өмірімді сақтап қалды дейді Орал қаласының тұрғыны
Газетіміздің Орал қаласындағы тілші қосынына жасы алпысты алқымдап қалған азамат келді. Өзін таныстырды. Аты-жөні Самат Бекмағамбетов екен. Жасы елудің сегізіне шығыпты. Шаруаңызды айта отырыңыз дедім мен заманы бір жасы өзім құралыптас азаматқа. Оның айтайын деген әңгімесінің ұзын-ырғасы төмендегідей болып шықты.
Ол бас миында пайда болған ісіктен біраз уақыт қатты қиналып зардап шегіп келіпті. Тіпті, өмірден күдерін үзгендей мазасыз да азапты күй кешеді. Өйткені, басын қорғасындай жайлаған ауыр дерт оның жанын қайда қоярға жер таптырмайды. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылады. Өзімен өзі ышқынып, тістенеді. Оған қойылған диагноз өте ауыр әрі күрделі болғандықтан облыстағы мамандар ота жасау үшін оған елордасы Астанада орналасқан Ұлттық нейрохирургия орталығына барып емделуге жолдама береді. Сәтін салғанда, оның мұнда өмірден үзіле бастаған үміті қайта жалғанады. Саматтың айтуынша, аталған орталықтағы Серік Ақшолақов бастаған нейрохирургтер жасаған теңдесі жоқ ота елімізде тұңғыш рет іске асыпты.
Біз бұл деректің мәнісіне тереңірек қанығу мақсатында Ұлттық нейрохирургия орталығының баспасөз қызметі мамандарына хабарласқан едік. «Егемен» арқылы оларға алғысы мен ризашылығын жеткізуді қажет деп тапқан, бүгінде дертінен мүлдем айыққан жанның айтқаны айна-қатесіз рас болып шықты. Нақтырақ айтқанда, бастың сол жақ қуысында оның маңдайға түйісетін тұсында пайда болған қатерлі ісікті микрохирургия жолымен сылып тастау тәсілі отандық медицина тарихында алғаш рет атқарылыпты. Бұл үшін бұған дейін қолданылып көрмеген тың тәсіл – нейронавигациялық жүйе пайдаланылыпты. Отаның мұндай түрінде науқастың сана-сезімі сол кезде жоғалмай сақталады екен.
Иә, жасыратын ештеңесі жоқ, мамандардың мәлімдеуінше, Ұлттық орталыққа келген кезде Самат Бекмағамбетовті қос бірдей қатер күтіп тұрыпты.Оның біріншісі, өмірмен қоштасу болса, екіншісі, тірі қалған күннің өзінде де ғұмыр бойы мүгедек болып қалу қаупі. Дегенмен, қазақстандық білікті нейрохирургтер – Серік Ақшолақов пен Нұржан Рыскелдиевтің, Айдос Досқалиев пен Ғабит Ілиясұлының және анестезиологтер Марс Нұрдинов пен Бауыржан Қонақбаевтың кәсіби шеберліктері оны мұндай қатерлерден сақтап қалыпты. Екі сағатқа созылған ота жақсы нәтиже беріпті.
Мәселе, отаның өте күрделілігі мен аса нәзіктігінде. Оның үстіне Брокка орталығына тым жақын орналасқаны да мәселені қоюлата түсіпті. Жоғарыда айтылғандай, нейронавигациялық жүйе қолданылмаған жағдайда пациенттің бері салғанда өмір бақи мылқау болып қалуы да әбден мүмкін екен. Әрі ота кезінде науқасқа нейрофизиологиялық бақылау бір мезгілде жүргізіліп отырған. Сонымен бірге ота үстелінде жатқан жанмен нейрохирургтер сөз сөйлеу байланысына шығу арқылы оған тікелей бақылау жасап отырған. Бұл әдіс мидағы сөз қозғалысы орталығына зақым келмеуіне септігін тигізген. Әрі науқастың өмір сапасын сақтап қалуына оң ықпал еткен.
«Егеменнен» елге келген азамат Самат Бекмағамбетовтің ойы орнықты, пікірі байыпты сөзі салмақты екені де бірден байқалады. Оның жанарында өмірге құштарлықтың сөнбес шоғы маздап тұр.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
ОРАЛ.