жаңалығымен ерекшеленді. Мәселен, «Сұлтанмахмұттың бел­гісіз поэмалары», немесе «С.Торайғыров поэзиясының текстологиясы жайлы ойлар» деген зерттеулері сол тұстағы әде­биеттануда жаңа сөз, жаңа көз­қарас болды. Сондай-ақ, Арап 1992 жылы жарық көрген «Сұлтанмахмұт Торайғыров» атты монографиясында ақынның беймәлім болып келген бірнеше шығармасын тауып, талдап және алғаш рет жариялап, үлкен ғылыми айналымға енгізді. Осы еңбектің негізінде «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық өмірбаяны» деген докторлық диссертация жазып, 1993 жылы қорғады. Сол жылы екі бірдей профессор – Бейбіт Мамыраевпен және Құлбек Ергөбековпен қосылып, Сұлтанмахмұттың 2 томдық шығармаларының ака­демиялық жинағын құрастырып, «Ғылым» баспасынан жарыққа шығарды. Сөйтіп, Арап Еспен­бетов ұстазы ұсынған тақырыпты тынбай қазбалап, көп ізденіп жү­ріп, үлкен іс тындырды, Сұлтан­мах­мұттануды жаңа белеске көтер­ді, өзі де биікке көтерілді. Ға­лым үшін осыдан артық қуаныш бола ма? Арап Сләмұлы мұнымен тоқ­тап қалған жоқ. Тау-тасты кезіп, кен іздеген геолог, жерді қопарып ескі артефактіні іздеген археолог сияқты архивтерге үңіліп, әдебиетшілер қауымы көп біле бермейтін көптеген ақын-жазушыларға қатысты тың деректерді тауып, жариялап, әдебиет тарихын байытуға айтарлықтай еңбек сіңіріп жүр. Тәуелсіздікке қол жетіп Алаш арыстарын ақтағаннан кейін көбіміз Шәкәрімнің өлеңдерін, поэ­маларын жария етілгеннен кейін жапа-тармағай зерттеуге кірістік. Білетінімізден білмейтініміз көбірек еді. Осы тұста Арап аспай-саспай, ескі әдетіне басып, архивтерге тағы да бас сұқты. Осының арқасында Алаш қайраткерлеріне қатысты қызық та маңызды деректер, ақпараттар тауып, оларды зерделеп, мақалалар жазды, өзінің ой-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, Шәкәрімге байланысты, оның өзі мен шежіресі туралы, шығармалары жайында табылған деректер өте құнды боп, шәкәрімтануға үлкен олжа әкелді. Олардың бір-екеуін ғана атап көрейік: «Қазақ тілі» газетінің басқармасына өтініш», «Сын һәм сынауды сынау» деген Шәкәрімнің екі мақаласын жария­лап, талдағаны аян. Жалпы, Шәкәрімге қатысты деректерден оның рухани-мәдени ортасы, философ ақынның басқа қайраткерлермен қарым-қаты­насы, т.б. мәселелер жайында мол мағлұмат алуға болады. Ай­та­лық, Шәкәрімге деген Әли­хан­ның, Жүсіпбек пен Мұхтар­дың, Сұлтанмахмұттың ықылас-ілти­паты, Абай-Шәкәрім-Мұхтар ара­ларындағы адами, рухани байланыс – осының бәрі әдебиет тарихы үшін мәнді де маңызды факторлар. Арап Еспенбетовтің ғалым ре­тіндегі басты ерекшелігі – оның деректанушылық қасиеті. Ол дерексіз сөйлемейді де, жазбайды да. Осы тұрғыдан алғанда, Арап жариялаған мәтіндерге толық сенуге болады. Оның деректілік принципі әдебиеттанудың аса маңызды, өзекті саласы текстология (мәтінтану) ғылымын бірінші орынға қойдырады. Сол себепті Арап қай автордың туындысын сөз етсе де, алдымен текстология мәселесіне көңіл бөледі. «Шәкәрім поэзиясының текстологиясы хақында», «Екі мақала хақында», «Сын төркінін іздесек» деген мақалалар сөзімізге дәлел. Абай елінде туып, Абайды жастайынан оқып-біліп өскен Араптың Абай туралы жазбауы мүмкін емес еді. Бұл тақырыпқа ол бірнеше мақала жариялады. Атын айтар болсақ: «Абайтанудың алғашқы қарлығашы», «Абайдың туған күнін шатастырмайық», «Алаш арыстарының абайтануға қосқан үлесі», «Абай оқыған кітапхана», т.т. Абайды арнайы зерттеген ғалымдар туралы да жазып, абайтанудың мәселелерін қарастырады (Әбіш Жиреншин, Қайым Мұхаметқанов). Осы мақалаларда да Арап өзін мәтінді зерттеуші, текстолог екенін сездіріп отырады. Өзінің негізгі тақырыптары бойынша құнды еңбектер жазып, нағыз ғалымдық биікке көтерілген Арап Сләмұлы зерттеушілік назарын енді әдеби өлкетануға бұрады, сөйтіп үлкен әдебиет тарихы мен әдебиеттануда әлі де елеусіз жатқан проблемаларды, дәлірек айтқанда – орталықтан жырақ өлкелерде өмір сүріп, көркем шығармашылықпен шұғылдан­ған адамдардың тағдыры мен қолжазбалары туралы ізденістер жүргізді, жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Ғалымның тынбай ізденуінің арқасында бұрыннан белгілі кейбір ақындарымыз бен жазушыларымызға қатысты тың деректер табылып, сондай-ақ аты жұртшылыққа кең танылмаған авторлар жайындағы ақпараттары – ХХ ғасыр басындағы әдебиетіміз туралы ұғым-түсінікті кеңейтті, кейбір фактілерге жаңаша қарап-бағалауды міндеттеп отыр. Арап анықтаған ақын-жазушылар мен руханият қайраткерлерінің есімдерін толық атап шығу бұл мақалада мүмкін емес, өте көп. Ғалымның зерттеулерінде, ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өз үлестерін қосқан атақты қайраткерлер туралы қызық мағлұматтар, тың деректер мол. Сол қайраткерлердің кейбірін атап өтсек, артық болмас. Абайұлы Турағұл, ағайынды Аймановтар, Әміренов Тәңірберген, Әуезов Ағзам, Әуезов Ахмет, Әуезов Қасымбек, Бөлебай Тоғжанұлы, Сабыржан Ғаббасов, Ережепұлы Әбдікәрім, Құлжанов Нұрғали, Сералин Сәлім, т.б. Бұлардан басқа бірнеше халық ақындары мен жазушыларының есімін тірілтіп, олар туралы Араптың өзі және оның шәкірттері арнайы зерттеулер жүргізгенін айту қажет. Олар: Көкбай Жанатайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы, Уәйіс Шон­ды­байұлы, Тайыр Жомартбаев, Әсет Найманбаев, Шәкір Әбенов, Төлек Көбдіков, Нұрлыбек Баймұратұлы, Мақыш Қалтайұлы, Сапарғали Әлімбетов, Қалихан Алтынбаев... Осы тізімнің өзі-ақ Арап Еспен­бетовтің әдеби өлкетануға қан­ша­лықты көңіл бөлгенін, осы сала­ның ғылыми тұрғыда қалып­та­суына қандай дәрежеде күш сал­ғанын айғақтайды. Демек, әдеби өлкетану саласы бойынша Арап­тың өз ғылыми мектебі орнық­қан деп айтуға толық негіз бар. Профессор Арап Еспенбетов үлкен ғалым болуымен қатар ұлағатты ұстаз, білікті басшы 1975 жылы кандидаттық диссерта­циясын қорғап Семейге қайтқан­нан бері әуелі пединститут­та, содан соң университетте қызмет етіп келеді. Ол қатардағы ұстаздықтан ректорлық лауазымға дейін көтеріліп, өзінің жаңашыл, бастамашыл, білікті ұйымдастырушы екенін айқын көрсетті. Қырық жыл бойы бір мекемеде ұстаздық етіп, басшы болып істеген ол біраз марапатқа да ие болды. Шағын мақала көлемінде оның профессорлық, жетекшілік қыз­метін толық баяндап шығу мүмкін еместігі белгілі. Соңымызда ізі­мізді қуып келе жатқан әріптес бауырымызды, туысымызды «ересек жігіт» болуымен, 70 жасқа толуымен шын жүректен құттықтаймыз. Жемісті жолы жақсы жалғаса беруін тілейміз. Сейіт Қасқабасов, Ұлттық ғылым академиясының академигі.