Еліміздегі «Нұрлы Жол» бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан көліктік-логистикалық жобалардың арқасында жүк тасымалы көлемі 283 млрд.тонна шақырымды құрап отыр.
Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Президент жанындағы ҚСЗИ-дің ғылыми қызметкері Евгений Хон мәлімдеді. Сондай-ақ, ол Елбасы өткен жылғы Жолдауында «Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту қажет. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистральды автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады», деген болатын, дей келе еліміздегі аталмыш салаға байланысты бірқатар ақпараттармен таныстырды.
Оның айтуына қарағанда, Статистика комитетінің ақпараты бойынша, аталған көрсеткіш өткен жылы 487 млн.тонна шақырым болған көрінеді. Арадағы айырмашылықтың біршама екендігін атап өткен Е.Хон Қазақстан Қытай мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы жалпы транзиттік жүк тасымалының 1 пайызына иелік ететінін атап өтті. Сонымен қатар, ол сарапшылардың болжауы бойынша, Қытай мен Еуроодақ арасындағы сауда көлемі 2020 жылдарға қарай 781 миллиард долларға артуы мүмкін екендігін көлденең тартты. Және де Евгений Хонның айтуы бойынша, бүгінгі таңда басымдыққа ие болып отырған теміржол және автомобиль дәліздерінің дамуы да айтарлықтай маңызға ие. Оның себебін біздің мемлекеттен 5 ірі халықаралық көлік дәліздерінің өтетіндігімен байланыстыра келе, Үкімет тарапынан жүзеге асырылған бірқатар жобаларды атап айтты. Олардың қатарына «Жетіген – Қорғас», «Өзен – Түрікменстан мемлекеттік шекарасы» кіретіндігін жеткізді. Ал биылғы жылы «Жезқазған – Бейнеу» және «Арқалық – Шұбаркөл» желілері пайдалануға берілгендігін атап өтті. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».