31 Наурыз, 2015

Ерлік ешқашан ескірмейді

338 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
9 мамырЖеңістің қызыл туы Рейхстагта желбіреп, фашистік Германияның күйреген күні. Содан бері арада қанша уақыт атқан оқтай, шапқан аттай зымырап өтсе де, жан жарасы ұмытылар емес. Аға ұрпақтың ерлік дәстүрлерін өскелең ұрпақ әркез қастерлейді. Соның жақсы бір үлгісі жаңа жыл қарсаңында қанат қағып, жан-жақты қолдау тапқаны белгілі. Облыс, аудан, қала, ауыл басшылары соғыс ардагерлерінің үйлерінде болып, арнайы сыйлықты салтанатты түрде табыс еткендері мәлім. Өмір мен өлім белдес­кен сәтте небір ғаламат ерлік­терімен көзге түсіп, ортақ Отан­ды қорғау жолындағы қаһар­мандық жорықтары мен қанды шайқастары қалай ұлықтаса да жарасады. Облыста Мұқатай Айтбаев пен Василий Терейковский ақсақалдарды білмейтіндер кемде-кем. Екеуінің тағдыры ұқсас. Кіші офицерлер дайындайтын қысқаша курстан өткеннен кейін бірден алдыңғы майдан шебіне алынған. Еуро­па елдерін жаудан азат ету опера­цияларына қатысып, жауын­герлік ерліктері үшін бір­неше орден-медальдармен марапатталған. Жеңіс күнін бірі Германияда, екіншісі Бал­тық жағалауында қарсы алған. Олардың бейбіт өмірдегі еңбек жолдары өрттен қорғау, азаматтық қорғаныс салаларында жалғасып, өз міндеттерін абыроймен атқара білді. Биыл бірі 94 жасқа, енді бірі 90 жасқа толып отырған қариялар кәрілік дендеп, ден­­сау­лықтары сыр бергеніне қарамастан, көңілдерін көтеріңкі ұстауға ұмтылады. Осыдан үш айға жуық уақыт бұрын құттықтауға келген облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Әсет Ысмағұловты, өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің жетекшісі Серік Ғайсинді және ардагерлер кеңесінің өкілі Сағынбай Уәлиевті жылы шыраймен қарсы алып, әңгіме тиегін ағытқан еді. Өткен күндерден сыр шертіп, қарулы майдандастарын, от кешулерін еске түсірген болатын. Әжім торлаған жүздеріне бірде күлкі үйіріліп, бірде мұң торлап, небір қиындықтар мен тауқыметтерге төзе білген, төтеп берген жеңімпаз ұрпақтың болаттай берік, қайсар мінезі көз алдымызға келгендей болды сол сәтте. Ғасырға жуық өмір кешсе де құлақтары түрік, көкірек­тері ояу. Тілеулері – ел үстінде, Отан­ның амандығы. Бүгінгі Қазақ­станның жарасымды­ тір­лігі мен ауызбірлікті ынтыма­ғына қуа­нады. Аспанды со­ғыс бұлты торламағанына шүкір­шілік айтады. Кешегі майдангерлер, бүгін­гі ардагерлер 9 мамыр күні №1 өрт сөндіру аумағында май­дан палаткасы құрылатынын ес­тіп, солдаттардың ботқасын жей­тін болдық қой дегендей бір-біріне қарасып, жымыңдасып қалған еді. Сол күнге де көп қалған жоқ. Асқар ЫСМАҒҰЛОВ, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің кадр жұмысы бөлімінің бастығы. ПЕТРОПАВЛ.