18 Шілде, 2010

ЕЛІМІЗДІҢ ЕУРОПАҒА АШЫЛҒАН ҚАҚПАСЫ

642 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
ҚАЗІРГІ ТАҢДА ҚАЗАҚСТАН ҮШІН ГЕРМАНИЯНЫ ТАП ОСЫЛАЙ БАҒАЛАУҒА ӘБДЕН БОЛАДЫ Саяси сараптама Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруы бойынша бүгін, 18 шілде күні Герма­нияның федералды канцлері, доктор Ангела Меркель ресми сапармен Астана то­пырағына табан тірейді. Жоғары мәр­тебелі мейманмен бірге ел байтағына Гер­манияның қоршаған ортаны қорғау федералды министрі, доктор Норберт Рет­тген, Бундестагтың барлық фракция­ларының депутаттары, біріккен неміс кәсіподақтарының төрағасы Михаэль Зоммер, сонымен қатар экономикалық делегацияның басқа да мүшелері келмекші. Германия делегациясы біздің елімізге осының алдында Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасында бол­­ған ресми сапарының соңын ала келе жа­тыр. Алдымен біздің терістіктегі көр­шілерімізге аялдап, Орал тауларының бойында кездесулер өткізген А.Меркель ханым содан кейінгі төрт күнін түстік-шығысымыздағы Аспанасты елінде өткізді. Сондықтан канцлердің бұл жол­ғы саяхатын “Шығыс елдеріне жасалған турне” деп бағалауға да болады. Өзінің ресми сапарының шеңберінде Германия федералды канцлері бұл күні Қазақстан Республикасының Президен­ті­мен және Үкімет басшысымен кезде­се­ді. Сапар барысында сондай-ақ эконо­мика, денсаулық сақтау, шағын және орта бизнесті қолдау салаларында екі жақты келісім жасасу, коммерциялық келісім-шарттарға қол қою рәсімдері қа­растырылады. Бұл жолғы бағдарламаның мазмұнында федералды канцлердің Қа­зақстан-герман бизнес-форумына қаты­суы да енгізілген. Бұдан бөлек федерал­ды канцлер еліміздегі неміс диаспо­ра­сының өкілдерімен де кездесетін болады. Жоғары мәртебелі Ангела Меркель ханымның біздің елімізге бұл сапары биылғы “Германияның Қазақстандағы жылы” аясында, сондай-ақ Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жылына сәйкес ұйымдастырылып отыр. Осы жер­де былтыр осындай тақырыптық жыл­дың Қазақстан үшін Германияда бо­лып өткенін де айта кетейік. Осыған қа­рап-ақ қазіргі таңда екі елдің арасындағы саяси, экономикалық және мәдени бай­ланыс деңгейінің қаншалықты тура жол­ға қойылып, қандайлық белеске к­ө­теріліп отырғанын бүкпесіз пайымдауға болады. Мұның сыртында екі елдің арасындағы “халықтық дипломатия мен мәдени алмасушылықтың жанды көпірі” іспеттес бір қауым елдің тұрғанын да әсте естен шығара алмас едік. Бұлар, әл­бетте, Қазақстаннан өзінің тарихи ота­ны­на көшіп кеткен 600 мыңға жуық не­містер мен бүгінгі күні де қасиетті қазақ жерінде тұрып жатқан 300 мың шамалас сол ұлттың өкілдері. Мұның өзі Қа­зақстан мен Германияның арасын саяси және экономикалық прагматика ғана емес, сонымен қатар адамдар қауым­дастығындағы бауырмалдық-туыстық қатынастың жалғап жатқанын көрсетеді. Былтырғы жылғы 3 ақпан күні Бер­линдегі Жандарменмаркт сарайында өт­кен Қазақстанның Германиядағы жылын ашуға арналған салтанатты жиында біз­дің Елбасымыз бұл туралы өте әдемі кел­тір­ді. Жиында ол сөзін неміс мемлеке­тінің сол кездегі президенті Хорст Келерге қаратып айтты. “Біздің олармен байланысымыз әлі үзілген жоқ, – деген еді сол жолы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде тұрып жатқан этностық немістер мен олардың прус жерінің арғы бел­деуінен асқан қандастары туралы айта келіп. – Олардың екі жақтағы туыстары мен достарының саны барған сайын арта түсуде. Құрметті Президент мырза, Сіз өткен жылы біздің елімізде ресми сапар­мен болған кезіңізде ұлты неміс Иван Сауэр басқаратын қожалыққа аялдап, шаруашылығының жай-күйімен таны­сып едіңіз. Бұл шаруашылық ең алдыңғы қатарлы да үлгілі болып саналады. Сіз­дің, бәлкім, механизатор Эдуард Мунд­пен кездескеніңіз де есіңізде шығар. Өз кезінде ол Германияға келіп, бес жыл тұрып, Қазақстанға қайтып оралып еді, өйткені, Германия оның тарихи отаны болса, Қазақстан біздің бәріміз туған жер болып табылады”. Бұдан кейін Елбасы қазақ жерінің мұндағы бұрынғы отан­дас­тарын ешқашан ұмытпайтынын ауызға алып, бұл жердегілердің де байырғы ту­ған мекендерін естерінен шығара алма­сына сенім білдірді. Расында да солар­дың ортасындағы жазушы Вили Мунта­ниол өзінің қазақ анасы туралы “Қай­дасың сен, Хадиша?” деген кітап жазып шы­ға­рып жатса, қалған ағайын қазақ саздарын естігенде, көздеріне еріксіз жас алып жатса, екі аралықтағы туыстық сезімдерді бұдан артық қалай жеткізбек ләзім?! Бұған қосатынымыз, бүкіл әлемдегі неміс нәсілі диаспорасының саны Қа­зақстанда Ресейден кейінгі екінші ор­ында тұр екен. Содан да болар, ГФР екі ел арасында басталған тақырыптық жыл­ды биыл Қазақстанда жалғастыруға қуа­на келісті. Оның бағдарламасы бой­ынша ұлан-ғайыр істер атқарылғалы тұрғанын өткен жылғы маусым айында ГФР-дың Алматыдағы бас консулы Ханс-Юрген Кайльхольц біршама тарқатып айтып берген. Оның дені мәдениет, ғылым, білім және спорт салаларын қам­тып жа­тыр. Ал Алматыдағы Гете атын­дағы инс­титут шын мәнінде ГФР-дың Қазақ­стандағы мәдени орталығы мін­детін ат­қарып, осы салада атқарылатын жұ­мыс­тардың барлығына дерлік мұрын­дық болып тұрады. Сол сияқты мәдениет пен білім саласындағы өзара байланысты Герман академиялық алмасулар қызметі (ДААД) ұштастырып отырады. Тек осы ДААД-тың шәкіртақысы арқылы былтыр Қазақстанның 120 студенті Германия­дағы жоғары оқу орындарында білім алған екен. Мұнда Алматыдағы Қазақ-неміс университетінің де көмегі аз болып отырған жоқ. Үстіміздегі жылғы шілденің 8-інде “Германияның Қазақстандағы жылы” шеңберінде Қостанай қаласында “Қазіргі заманғы Германия” атты көшпелі көрме өз жұмысын бастап кетті. Осы айдың 22-інен кейін еліміздің басқа өңірлеріне де сапар шегетін бұл шараның аясында көп қырлы алман аумағының дәстүрлі құн­дылықтары мен инновациялық техноло­гияларын, көне заманғы шеберлері мен бүгінгі өнерінің көкжиегін танытатын бұйымдар қазақ жерінің жұртшылығы назарына ұсынылады. Бұдан бөлек сан алуан бояулы мәдени шаралардың аясында қазақстандық көрермендерге Германияның қазіргі заманғы өнері мен қоғамдық өмірінен хабар беретін кештер мен концерттер көрсетіледі. Германия – Қазақстанның егемен­дік­тің еңсесін түзеп, тәуелсіздіктің туын желбіреткен кездерде Еуропадағы ең ал­ғашқы саяси және экономикалық бай­ла­ныс орнатқан дүмді елдің бірі. Рас, еге­мендіктің сол елең-алаң кезеңдерінде Германия Орталық Азия аумағындағы жаңа бой көтерген мемлекеттерді бір-бірінен бөліп қарастырмай, барлығымен бірдей “аймақтық қатынас” кейпінде байланыс орнатуға құмбыл болды. Бы­лайынша айтқанда, енді етегін жапқан егемен елдерге деген саясат әрбірімен жекелей емес, тұтастай тұрғыда қарас­тырылды. Бұл кездің өзінде герман сая­саты бұл мемлекеттердегі саяси тұ­рақ­тылық, демократиялық реформаларға бейімділігі және олардың іс жүзінде орындалуы, нарықтық экономикалық реформаларды жүзеге асырулары, ақыр соңында олардағы неміс нәсілдерінің болу факторлары секілді өлшемдер бойынша құрылды. Содан бері де екінші он жылдық аяқталып келе жатыр. Бастапқы жылдары барлығы бір дең­гейде, бір жағдайда тұрған жаңа тәуелсіз мемлекеттерге қатысты әлгіндегідей ұстаным шын мәнінде өзін-өзі ақтайтын еді. Алайда содан бергі тәуелсіз дамуға арналған аралықты Орталық Азиядағы дәулеттердің әрбірі өздігінше пайдала­нып бақты. Соның негізінде мұндағы мемлекеттік құрылымды қалыптастыру, қоғамды либерализациялау мен демокра­тияландыру, нарықтық қатынасқа көшу үдерістері әрқалай және әр түрлі қар­қын­мен дамыды. Қазіргі күннің өзінде бұл аймақтағы елдерде әр түрлі саяси және экономикалық модельдер қалыпта­сып қалды дегенді батыл айтуға болады. Бұл айырым ең алдымен мемлекеттердің экономикалық үдерістердегі, соның ішін­де олардың қаржы-кредиттік жүйе­сіндегі рөліне көзқарасы сипатынан ай­қын аңғарылар еді. Бұл жағдайда қандай бір сырт мемлекеттің де мұндағы елдерге бұрынғысынша аймақтық қатынас тұр­ғысында емес, жеке-мемлекеттік, әсіресе сауда-экономикалық қызметтестік ахуа­лында байланыс орнатқаны екі жаққа да тиімді болып шығады. Батыстағы жоғары дамыған өркениетті мемлекеттер арасы­нан осыны алғашқылардың қатарында ұқ­қан да Германия болды. Біздің бұл мем­лекетті Қазақстан үшін Еуропаға ашылған көпірі іспеттес көріп тұрғаны­мыздың бір себебі осында. Бұл – бір. Екін­шіден, Германия – Еуроодақ шең­беріндегі саяси және экономикалық үр­діс­тер мен бағыттардың дамуын ай­қын­дап отыратын, экономикалық әлеуеті жөнінен әлемде үшінші орында тұрған, барынша заманауи технологияларға бай ірі де іргелі мемлекет. Осындай дәулет­пен экономикалық салада өзара қыз­мет­тестік орнату біздер үшін пайдалы екені өз-өзінен түсінікті. Мұнда инвестицияға, технологияға, өзара тиімді саудаға ай­рық­ша мән беріледі. Дегенмен, сыртқы саяси стратегияда алатын орны жоғары болғанына қарамастан, Қазақстанның Германиямен қатынасындағы барлық жәйт тек экономикалық мәселелермен ғана шектелмейді. Егер біз Еуроодақпен байланысымызды нығайта түсуге ынта болсақ, жоғарыдағыдай бейнелеп айт­қанда, Германия сол Еуропаға апаратын алтын көпірдің міндетін атқара алады. Бұған бір жағы саясат саласында Қазақ­стан мен Германияның арасында әл­­деқандай бір айтарлықтай пікір қайшы­лығы жоқ екені, дәлірегі, халықаралық мәселелер жөніндегі көзқарастарымыз бір-бірімен толық үйлесетіні жақсы дүмпу беруі тиіс. Бүгінгі таңда Германия Қазақстан­ның экономика саласындағы ең ірі 10 әріптесінің қатарына кіреді. Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметі бойынша, 2009 жылы біздің еліміздің Германиядағы ин­вестициясы 3,5 млрд. долларды құраған. Бұл жылы шетелдердегі жалпықазақ­стан­дық инвестицияның көлемі 95 млрд. долларға жуық болғанын еске алсақ, бұл мөлшердің айтарлықтай екенін аңғаруға болады. Жоғарыдағы соманың 1,7 млрд. доллары неміс құнды қағаздарына жара­тылса, тағы 1,2 миллиарды неміс займ­шы­ларының кредитіне жұмсалды. Осы есепті кезеңде Германия Қазақстанға жалпылай алғанда 3 млрд. доллар дерлік инвестиция салған. Қазір Қазақстан Германияның сау­дадағы әлемдік маңызды әріптестері ара­сында 44-ші орын алады. Екі елдің ара­сындағы бұл байланыстың қаншалықты күрт дамып келе жатқанын мына дерек­тер де байқата алады. Қазақстан ТМД елдері арасында Германиядан Ресейден кейінгі екінші көп тауар алатын мем­лекет болып табылса, өзі Германияға тау­ар шығаруда Ресей, Украина және Бе­ларусьтен кейінгі төртінші болып тұр. Германияның Қазақстаннан алған мұ­найының көлемі 2005 жылдың тамызы­нан 2006 жылдың шілдесіне дейін 7,458 млн. тоннаны құрап, осы аралық­тағы жалпыгермандық мұнай импор­тында бесінші орынға табан тіреген екен. 2007 жылдан бастап Герман-Қа­зақстан сауда айналымы қауырт өсіп келеді. Айталық, осы жылы 2006 жылға қарағанда Қа­зақстан импорты 3,3 млрд. еуроға артып, ол 2007 жылдың бірінші жарты­сында 1,85 млрд. еуроны құраған. Осымен бір мезгілде 2006 жылы Герма­нияның Қа­зақстанға жіберетін экспорты 1,5 млрд. еуроға өсіп, 2007 жылдың бі­рінші жар­ты­сында тағы 1,04 млрд. еуроға көте­ріл­ген. Германиядан Қазақстанға әкелінетін бұйымдардың арасында әр түрлі ста­нок­тар, электр тауарлары, ме­тал­дан істелген заттар, транспорт құ­рал­дары дәстүрлі түрде басым орын а­лады. Со­­ның ішінде Германия еліміздің мұ­най-газ өнеркәсібі үшін жабдықтар жі­бе­руде нөмірі бірінші ел болып есеп­теледі. Тұтастай алғанда, Қазақстанда неміс кәсіпкерлерінің қатысуымен 400-ден астам кәсіпорын тіркелген. Бүгінгі таңда мұнда немістердің араласуымен 170 қа­ралы шағын және орта бизнес мекемесі тіршілік етуде. Бұдан бөлек бұл елде 160 герман фирмасының тұрақты өкілдігі жұмыс жасайды. Қазақстанға инвест­и­ция әкеліп жатқан неміс кәсіпорында­рының арасында құрылыс материал­да­рын өндіретін Knauf фирмасына қыс­қа­ша тоқталып өтуге болады. Бұл фирма­ның Алматы облысындағы Қапшағай қаласы төңірегінде үлкен зауыты, сондай-ақ Атырау облысында өз өндірісі бар. Сонымен қатар Қазақстанда Гер­мания экономикасы клубының жұмыс ­жасай бастағанына да біраз болды. Ол жүзден аса неміс фирмаларының басын біріктіріп отыр. Рас, сарапшылар Гер­манияның Қазақстанға инвестиция­сының ауқымы әлі де аз екенін айтады. Олардың пайымынша, мұның объективті де, субъективті де себептері бар. Бә­рімізге белгілі, Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында шетелдік инвес­тициялардың басты тасқыны негізінен мұндағы мұнай-газ секторына бағыт­талды. Бұл капитал қайтарымы тез сала болумен бірге, инвесторлар үшін мей­лінше тартымды өнеркәсіп те болатын. Ал тарихи жағдайлары көміртегі ши­кізатын өндірумен айналысатын ірі мұ­най-газ компаниялары жоқ болып қа­лыптасқан Германияға сол кезде бұл “қан базардан” лайықты орын табыла қоймады. Осыларды ескере келгенде, неміс фирмаларының Қазақстан эконо­микасына қаржы салу көлемі жөнінен “Шеврон”, “Мобил”, “Тексако”, “Бри­тиш Петролеум”, “Аджип” секілді халықаралық деңгейдегі алыптармен шендесе алмауы түсінікті бола түседі. Бұған қоса неміс экономикасының 80 пайызын сыртқы нарықта абайлап басуға мәжбүр болатын, ірі халықаралық ком­паниялар тәрізді тәуекелге бара бермей­тін шағын және орта кәсіпорындардың табысынан құралады. Бұл жерде бүкіл әлемді шарлаған қаржы дағдарысы айтарлықтай залал келтіріп отырғанын да ұмытпаған абзал. Соған қарамастан, Қазақстан мен Гер­мания арасындағы сауда байланы­сы­ның соңғы жылдарда қалыптасқан негізі оны ілгері дамытуға едәуір мүмкіндік бере алады. Рас, бұл салада 2008 жылдың соңғы тоқсанында байқалған төмендеу үрдісі 2009 жылғы бірінші тоқсанда да байқалды. Бұл ахуал қазір де бірден түзеліп кете қойған жоқ. Дегенмен,сауда саласындағы қарым-қатынастың өсіп бара жатқан шикізат нарығы ауқымында қайта жанданатын түрі бар. Сарапшылар сондай-ақ газ бен мұнай секторында да жақсы сауда қатынасының қолдау тауып жатқанына назар аударады. Бұдан басқа, мәшине шығару, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау салаларының да қаржы дағдарысынан кейінгі қолға алынатын негізгі тірек тегендері болатын сияқты. Сол сияқты өзінің ішкі және сыртқы өнеркәсібін дамытуға қатты мүдделі болып отырған Қазақстан үшін неміс технологиясы ауадай қажет. Айталық, біздің елімізде денсаулық сақтау секторы бойынша жүріп жатқан “100 аурухана” мемлекеттік бағдарла­ма­сын жүзеге асыру барысында герман ме­ди­циналық жабдықтарына, мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арт­тыруға, герман кәсіпорындарымен бірге ғылыми кооперация жасауға деген сұра­ныс арта түсуде. Еліміздің Ауыл шаруа­шылығы министрлігі агроиндус­триялық кешенді өркендетуді одан әрі жалғас­тырып жатыр. Бұл ретте қазақ­стандық экспортта айтарлықтай ауқым­ды орын алатын аграрлы сфера мен жергілікті азық-түлік өндіру жүйесі та­ғы да герман технологиясына қардар­лық танытуда. Осылардың бәрін та­бысты жүзеге асыру үшін екі елдің ара­сында 1995 жылдан бері “Инвести­цияны қорғау туралы келісім” мен “Екі­жақты салық алу туралы келісім” жұмыс істеп келеді. Биік мәртебелі Германия делегация­сының бұл жолғы сапарынан осы бас­тал­ған жұмыстарды одан әрі жандандыру жөнінде уағдаластық жасалады деп күтілуде. Сапар барысында жоғары дең­гейде келіссөз жүргізіліп, тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қызметтестік мәселелерін талқылайды. Серік ПІРНАЗАР, АСТАНА.