екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге берік негіз қалайтын болады
Үстіміздегі жылғы 2-3 наурыз күндері Қазақстан Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бастаған қазақстандық делегация сапармен Брюссельде болып, Еуропамен екіжақты қатынастар бойынша басты орган болып саналатын «Қазақстан – Еуропалық одақ» Ынтымақтастық кеңесінің 14-ші отырысына қатысты. Еуроодақ делегациясын 2015 жылдың шілдесіне дейін ЕО-да төрағалық ететін Латвия Сыртқы істер министрі Э.Ринкевичс бастап барды.
Отырыс барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде, саяси, экономикалық, сауда және инвестиция, ғылыми-техникалық ынтымақтастық, консулдық-құқықтық мәселелер, Орталық Азия мен ЕО қарым-қатынасын талқыға салып, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Е.Ыдырысов Елбасының былтырғы Брюссельге сапары аясында Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық жөніндегі жаңа келісім бойынша және Қазақстанның ДСҰ-ға кіру мәселелері туралы келіссөздердің жемісті аяқталуы ҚР мен ЕО арасындағы қарым-қатынастың маңызды кезеңіне айналғанын атап өтті. «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Брюссельге сапары біздің Еуропалық одақпен ынтымақтастыққа қаншалықты көңіл бөлетіндігіміздің көрсеткіші болды. Үстіміздегі жылы біздің қарым-қатынастарымызды жаңа сапалы деңгейге шығаратын және барлық деңгейлерде, Еуропаның институттарымен де, Еуропаның елдерімен де әрі қарай ынтымақтастығымызды нығайта түсуге күшті негіз беретін келісімге қол қойылатын болады деп сенеміз», деді ол.
ҚР СІМ басшысы Қазақстан – Еуропа өзара ықпалдастығының әрі қарай басым дамуының маңыздылығына назар аудара отырып, Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптесі болып табылатын Еуроодақпен сауда және инвестициялық ынтымақтастығының ілгерілегеніне ризашылығын білдірді.
Қазақстандық министр өзінің еуропалық әріптестерін «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жүзеге асыру нәтижесінде еуропалық бизнес өкілдері үшін жаңадан ашылып отырған мүмкіндіктерді егжей-тегжейлі қарастыруға, Еуропа компанияларын еліміздің көліктік, индустриялы, энергетикалық инфрақұрылымдарын дамыту жөніндегі стратегиялық жоспарды жүзеге асыруға, сонымен қатар, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық өткізуге белсенді қатысуға шақырды.
ҚР мен ЕО арасында визалық талаптарды жеңілдету мәселесі келіссөздердің маңызды тақырыбы болды. Қазақстандық министр визалық талаптардың жеңілдетілуі тараптардың кәсіпкерлері мен инвесторларына қосымша мүмкіндіктер ашатынын, өзара туристік ағым көлемін ұлғайтып, адамдар арасында тікелей диалог орнауына ықпал жасайтынын атап өтті. Еуропалық одақ пен Орталық Азия жаңа Стратегиясын талқылау аясында қазіргі ЕО Кеңесінің төрағасы тарапынан аталған мәселе қолдау табатынына сенімін жеткізді.
Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы өткен кезеңдегі «Қазақстан-ЕО» барлық екіжақты сарапшылар алаңының жемісті жұмыс қорытындыларын атап өтті. «Мен бір аптадан кейін Душанбеде қауіпсіздік мәселелері бойынша Жоғары деңгейдегі үнқатысудың 2-ші отырысын өткізуді қолдаймын. Бұл өте маңызды үнқатысу алаңы деп санаймын. Және ол Орталық Азияда қауіпсіздігінің өзекті мәселелерін талқыға салуға, ұстанымдарды салыстырып, ортақ қауіптерді шешудегі мүмкін жолдарды анықтау жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік беретін болады», деді Е.Ыдырысов.
Халықаралық жағдайды талқылай келе, ҚР СІМ басшысы Қазақстан әрқашан ынтымақтастық пен өзара ықпалдастық белдеулерін іздеуді қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ, «ЕО-ЕАЭО пішімі аясында үнқатысу орнату мен ынтымақтасу алаңын іске қосу өзара тиімді ықпалдастықтың жемісті мүмкіндігі болуы мүмкін», дей келіп, Қазақстан Президентінің осы тақылеттес бастамасы жетекші Еуропа елдерінің басшылығы, соның ішінде Германия, Франция және басқа да мемлекеттер тарапынан қолдау тауып отырғанын көлденең тартты.
Сонымен қатар, Е.Ыдырысов еуропалық әріптестерін елімізде жоспарланып отырған президенттік сайлау туралы құлағдар етті. «Қазақстанда 26 сәуірге президенттік сайлау тағайындалғанын хабарлағым келеді. Біз, ұлттық заңнама және халықаралық стандарттарға сәйкес, барынша ашық, транспарентті және демократиялы сайлау өткізу ниетіндеміз. Өткен аптада мен бірқатар халықаралық ұйымдар мен парламентаралық ұйымдарға, соның ішінде Еуропарламентке шақыру жолдадым. Олар сайлауға қатысады ғой деп үміттенеміз», деді ол.
Осыған дейін хабарланғандай, Қазақстан мен Бенилюкс елдері арасындағы дипломатиялық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату және жалпы визалық талаптарды жеңілдету мен жою туралы әрі қарай келіссөздерді жалғастырудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын реадмиссия туралы келісімге қол қою сапардың маңызды нәтижелерінің бірі болды.
Сәулебек БІРЖАН.