31 Наурыз, 2015

От ортасынан оралмады

406 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Солдаты Сұрапыл, қырғын соғыстың шайқамаған шаңырағы қалды ма? Баласынан айырылып аңыраған ана, әкесінен айырылып зарлаған бала, ерін жоқтап еңіреген же­сір­лердің бүгінге дейін көз жа­сы құрғаған жоқ. Солардың бі­рі – Қасеновтер әулеті.  Екі ұл­дың үлкені 1917 жылы туған Сатыбалды анасы Аққыз бен соңы­нан ерген жалғыз інісі Қыс­таубайға қамқоршы болып, Ақмола іргесіндегі Тайтөбеде мұға­лім болып қызмет істепті. Осы ауыл­дың қызы Ұқышқа үйленіп, бір кішкентай ұл өмірге келген екен, кейін әкесі соғыста жүргенде ол шетінеп кетіпті. Майдандағы ағамыздан алғаш­қы кезде хат келіп тұрыпты. «Бу­ден­ныйдың атты әскеріндеміз», деп жазыпты. Кейін хабар-ошар тыйылған. «Қара қағаз» келмеген. Күте-күте шаршаған әйелі күдерін үзіп, төркініне кеткен. Әкем әскери комиссариатқа хат жазып іздесе: «Хабарсыз кеткен», деген жауап алыпты. 1995 жылы Ұлы Отан соғы­сында қаза тапқан ақмолалық жауынгерлер туралы деректер жиналған 8 томдық «Боздақтар» кітабының IV томынан әкемнің ағасы туралы мәліметті тауып алдым. Онда: «Қасенов Сатыбалды. Қатардағы жауынгер. 1917 жылы туған. Ақмола әскери комиссариа­тынан шақырылған. Госпитальда 17.08.1941 жылы Николаев облысы, Грейгово селосында қайтыс болды», деген жазу бар екен. 1995 жылы әкем о дүниелік болып еді. Мен ойлаймын, ол кісі тірі болса, ағасының жерленген жеріне барып келер еді деп. Көзі тірісінде ағасын өлді деуге қимай, бір жерде жүрген шығар деп отыратын. 70-жылдары әншілігіммен ерекшеленіп, теледидарға түскен едім. Сонда хабарды жүргізуші: «Әншілік сізге кімнен қалай дарыған?» – деп сұрағанда: «Әкемнің соғыста қаза тапқан ағасы барлық музыкалық аспапта ойнаған өнерпаз болыпты. Әкем де өлеңді жақсы айтады. Сол кісілерге тартқан шығармын», – дедім. Соны естіген әкем маған ренжіп: «Неге соғыста қаза тапты дейсің? Ол өлген жоқ, бір жер­де тірі жүрген шығар», деп қатты кейіген еді. «Боздақтар» кітабындағы мәліметті білгеннен кейін өзімнен кейінгі інім Болат жылқы сойып, ағайын-туыс, ауыл­ды жинап, Сатыбалды атаға ас беріп, құран оқытты. Сатыбалды атамыз туралы мәлімет Кәкімжан Қазыбаев пен Жанболат Аупбаевтың «Рахым­жан Қошқарбаев» кітабында жазылған. Онда ол кісі туралы: «Сатыбалды өнерпаздарды кешкі концертке әзірлеп жатыр. Өзі домбыраны жақсы тартады. Рахымжан мандолин тартады екен. Сатыбалды да бар өнерін салды. Оң жақ шетте өзі отыр», деген сөйлемдер бар. Рахымжан ағаны көзі тірі­сінде екі рет көрдім. Алғаш Қарағандыда оқып жүргенімде жазушы Сәбит Мұқанов екеуі студенттермен кездесуге келді. Әкем Қыстаубай Рахымжанмен бірге оқыдым деп айтатын. Сонда неге сөйлесіп қалмадым деп ұялшақтық мінезіме осы күнге дейін өкінемін. Екінші көргенім: институтты бітірген соң, Қорғалжын аудандық комсомол комитетінің мектеп бөлімінде меңгеруші қызметінде жүргенімде Алматыдағы респу­бликалық комсомол мек­­тебіне бір айлық курсқа жібе­рілдім. Әкем: «Рахымжан ағаңа бар, сәлем бер, таныс», – деген соң, «Алматы» қонақ үйіне іздеп барып, амандастым. Жылы қабақпен жақсы қабылдады, біраз әңгімелестік. Қарапайым, мейірімді, кішіпейіл адам екен. Әттең-ай, шіркін, Сатыбалды атам туралы сұрау есіме келмепті.­ Ерте кезде ауылда фотосу­рет­терді шыныланған рамаға салып, қабырғаға іліп қоюшы еді. Кейін ол дәстүр ұмытылды. Сондай сурет біздің үйдің төрінде де бар еді. Сатыбалды атаның үлкейтілген фотосы және екі жауынгердің кішірек фотосы. Оның сыртында: «Полтава. Сол жақтағы Қасенов С., оң жақтағы Досмағанбетов Н.» деген жазулар бар болатын. Қасындағы жолдасы қазір бар ма екен, бар болса, хабарласса екен деймін. Әкемнің тірі кезінде осындай мақала жазу, естелігін сұрау ойға келмепті. «Ештен кеш жақсы» дейді ғой. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толуына орай, Сатыбалды атамыз атаусыз қалмасын, аруағы риза болсын деп қолыма қалам алып отырмын. Мен биыл 69 жастамын. 4 баланың анасы, 10 немере, жиеннің әжесімін. 49 жыл жас ұрпаққа қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері атандым. Менің ендігі тілегім: «Соғыс болмасын. Еліміз бейбіт өмір сүріп, бар адамзат бақытты өмір сүрсе екен», – деймін. 24 жасында қыршынынан қиылған, анасының сағынған ыстық құшағына бөлене алмаған, баласын сүйіп бауырына баспаған, жарын құшып мейірімі қанбаған, ошағының оты сөніп, шаңырағы құлаған Сатыбалды атамның және сол сияқты от ортасынан Отанына орала алмаған, кейін соғыс зардабынан көз жұмған барша аруақтардың жаны жәннатта болсын. Балкен ҚАСЕНОВА. АСТАНА. Суретте: С.Қасенов (сол­ жақта) және Н.Досмаған­бетов.