16 Мамыр, 2015

Британдықтар консерваторларды қалады

321 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
  Қауымдар палатасының сайлауында консерваторлар жеңіске жеткен соң, Ұлыбританияның қазіргі жүргізіп отырған ішкі-сыртқы саясаты өзгермейтін болды. Премьер-министр Дэвид Кэмеронның үкіметі өз билігін тағы да бес жылға ұзартты.

Бұдан бұрынғы сайлаудағыдай емес, бұл жолғы жеңістің орны бөлектеу. Бұрын сайлаушылар консерваторларға болжаммен үміт артса, бұл жолғы жеңісті олардың бес жылғы жұмысына баға деп қабылдауға да болады. Өткен жолы Британия алдында Шотландияның бөлініп шығу қаупі тұрса, Кэмерон үкіметі одан ойдағыдай өткен. Тіпті, осы сайлауда да сол Шотландияда ұлтшылдар басым дауысқа жетсе де, бұл аймақтың бөлініп шығу мәселесі күн тәртібінде жоқ.

Әдетте, биліктегі партияға көп сын айтылады. Консерваторлар оны да бастан кешті. Соған қарай, сайлау алдындағы болжамда лейбористерге жұрттың ықыласы басымдау да көрінген. Бір сауалнамаларға қарағанда, олар көбірек дауыс жинауға тиіс еді. Лейбористер көсемі Эдвард Милибэнд сайлау қорытындысына оптимизммен қарады. Олар сайлаушыларды салықты азайту уәдесімен де қызықтырған. Сөйтсе де, олар ойсырай жеңілді.

Консерваторлар парламенттің заң шығарушы палатасындағы 650 орынның 338 орнына ие болды. Бұл дегеніңіз – басқалармен коалиция құрмай-ақ үкімет құра алады, өз бастамаларын парламентке өткізе алады деген сөз. Өткен жолы олар либерал-демократтармен одақтасып барып, көпшілік дауысқа жеткен, сол үшін либералдарға вице-премьер орнын ұсынған. Енді ешкімнің қас-қабағына қарамайды, өз бағыттарын жүргізеді.

Ұлыбританияда қазіргі ішкі-сыртқы саясат жалғасады дегенде, елдің ішкі бірлігіне, экономикадағы тұрақтылыққа, бірінші кезекте британдық мүдденің қойылуына, сыртқы саясатта бұрынғысынша АҚШ-пен одақтастыққа айрықша назар аударылмақ. Біраз саясатшылар мен сарапшылардың Кэмеронның сонау бастан 2017 жылы Ұлыбританияның Еуроодақтан шығу мәселесін референдумға шығару уәдесіне қарап, еуропалық бірлікке оны теріс қарайтындай көрсететіні бар. Шын мәнінде, ол – еуропалық мүддеге барынша белсенді қызмет етіп келе жатқан қайраткер. Ал Еуропалық одақтан бөліну жөніндегі референдумға келетін болсақ, ел ішінде мұндай пікір болған соң оны айқындап алған да жөн. Ал британдықтардың көпшілігі бөлінуді қалайды деу де қиын. Украинадағы жағдайға, Ресейге қарсы әрекеттерге байланысты саясатта Кэмерон үкіметі еуропалық мүддеге адал.

Ойсырай жеңілген либералдар арасында абыржушылық болатыны заңды. Олардың көсемі Эд Милибэнд отставкаға кетеді деген де пікір қисынды. Бірақ жеңілісті бір-ақ адамға апарып тіреу де әділ­дік болмас. Қайта уақыт таңдаған сол тұлғаның төңірегіне топтасып, бағдарламаларын нақтылап, күрестерін ширатқаны жөн шығар.

Консерваторлардың жеңісі елде белгілі дәрежеде тұрақтылықтың барлығын аңғартады. Ал осы сайлаудан кейін оның нәтижесіне білдіріліп жатқан наразылық шараларына келсек, ол – қалыптасқан дәстүрдің көрінісі. Ондайлар бар­лық жерде де кездеседі. Әлемдік сая­сатта айрықша орны бар Ұлыбри­таниядай державада тұрақты­лық­тың болғаны әлемдік ортақ игілік.