31 Наурыз, 2015

Созақтың сары сазаны

447 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Без имени-1 Қазір «алма піс, аузыма түс» деп отыратын заман емес. Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов орта шаруалардың қолына мықтап күрек ұстатқан. Үлкен шаруашылыққа шамаң келмейді екен, өз отбасыңды еркін асырарлықтай кәсіпті меңгер. Жеңілдетілген несиемен он сауын сиыр ал. Бордақылауға он өгіз ал. Уақытпен жемін, шөбін бер, суар. Сүтті қайда өткізем демейсің, осы мақсатқа арнайы құрылған селолық тұтынушы кооперативі бар. Бордақыланған өгіздерді қай базарға шығарам деп басыңды қатырма, кооператив өзі сойып, өзі өткізіп, қолыңа келісілген ақшаңды әкеп береді. Бұл ауыл шаруашылығы үшін ең тиімді тәсіл болып тұр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы да қай қажетіңізді ашуға дайын. Осылайша орта шаруаның жағдайы біршама жақсарып қалды. Қалайда ауыл еңбеккерлерін жұмыспен қамтуды ойлайтын облыс әкімі енді облыста 2015-2016 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасын қолға алған. Мұндағы мақсат балық шаруашылығын дамыту арқылы табысқа шығу. Оңтүстікте ерсілі-қарсылы аққан ағын су көп болмағанымен «Шардара» су қоймасы, оған жалғас «Көксарай» су реттегіші, Шәмшінің әні арқылы жалпақ Қазақстанға әйгілі Арыс өзені, арынды Келес, Ақсу, Қарасу сияқты шағын өзендер, Сырдариядай мол айдын бар. Бөлініп қашқан сағаларын іскер жігіттер жалға алып, шабақ жіберіп пайдаға шыға бастаған. Өткенде газетімізде Отырардың бекіре тұқымдас балығы жайлы айттық. Облыс басшысы аймақта 27 тауарлы балық шаруашылығын құрмақ ниетте. Осы жобаны қолдау үшін «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» ЖШС 400 млн. теңге жеңілдетілген несие беріп отыр. Осы берекелі шаруаға арқа­мен қойындасып жатқан Созақ ауданы да кірісіп кетті. Созақ­тағы «Бабата» су қоймасына «KazGoldFish» серіктестігі 100 мың ша­бақ жіберді. Таудан еріген қардан құралған су қоймасының суы тұщы болғандықтан балы­ғы­ның еті бал татиды. Серіктестік өкілінің айтуы бойынша, осы шабақтар қоңыр күзде бүйірлері сары алтындай жарқыраған кебеже бас сазандарға айналады. Оларды күтіп баптайтын ихтиолог мамандар бар. Созақ ауданының әкімі Аманғали Ай­мыр­заев та мұртынан күледі. Әкім­нің көңілденетініндей бар. Балық шаруашылығы 15-20 адам­ға жұмыс орны. Екіншіден, малымен, жер асты байлығымен даңқы шыққан созақтықтар Шардараның сары сазанына енді жерік болмайды. Кәсіпорын алдағы уақытта балық өнімдерін өңдейтін шағын цехтар ашып, ішкі нарық пен экспортқа шықпақ ниетте. Бұл бос қиял емес. Әрбір іс осындай шағын бастаулардан қуат алады. Баяғыда Аралдың бір қызы қырға ұзатылғанда «бал татыған балықтың етін менсінбейтін басым қолаңса сасыған қой етіне қор болатын болдым», деп сыңсып барады дейді. Сол айтқандай, төрт түлігімен мәшһүр Созақ енді алдыңызға білектей сазанын сыйға тартады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.