04 Наурыз, 2015

Су тасқынына дайындық пысықталды

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жақында облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысында су тасқынына қарсы шаралар және оған дайындық туралы кеңінен әңгіме болды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Бауыржан Сыздықовтың хабарлауынша, көктемгі су тасқынын өткізуге қажетті кешенді дайындық жұмыстары қазірдің өзінде қолға алынған. Облыстық, қалалық және аудандық су тасқынына қарсы комиссиялар жұмыс істеуде. Облыс аумағындағы 145 су шаруашылығы нысандарының 8-і республика­лық, 118-і коммуналдық, 18-і жеке­меншік бағынысқа жатады. Өт­кен жылдардың тәжірибелерін талдау қорытындылары бойын­ша облыс аумағының су басу қаупі бар орындарының төлқұжаты жа­салып, бекітілген. Алдын ала алынған ақпараттарға қара­ғанда, қазіргі уақытта елді мекен­дерге жақын орналасқан су шаруашылығы нысандарының жай-күйі қанағаттанарлық, елді мекендерге төніп тұрған үлкен қауіп жоқ. Алайда, жергілікті билік және су шаруашылығы мекемелері тарапынан Ақтөбе, Қарғалы және Сазды су қоймаларына баса назар аударылуда. Қазір Ақтөбе су қоймасында 142 миллион текше метр су бар, бұл – жобалық көлемнің 58 пайызына тең. Қарғалы су қоймасында 152 миллион текше метр ұсталуда немесе жобалық көлемнің 54 пайызы. Сазды су қоймасында 2,2 миллион текше метр су бар, ол жобалық көлемнің 32 пайызын құрайды. Өңірде су тасқынын болдырмау мақсатында 84 тонна жағар-жанармай, 6860 тонна инерттік материалдар, 8490 қаптар, 10 тонна жарылғыш заттар қоры жасалған. Су тасқынын қалыпты өткізуге және аталған шараларды атқаруға 90 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Бүгінгі күнге Ақтөбе қаласының аумағынан және облыстың елді мекендерінен 98 мың тоннадан астам қар шығарылды. Тиісті дәрі-дәрмек жағы қарастырылып, санитарлық шаралар ойластырылды. Апаттардың алдын алу медициналық орталығының жедел әрекет ету және алғашқы көмек көрсету бригадалары ұйымдастырылды. «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақтөбе филиалының директоры Бекзат Наметовтің айтуынша, облысқа былтыр республикалық бюджеттен 113 миллион теңге қаржы бөлініп, Қарғалы су қоймасы қайта жаңғыртылған. Биыл Сазды су қоймасына да қаржы қаралғанын, бірақ қазіргі экономикалық жағдайға байланысты іс тоқтатылғанын тілге тиек ете келіп, мәселе жалғасын тапса деген тілегін жеткізді. Ол биыл Қостанай облысынан келетін Ырғыз және Торғай өзендерінің суы жоғары болады деген болжамды алға тартып, жергілікті мамандар мұны ескеріп, соған орай тиісті шаралар алу қажеттігін еске салды. Тиісті мекемелердің басшыларының хабарламаларын тыңдағаннан кейін облыс басшысы Ақтөбе қаласы және аудандардың әкімдеріне су тасқынына қарсы шаралар алу жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.