16 Мамыр, 2015

Біз бағындырар биіктер

311 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

egemen (3)Адамзат үшін әр алуан, сан қилы оқиғаларға толы ХХ ғасыр­­­­дың соңында тәуелсіздік алған Қазақ елі ХХІ ғасырда өзінің көшін түзеп, өркендеу бағыттарын айқын­дап, мынау жалпақ әлемнің ең алдыңғы қатарлы елдерінің сапына қосылу үшін өзінің алдына үлкен мақсаттар қоюда. Осын­дай дәуірлік мақсаттар Қазақ­стан Республикасының Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVI съезіндегі «Бар­шаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес институттық реформа» атты сөзінде баршамыздың алды­мызға қойылды. Елбасының жолдауларында болсын, партия съездеріндегі сөздерінде болсын үнемі осындай бағдарламалық мақсаттар айқындалып, жас мем­лекетіміздің жасампаздық биігіне көтерілуге пәрменді ықпал ететін міндеттері белгіленеді. «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес институттық реформа» деп аталатын Елбасы сөзі бір жағынан біздің жеткен жетістіктерімізді саралаған, екінші жағынан бағындырар биіктерімізді баяндаған сөз болды.

Бүкіл өмірдің мәні қозға­лыс, ілгерілеу десек, онда Прези­дент­­тің бұл сөзі елдің барлық тір­ші­лігін ілгерілеуге бастайтын, эко­номикамыздың алып тегер­шегін бұрынғыдан да қарқын­ды қозғалысқа жетелейтін бола­­ша­­ғымыздың байыпты баяны, ертеңіміздің еңселі болуын қам­та­масыз етуді көздеген аса тия­нақты тұжырымы десе де боларлық. Тәуел­сіздік таңында «Тәуелсіз­дік – тарихтың мәңгіге бөліп берген еншісі емес, халық­тардың мамыражай өмір сүруіне берілген кепілдік те емес: аңғал болмағанымыз абзал», деген Пре­зидент, егемендігіміздің онжылды­ғында: «Біле білсек, осы он жыл­дағы еңбегіміздің ең басты қоры­тындысы – ел болғаны­мыз. Ел бола алғанымыз. Біз мем­лекет құрдық. Құрғанда да, аты бар да заты жоқ мемлекет емес, бүкіл адам­зат танитын, танып қана қой­май, мойын­дайтын, құр­мет­тей­тін мемлекет құра алдық», деген Нұр­сұлтан Әбішұлы, енді еліміз өркендеу жолына түскен бүгінгі таңда тұтас мемлекет алдына бұрын­ғыдан да орасан міндеттер қойып отыр.

Иә, дәл қазіргідей барша әлем алға ұмтылған, экономикалық, сая­си бәсекелестік ширыға түскен заманда Қазақ елі сияқты жас мемлекетке тоқтап қалуға мүлдем болмайды. Кезінде Американың белгілі мемлекет қайраткері Уоллес Генри: «Берік тұрақты өмірге жетудің бір ғана жолы – тоқтаусыз ілгерілеу», депті. Сондықтан, Елбасымыз өзіне тән қайраткерлік максимализммен, сұңғыла саясаткер­лік сарабдалдықпен бес инс­титуттық реформа жасау бас­тамасын көтеріп отыр. Олар: «Экономикалық бағдар­ламалар­ды сапалы жүзеге асыруды және мемлекеттік қызмет­терді ұсынуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы, кәсіби және автономия­лы мемлекеттік аппарат қалып­тастыру», «Меншік құқығына кепіл­дік беретін, кәсіпкерлік қызмет үшін, келісімшарттық міндет­темелерді қорғау үшін жағдай жа­сайтын, түптеп келгенде экономи­калық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету», «Индустрияландыру және әртараптандыруға негізделген экономикалық өсім», «Болашағы біртұтас ұлт», «Транспарентті және есеп беруші мемлекет». Байқап қарасақ, бұлардың баршасы да біздің қоғамымызды өркендететін, заманауи талаптарға сай қайта құруға негіз болатын, сөйтіп жалпы қоғамдық, әлеуметтік жаңғы­руды жүзеге асыратын жайттар.

Елбасы белгілеген осы бес институттық реформаның қай-қайсысы да маңызды десек те, осылардың ішінде «Болашағы бір­тұтас ұлт» делінген саланың маңызы жасампаздыққа жол ашқан жас мемлекет үшін аса айрықша. Себебі, қоғамдағы қандай да болсын реформаны жүзеге асыратын жалпы әлеумет, тұтас мемлекет халқы. Осы орайдан келгенде, барлық экономикалық, әлеуметтік, саяси реформалардың кез келгені сол халықтың бірігуін, әлеуметтің жұдырықтай жұмылуын қажет етеді. Егемендігіміздің алғашқы сәтінен бастап қоғамдық тұрақ­­тылық пен келісімге басты назарын аударып келе жатқан Елбасы сол шақта: «Біз келісім саясаты мен парасатты ұлттық стратегиясыз ешқандай міндеттерді шеше алмаймыз», деп осы ойын өз ұстанымында үнемі басшы­лыққа алып келеді. Оны өзінің Мәңгілік Ел стратегиясында да толықтырып, тұжырымдап жет­кізді. Оны осы жолы: «Мәңгілік Ел идеясы арқауындағы жұмыл­дырушы құндылықтар – азаматтық теңдік; еңбексүйгіштік; адалдық; оқымыстылық пен білімді қастер тұту; зайырлы ел – тағаттылық елі. Осындай жағдайда азаматтық орнықты және табысты мемле­кеттің ең сенімді іргетасы болады», деп тағы да осы мәселеге тоқталды.

Әлбетте, келісімнің арналы арқауы да, өзекті өрісі де мемлекетке атау берген қазақ халқының табиғи болмысы мен елімізде тұратын этностардың өздері азаматтары болып табылатын мемлекетке деген шынайы құрметі және сенімінің ұштасуы екені анық. Осындай аса маңызды жалғастық пен ұштастықта қазақтың қоғам­дағы рөлі өзгелерден аса ерекше. Олай болатыны, қазақ халқы – есте жоқ ерте дәуірлерден бері жалпақ әлемнің осынау территориясын мекендеп, оған иелік етіп, қажет кезеңдерде оны сыртқы жаулардан қорғап, қос құрлық Азия мен Еуропаның осы түйіскен тұсы – алып кеңістікке «Қазақстан» деп атау берген тарихи, байырғы ұлт, бүгінгі ұғыммен айтсақ, мемлекетке атау беруші ұлт. ХХ ғасырдың алуан алапат оқиғаларынан азайса да аман өткен қазақ бүгіндері сан жағынан да, сапа жағынан да өзінің сол тарихи миссиясына толық лайық болған ұлт. Сол ғасырдың орта шенінде өз жеріндегі үлес салмағы 30 пайызға дейін азайып кетсе де, бүгінде 70 пайызға жуықтап, абсолютті көпшілікті құрап отырған көп халық, іргелі этнос. Әлемде ғалым­дардың айтуынша, 2000-ға жуық ұлт болса, қазақтар сол мыңдаған халықтардың ішінде санымыз жағынан 60-70-ші орында екенбіз. Бұл – Жаратқанға шүкіршілік айтатын жағдай.

Мемлекет құруға негіз болған, сол мемлекеттің басым көпшілігін құрайтын қазақтың Қазақстан Республикасының бүгінінде де һәм болашағында да атқарар міндеттері өзгелерден бірнеше есе көп. Осыны терең бағамдаған Елбасы: «Мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Қазақ­тар Жаңа Қазақстанның болмысын қалыптастыруда барша ұлыстарды ұйыстырушы рөлге ие. Бұл – қазақтың ұлттық сипатын сақтап дамытудың және еліміздің қазақы болмысын нығайтудың басты факторы», деп бір жағынан мемлекеттегі негізгі ұлт – қазақ­тардың елдегі басты міндетін айқындаса, екінші жағынан өзге этностардың болашақта кімге тартылу қажеттігін де аңғартты. Бұл – саяси, әлеуметтік, рухани іргелі мәселе. Олай болатыны, біз көне мемлекеттік дәстүрлері қалыптасқан қытай мен жапонды айтпағанда, мемлекеттілігі екі-үш ғасыр бойы үздіксіз нығайған Батыс Еуропа елдері немесе АҚШ емеспіз. Біз – тәуелсіздігін алғанына ширек ғасыр енді ғана толатын жас мемлекетпіз. Сол себепті де Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет құраушы ұлт – қазақтарға үлкен жауапкершілік пен міндет жүктеп, ал өзгелерден түсіністік қажет екенін саралы сабақтастықпен ай­тып келеді. Мұны ең алдымен біз, яғни қазақтар терең ұғын­ғаны жөн. Әсіресе, мынау жал­пақ дүние сапырылысқан, жаһандану лебі күнделікті тұрмысымызға дейін енген заманда ұлттық, мемлекеттік бет-бейнені сақтап қалу оңайшылыққа түспейді. Ойланбасақ, сақтанбасақ, әрекеттенбесек болмайды.

Елбасының бұл «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес инс­титуттық реформа» атты бағдарламалық сөзінде және бір керемет ой айтылды. Оның керемет әсері, тамаша тағылымы жалпықазақстандық ортақ ұстаным мен діл қалыптастырудың «Қазақ­стан Республикасы» атты мемлеке­тіміздің болашағы жарқын, келе­шегі кемел болмағының шынайы моделін көрсетуінде. Дәл осыны Президент былай деп айқындады: «Біздің бас­ты мақсатымыз – қазақ­стандықтар жаңа жалпыұлттық құндылықтарды – құқықтың үстемдігін, мемле­кеттік дәстүрлерді, қазақстандық құндылықтарды – өздерінің этнос­тық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюлары керек. Барлық қазақ­стандықтар үшін қазақстан­дықтың бойында азиялықтың да, еуропалықтың да озық сапаларын шынайы сүзгіден өткізетін еуразиялық идеясы біріктіруші болып табылады», деді. Шын ұғына білсек, санамыздың саңы­лауы­нан, жүрегіміздің түкпірі­нен өткізе білсек, бұл – қағида­лы тұжырым, қанатты сөз. Егер Елбасының осы қағидасын күнделікті өмірімізге енгізе берсек, белгілі бір кезеңдерден кейін біз ұлтына қарамай барша қазақстандықтардың өздерін этностық атаумен емес, азаматтық мәртебесімен атайтынына қол жеткіземіз. Бұл – қоғамда нағыз мемлекетшілдікті, елшілдікті қалыптастыратын құбылыс.

Кез келген мемлекетішілік тұтасу мен бірлесуде тілдің орны орасан. Мемлекеттегі барлық адамдардың негізгі бір тілде сөйлеуі – азамат­тық ынтымақтастықтың кепілі. Өйткені, адам баласының ең басты, ең маңызды рухани құралы әрі қазынасы болып табылатын тіл – жеке адамның, адамдардан тұратын әлеуметтік ортаның, одан да кеңірек келсек, жалпы мемлекеттің ең мықты тұғыры мен ұстыны. Лингвистикалық философияның көрнекті өкілі Людвиг Витгенштейн: «Менің тілімнің шекарасы – менің әлемімнің шекарасы», депті. Өте орайлы сөз, дәл анықтама. Қазақстанның рухани шекарасының көкжиегін айқындайтын меже – мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілі. Елбасы «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: бес институттық реформа» сөзінде тағы да үш тілді кеңістік жөнінде айтты. ХХІ ғасырдың сұраныстары және елімізде қалыптасқан тілдік ахуал осыны қажет етеді. Дәл осы арада біз Елбасының өзінің осы бастамасын таратыңқырап: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі», деп айтқанын кейде ескере бермейміз. Осыны орыс тілді БАҚ айтуы, жазуы және насихаттауы керек деп ойлаймын.

Тіпті, кейбір қандастарымыз өзінің ана тіліне шорқақтығын «үш тілдің біреуін білсем болды деп» таяз түсіндіргісі келеді. Жалпы, тіл саясатында насихат жұмыстарын күшейтуде Прези­денттің айтқандарын негізге алу жетпей жатады. Әйтпесе, Нұр­сұлтан Әбішұлының тамаша сөздері мемлекеттік тілдің қолда­ныс аясын кеңейтуге керемет негіз емес пе?! Жалпы, аңсатып жеткен азаттықтың аясында барша қазақ баласының ана тілінде тәрбиеленуі, білім алуы – сол тәуелсіздіктің негізгі құндылықтарымен сабақтас екендігін түсінетін кез жеткенін бәріміз ұғынған сайын, Абай мұрат еткен «Біріңді, қазақ, бірің дос...» міндеті де, Алаш қайраткерлері күрескен саяси һәм рухани еркіндік мақсаты да орындалып, мынау алуан түсті әлемде өз жұлдызымызды қазіргіден де жарқыратар кезеңді бағындырар едік. Сондықтан, үш тілді меңгеру сатысында алдымен өзіңді танудың, өзіңді құрметтеудің, өзің болып қалу­дың ең басты, ең зор құралы – қазақ тілі тұрса, қалған екеуі сол дүниені танудың кейінгі, қажетті баспалдақтары болмақ.

Біздің қоғамымызды жаңаша кезеңнің міндеттері күтіп тұр. Оны Елбасы айқындап берді, ендігі уақытта баршамыз өзіміздің қыз­метімізге орай, азаматтық жауап­кершілігімізге қарай білекке білек қосқанымыз абзал. Бұл мін­деттер тек әлеуметтік, саяси деңгейде ғана емес, үлкен азаматтық һәм рухани деңгейде де шешілетіні анық. Оның негізінде тіліміз тұр.Оразкүл АСАНҒАЗЫ, Парламент Мәжілісінің депутаты.