Заманыңыз көз ілеспес жылдамдықпен дамып, технология сәт сайын түрленіп отырған мына кезеңде алаңсыз жүруге болмайды. Қонышыңа қамшыңды қыстырып, атқа бір жамбастап отырып, көкжиекке көз салып бейқам тұратын уақыт әлдеқашан өтіп кеткен. Ендігі жерде дәуір көшіне ілесіп, өркениеттің жалына өлермендікпен жармасып, әбжіл қимылдап, тез ойлап, жылдам іске көшпесе, қалғаны бекершілік болмақ. Онда да құр бозөкпе боп жүгіру емес, жүйелі жұмыс жасап, қол жеткен игілікті елдің оңтайына қарай пайдаланып, мемлекеттің одан әрі дамып, жұрттың барақатты өмір сүруі үшін жағдай жасаған ләзім. Замана желін дер шағында байқап, көштің қалай қарай бағыт алса адаспайтынын алдын ала білетін Елбасы осыдан бес жыл бұрын индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын алдымызға ұсынды. Содан бері ел бойынша қаншама зауыт салынды, фабрикалар жұмысқа қосылды, жаңа жұмыс орындары ашылды. Елдің еңсесі тіктелді. Жұрттың жұмысы жүрді. Мемлекет мерейлене түсті. Мұндай жалпыхалықтық бағдарламаның орындалуына Қызылорда облысы да айрықша үлес қосып келеді.
Не істелді?
2010-2014 жылдар аралығында үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы еліміздің барлық өңірлерінде үлкен белсенділікпен іске асты. Осы бағдарламаның негізінде индустрияландыру картасы жасалды. Осылайша, экономиканың түрлі саласында көптеген жаңа өндіріс орындары мен жұмыс орындары ашылып, салық жинау базасы кеңейіп, бірнеше кәсіпорындар жаңғырту мен қайта жарақтандырудан өтті.
Осы ретте, аталған мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың бірінші бесжылдығы бойынша Қызылорда облысында атқарылған жұмысқа тоқталсақ.
2014 жыл қорытындысы бойынша Қазақстанның индустрияландыру картасы аясында облыста жалпы құны 189,9 миллиард теңге құрайтын 26 жоба қолға алынды. Аталған жобалар толық іске асқанда қосымша 3054 адам жұмыспен қамтылмақ. Осы 26 жобаның 25-і өңірлік қартаға кіреді. Жобалардың жалпы құны 137,7 миллиард теңге. Ал республикалық карта есебінен жасалатын қалған бір жобаға 52,1 миллиард теңге жұмсалмақ. Ол – Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы. Болашақта мұнда 300 адам жұмыспен қамтылмақ.
Енді өңірлік индустрияландыру картасына енген 25 жобаның ішінде 2010-2014 жылдары құны 82,0 миллиард теңгеге бағаланған 17 нысан іске қосылды. Нәтижесінде мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
Реті келіп тұрғанда олардың бірнешеуін атап өтейік.
Бірінші, Қызылорда қаласында «Хуа Ю Интернационал Қызылорда» ЖШС «Химиялық реагенттер өндірісінің көлемін ұлғайту» жобасын іске асырды. Құны – 500 миллион теңге тұрады. 24 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жылына 2,0 мың тонна өнім шығара алады. Мақсаты – жұмыс жасап тұрған химиялық реагенттер өндірісін ұлғайту. Аталған компания өндіретін химиялық реагенттер мұнай құбырларының шіруін, коррозияға ұшырауын, қақ тұруын төмендетіп, пайдалану мерзімін ұзартады. Сонымен қатар, «Хуа Ю Интернационал Қызылорда» ЖШС аймақта химия реагенттерін өндіретін бірден-бір жалғыз компания. Жоба негізінен қолданыстағы химиялық реагенттер өндірісін кеңейтуге бағытталып, 2014 жылғы қаңтар айында іске қосылды.
Жер астынан мұнаймен бірге шығатын су құрамында көптеген бактериялар бар. Атап айтқанда, сульфатред, сапрофит және темір бактериялары. Бұлар суды ластап қана қоймай, мұнай құбырларын мерзімінен бұрын коррозияға ұшыратады. Ал «Хуа Ю Интернационал Қызылорда» ЖШС өндіретін химия реагенттері осындай бактерияларды жоюға бағытталған.
Кәсіпорын 5 түрлі химиялық реагент шығарады. Бүгінде химиялық реагенттерді сату бойынша «СНПС Айдан мұнай» және «ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» секілді компаниялармен келісімге келген. Былтыр 2003,5 тонна химиялық реагенттер өндіріліп, жоспар 125,2 пайызға орындалған.
Екінші, «Арал тұз» акционерлік қоғамы «Техникалық және ас тұзын өндіру» өндірісін жаңғырту жобасын іске қосты. Жоба құны – 1,5 миллиард теңгені құрайды. Дегенмен, жұмыс барысында қосымша 0,6 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Осылайша, бүгінгі күні жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі 2,1 миллиард теңгені құрап отыр.
Жаңа зауыт іске қосылғанға дейін кәсіпорын жылына 120,0 мың тонна тұз өңдеп шығарған. Оның ішінде 80,0 мың тонна ас тұзы және 40,0 мың тонна техникалық тұз өндірген. Енді жаңа зауыт жұмыс істей бастағаннан соң өнім күрт көбейді. Қазір 213,0 мың тоннадан астам өнім шығарады. Бұл өндіріс қуаттылығы 2 есеге артты деген сөз. Оның ішінде 147,0 мың тонна ас тұзы және 66,0 мың тонна техникалық тұз шығарылады.
Жоба бойынша – 343 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Оның ішінде 134 адам жаңа зауытта жұмыспен қамтылған. Жалпы алғанда «Арал тұз» АҚ пен жаңа зауытта жұмыс жасайтын адамдарды қоса есептегенде барлығы 800-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Оның 95 пайызы жергілікті тұрғындар. Осы зауыттың арқасында жергілікті халық жұмыс іздеп басқа жаққа сабылмайтын болды.
Испанияда тұз өндіруден әлемдегі көшбасшы компания бар. «Construcciones Mecanicas J.SERRA, S.A.» деген. «Арал тұз» өзінің жаңа зауытына осы компания құрал-жабдықтарын әкеп орнатты. Бүгінде Аралда өндірілген тұз ТМД елдерінде, әсіресе, Ресей нарығында аса зор сұранысқа ие.
Үшінші, «Бис групп» ЖШС «Мия тамырын өңдеу зауытын ашу және мияны өсіру» жобасын қолға алды. Нысан 2014 жылғы 28 желтоқсанда іске қосылды. Жоспар бойынша 2015 жылы ашылуы керек еді. Компанияның жедел қимылдауының арқасында жоба мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. Айтпақшы, бұл жобаға Қытайдың «Борихунда» компаниясы да қатысып, қаржының 30 пайызын төлегенін айта кетейік. Ал жоба құны – 1,8 миллиард теңге. Қуаттылығы жылына 1000 тонна мия тамырының экстраты мен 100 тонна глициризинат моноаммониясын өндіруге жетеді. Жаңадан 156 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Ал маусымдық кезеңдерде 564 адамға дейін ұлғаяды. Аталған зауыт алғашқыда 3 түрлі өнім шығарады. Олар: глицирризин қышқылының ұнтағы, мия тамырының полисахариды, флавоноидтар. Соңғысы балаларға арналған дәрі екенін айта кетейік.
Соңғы бес жылда облыста бұрын-соңды болмаған әлеуметтік-экономикалық серпін пайда болды. Оған индустриялық-инновациялық бағдарламаның қосқан үлесі зор. Облыста атқарылған барлық жобаны құлағынан тізіп шығу міндет емес шығар. Дегенмен, жоғарыда айтылған жобалардан бөлек тағы бір екі нысан туралы сөз етпесек болмас.
Былтыр Елбасының тікелей қатысуымен «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығының қорытындысы» атты телекөпір мен кәсіпкерлік саласының үздіктерін анықтауға арналған 3 байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Міне, осы бесжылдықтың қорытындысында Қызылорда облысының 2 кәсіпорны 2 байқау бойынша жеңімпаз атанды. Біріншісі, «РЗА» АҚ. Ол Президенттің сапа саласындағы жетістігі үшін берілетін «Алтын сапа» байқауының ірі кәсіпкерлік субъектісі ретінде «Халық тұтынатын тауарлар шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясын жеңіп алды. Ал екіншісі, «ҚазГермұнай» БК» ЖШС. Бұл компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша берілетін «Парыз» конкурсының «Гран-при» иегері атанды. Осының өзінен-ақ біздің кәсіпорындардың жеткен жетістіктері айқын көрінеді.
Не істелмек?
Толайым табыстың барына көз жетті. Алдағы уақытта не атқарылмақ? Қандай жетістіктерге қол жетпек? Нені көздеп отырмыз? Шамамыз қандай? Енді осы тақылеттес сұрақтарға жауап іздеп көрейік.
Биылдың өзінде аймақ бекер қарап отырған жоқ. Осы жылдың алғашқы тоқсанында іске қосылған жобалар бойынша барлығы – 3,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Ал жалпы өнеркәсіп өнімінің көлемінде 161,9 миллиард теңгені құрады.
Аймаққа әкім болып келгеннен кейін Қырымбек Көшербаев облыс экономикасын әртараптандыру керектігін айтты. Өйткені, мұнай мен газға тәуелді экономиканың тізгіні өз қолыңда болмайды. Әлемдік нарықта екеуінің бағасы кешегідей күрт төмендеп кеткенде, мұнай мен газға тәуелді экономикаңыз шатқаяқтап қалады. Сондықтан, өңірдің еңсесін тіктейтін басқа салаларға басымдық беру керек болды. Атап айтқанда, металлургия саласын дамытуды негізгі бағыт ретінде ұсынды. Осы себепті аймақ бойынша алдағы уақытта индустриялық-инновациялық бағдарламасы негізінде атқарылатын негізгі жұмыстың жүйесі жасалды. Осылайша, өңдеуші өнеркәсіптің металлургия, химия, мұнай-химия, машина жасау, материалдар құрылысы, тамақ өнеркәсібі секілді 14 сектордан тұратын алты басым бағыты таңдалынды. Олар: қара металлургия, түрлі түсті металлургия, мұнай өңдеу, мұнай-газ химия, азық-түлік өнімдерінің өндірісі, агрохимия, өнеркәсіптік химиялық заттар өндірісі, қозғалтқыш және жабдықтар бөлшектерінен тұратын автокөліктік құралдар өндірісі, электрлі машиналар және электр жабдықтарының өндірісі, ауылшаруашылық техникаларының өндірісі, теміржол техникаларының өндірісі, кен өнеркәсібі жабдықтары жән машиналарының өндірісі, мұнай өңдеу және мұнай шығарушы өнеркәсіпке арналған машиналар өндірісі; құрылыс заттарының өндірісі секілді салалар.
Нәтижесінде өңірлік индустрияландыру картасы жаңа жобалармен толықтырылды. Яғни, құны 6,3 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба жаңадан енгізіліп, 2015-2019 жылдарға арналған Қызылорда облысының өңірлік индустрияландыру картасы жасақталды. Ал Қазақстанның индустрияландыру картасына облыс бойынша жалпы құны 139,2 миллиард теңге құрайтын 22 жоба енгізілді. Бұл жобалар толықтай іске асқанда 2178 жаңа жұмыс орны ашылады.
Өңірлік карта бойынша құны 87,1 миллиард теңге құрайтын 21 жоба, республикалық карта негізінде атқарылатын құны 52,1 миллард теңгелік 1 жоба бар. 2015 жылы алты жоба нақты іске қосылады. Олардың құны 1,3 миллиард теңге. Жұмыс орны – 239 адам.
Оқырманға нақты алты жоба бойынша дерек бере кетейік. Бірінші, «Жан Арай Жем» ЖШС-нің құрама жем зауыты. Құны – 375,9 миллион теңге. Жұмыс орны – 60 адам. Қуаты – тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіру. Бүгінде зауыт толықтай іске қосылуға дайын. Жоба мемлекет пен жекеменшік әріптестік негізде іске асырылуда. Айтап айтқанда, «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ үлесі – 49%. Яғни, 137,2 миллион теңге. Бастапқыда, «Жан Арай» ЖШС-нің инвестициясы 142,8 миллион теңге болған. Кейіннен қосымша 95,9 миллион теңге құйған. Сонда барлығы 238,7 миллион теңге.
Мемлекеттік қолдау шарасы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жасалды. Ол бойынша сыртқы инженерлік инфрақұрылымын жасақтауға, яғни ВЛ-10 кВ электр желісін, сумен жабдықтау, газдандыру және кәріз жүйесін жеткізуге республикалық бюджеттен 156,1 миллион теңге беріліп, толық игерілген. Құрама жем – ірі қара және уақ малға арналған.
Кәсіпорын құрама жемді герман технологиясы бойынша өндіретін болады. Қазіргі таңда құрал-жабдықтар толығымен Қызылорда қаласына әкелінген. Сонымен қатар, германиялық мамандар құрал-жабдыққа толығымен монтаждау жұмыстарын жүргізетін болады. Негізгі шикізат көзі – күріш, бидай, жүгері, сафлор, күнбағыс және т.б дақылдар болмақ.
Екінші, «Максима логистикс Қазақстан» ЖШС-нің керамикалық кірпіш зауыты. Құны – 300,0 миллион теңге. Жұмыс орны – 50 адам. Қуаты – 15,0 миллион дана. Бүгінде зауыттың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ресейлік құрал-жабдық алынып, орнатылған. Құрылыс жұмысына 33 адам тартылған. Сондай-ақ, сазды барлау жұмыстарын аяқтаған. Енді сазды өндіру жұмыстары басталды. Кеніш Жезқазған – Қызылорда автожолының 42-ші шақырымында орналасқан, яғни Сырдария ауданында. Негізі осыған дейін 300,0 миллион теңгеден артық инвестиция игерілген.
Үшінші, «Азиаш» ЖШС-нің «Сэндвич панель өндірісін ұйымдастыру» жобасы. Жоба құны – 90,0 миллион теңге. Жаңадан ашылатын жұмыс орнының саны – 14. Қуаттылығы – 135 мың шаршы метр. Желтоқсан айында іске қосылады деп жоспарланған. Сэндвич-панель дегеніңіз құрылыс талаптарына сай келетін инновациялық материал. Оның ерекше қасиеттері: жылуды жақсы сақтайды, отқа төзімді, ұзақ уақытқа жарамды, салмағы аз, бұзу-құрастыру жұмыстары кезінде уақыт үнемдейді, ауа және су өткізбейді. Бұл құрылыс материалы үш қабаттан құралып, екі қатты материалдан және ортасы жылу сақтайтын жұмсақ жабдықтан тұрады. Жоба іске қосылғаннан кейін Қызылорда қаласындағы құрылыс саласының дамуына үлес қосатын болады. Сэндвич-панель – көбінесе зауыт ғимараттарын тұрғызуда, қоймаларды салуда пайдаланылады.
Төртінші, «Тоғыз-Аралотын» ЖШС-нің күйдірілген кірпіш шығару зауыты. Жоба құны – 30,8 миллион теңге. Жұмыс орны – 45 адам. Зауыт Арал ауданында салынып жатыр. Жылына 4,0 миллион кірпіш шығаратын қауқары болады. Зауыт іске қосылған жағдайда Арал ауданындағы жұртшылықты сапалы құрылыс материалымен қамтамасыз ететін болады. Қыш тұрғын үй құрылысына пайдалануға өте қолайлы, арзан әрі сапалы. Оны түрлі құрылыс жұмыстарына пайдалана беруге болады. Зауытқа қажетті құрал-жабдықтар Қытайдан әкелінген.
Бесінші, «Адал су» ЖШС-нің су шығару зауыты. Жоба құны – 418 миллион теңге. Зауыт іске қосылғанда 40 адам жұмыспен қамтылады. Жылына 27,7 миллион литр су шығара алады. Іске қосылу мерзімі 2015 жылдың желтоқсан айы.
Жобаның негізгі мақсаты жаңа заманға сай инновациялық технологияларды қолдана отырып, өндірістік кәсіпорындардың ашылуы, жаңа жұмыс орындарын құру, сапалы және таза су шығару, аймақтың өндіріс әлеуетін кеңейту болып табылады. Бүгінде зауыт үшін Қызылорда қаласындағы индустриялық аймақтан бөлінген 1 гектар жер алу үшін құжаттары тапсырылып қойған.
Алтыншы, «Казэнергосбережение» ЖШС-нің LED жарықтандыру құралдарын шығару зауыты. Жоба Жалағаш ауданында іске асады. Жалпы құны – 98,3 миллион теңге, жұмыс орны – 30 адам. Қуаты – жылына 31,2 мың дана. Іске қосылу мерзімі осы жылдың III тоқсаны.
Зауыт өнімін пәтерлерде, қоғамдық орындар мен офистік ғимараттарда, көшелерде, саябақтарда қолдануға болады. Нарықта үлкен сұранысқа ие.
Жалағаш ауданындағы индустриялық аймақтан 1 гектар жер алған. Құрылыс жұмыстары басталуда, қоршауын қоршап, іргетасын қалап, негізгі өндірістік корпус тұрғызылды, ішкі жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарына 15 адам тартылған.
Жоспар қандай?
Жасалған жұмыс пен алдағы уақытта нақты атқарылатын шаруалардың бірсыпырасын атадық. Дегенмен, мұның сыртында да жоспарланған тірліктер бар. Ол жұмыстар да аймақты индустрияландыру барысына тың серпін беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Осының өзінде Инвестициялар және даму министрлігіне жалпы құны 165,7 миллиард теңге құрайтын 4 жоба республикалық индустрияландыру картасына қосу үшін жолданды. Оның біреуі перспективалы жоба ретінде республикалық индустрияландыру картасына енгізілді. Әңгімені содан бастайық. Ол «Тау-Кен Самұрық» АҚ пен «Шалқия Цинк» ЖШС бірігіп атқаратын «Шалқия» кен орнында «Полиметалл кен орнын өнеркәсіптік байыту және кен-байыту фабрикасының құрылысы» жобасы. Мұндай ауқымды шаруаны атқару үшін 75,9 миллиард теңге қажет. Жоспар іске асып кетсе, 1540 адам жұмыспен қамтылмақ. Қуаттылығы – жылына 66 мың тонна қорғасын, 230 мың тонна мырыш-қорғасын өндіруге жетеді.
Бұдан бөлек, «ЮжШахтоСтрой» ЖШС «Қуаттылығы 75 мВт жел электр станциясының құрылысы жобасы» жүзеге асыруды көздейді. Жоба құны – 52,5 миллиард теңге, жұмыс орны – 40 адам. Іске асыру орны – Жаңақорған ауданы. «Global Energy Company» ЖШС «Қуаттылығы 24,94 Мвт жел-күн электростанциясы құрылысы» жобасы қолға алмақшы. Ойдағы дүниені нақты жұмыс істету үшін 8,0 миллиард теңге қажет. Жұмыс орны – 30 адам.
Ал «Корпорация «DANAKE» ЖШС «Цемент зауытының» жобасын ұсынып отыр. Құны – 29,3 миллард теңге, жұмыс орны – 50 адам, қуаты – 1,0 миллион тонна. Жоба Шиелі ауданында іске аспақ. Аталған серіктестік «Цемент зауыты» жобасын іске қосу үшін Қытайдың «Gezhouba group» компаниясымен 200 миллион доллар сомасына келісім жасады. Жобаның құрылысы үшін Қызылорда облысы, Шиелі ауданы индустриялық аймағынан 49 гектар жер телімі қарастырылып, қазіргі күні ресімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде «Gezhouba group» компаниясының 10 маманы келіп жоба бойынша «Бизнес-жоспар» әзірлеуде. Жобаның құрылысын 2015 жылдың ІІ жартысында бастау жоспарланған.
Аталған жобалар индустрияландыру картасына қосылғанда облыста жалпы құны 275 миллиард теңге құрайтын 25 жоба іске асырылатын болады.
Сонымен қатар, индустрияландыру картасынан тыс жобалар да іске аса бермек. Аймақта мұндай жобалардың саны – 6. Енді соларға аз-кем аялдап кетелік. Айталық, «РМЗ-Шапағат» ЖШС-нің «Үй-құрылыс комбинатының құрылысы» жобасы. Қуаттылығы – жылына 80 000 м
3 темір-бетон бұйымын өндіру. Жоба құны – 1454,0 миллион теңгені құрап отыр. Іске қосылғанда тұрақты 68 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Одан соң «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС-нің «Қысымдалған газ өнімін сату бойынша сервистік бекет» жобасы. Қуаттылығы – жылына 14 052 500 текше м./сағат. Жоба құны – 327,9 миллион теңге. Жаңадан 14 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ,«Zhankent LTD» ЖШС-нің «Таза ауыз су өндірісі» жобасы. Жоба құны – 15,0 миллион теңге, бұл жерде сегіз адам тұрақты жұмыспен қамтылады. «Сыр Маржаны» ЖШС-нің «500 бас малға арналған бордақылау алаңы» жобасы да индустрияландыру картасынан тыс жасалады. Жоба құны – 444,1 миллион теңге, іске қосылған жағдайда 16 адамға жұмыс орны пайда болады. Сонымен қатар, «Сенім-Табиғат» ЖШС-нің «Көпсалалы ауылшаруашылық өнімдерін сақтау қоймасы» жобасы да осы қатарда. Қуаттылығы – жылына 1000 тонна өнім сақтау. Жоба құны – 500,0 миллион теңге. Жаңа жұмыс орны – 30. Жеке кәсіпкер Шенеусізованың «Қармақшы ауданы, Ақай ауылында автоклавсыз газ-бетон өндіру цехы» жобасы. Қуаттылығы – жылына 4500 м
3 газ-бетон өндіру. Жоба құны – 23,0 миллион теңге.
ТҮЙІН: Бір қарағанда сықиған сан, жансыз есеп сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ нағыз қайнаған өміріңіз осы. Қаншама жоба қолға алынып, өмірге жолдама алып жатыр. Құр бекер емес, нарыққа қажетті, халықтың мұқтажын өтейтін өнім шығармақ. Өзгенікін әулиедей көріп сатып алып жатамыз ғой. Ал мынау өз өнімің. Отандық. Бұдан бөлек, екі қолға бір күрек таппай жүрген талай адам жұмыспен қамтылады. Сол жерлерден нәпақасын айырады. Қалай айтсаңыз да, индустриялық-инновациялық бағдарлама қайырлы болып тұр. Ең бастысы да сол.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.