04 Наурыз, 2015

Астана әуежайының әлеуеті артады

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Астана халықаралық әуежайы» АҚ-тың басқарма төрағасы Қайрат Жауханов баспасөз мәслихатын өткізді. Ол әуежайдың қайта құрылымдалып, жаңаруы жөнінде әңгімелеп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында осы жылы Астана әуежайының жаңа терминал құрылысы мен жаңа ұшу-қону жолағын салу үшін Ұлттық қордан қаражат бөлу қажеттігін атаған болатын. Нәтижесінде, әуежайдың жолаушы қабылдап-жөнелту қабілеті 2017 жылға қарай 7,5 млн. адамға дейін ұлғайтылатынын айтқан еді. Осы жөнінде әңгімелеген спикер, Елбасы Жолдауында берілген тапсырмалардың толық орындалып жатқанын айта келіп, әуежайдың ендігі жаңа аумағы 45 мың шаршы метрді құрайтынына тоқталды. «Бүгінгі күні әуежай қолданысындағы терминал өзінің ресурстарын толығымен сарқып болды. Себебі, жолаушыларды қабылдау ағыны үш миллион адамға жетеді. Сондықтан, ЭКСПО-ға байланысты салынатын жаңа жолаушылар терминалының көлемі артып, оның аумағы 45 мың шаршы метрді құрамақ. Ал жолаушылар өткізу қабілеті жылына 7,5 млн. адамға жетеді», деді Қ.Жауханов. Бүгінде Ұлттық қордан халықаралық әуежай терминалын қайта жаңғырту жұмыстарына 29 млрд. теңге бөлінгелі тұр екен. Бұдан бөлек, қосымша қаржы акционерлер тарапынан құйылып, заемдық қаражаттар да тартылатын көрінеді. Осыны айтқан басқарма төрағасы, Астана әуежайы Қазақстанда жолаушыларға қызмет көрсету бойынша екінші орында тұрғанын тілге тиек етті. Оның сөзіне илансақ, Астана халықаралық әуежайының жолаушылар ағыны  жыл сайын шамамен 11-12 пайызға артып келеді екен. Мысалы, 2010 жылы жолаушылар ағыны 1 млн. 600 мың адамға жеткен болса, 2014 жылы жолаушы саны 3 млн. межені еңсеріпті. Жолаушылар санының артуына бірінші кезекте авиакомпаниялардың жаңа бағыттарды ашуы себеп болыпты. Ұшу бағыттарының жиілігі де бұл көрсеткішке серпін беріпті. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».