Еліміз ежелден ел ағаларына, ардақты абыздарына, қағидасы қазыналы қарияларына қарап, ойын да, бойын да түзеген. Талантты тұлғаларына тәу етіп, тұтқалы тәжірибелерінен үлгі алған, еңселерін тіктеп, еңбекке де, ерлікке де ақылмандардың ақ батасы арқылы бел байлаған.
Бүгінгі егемен еліміздің мамыражай жағдайында аға ұрпақтың қадірі арта түспесе кеміген жоқ. Жастардың әрбір игілікті іс, толағай тірлігі ел ағаларының, ақ ниетті ақсақалдарының қолдап-қуаттауымен, ақ жол тілеп алқалауымен жүзеге асып жатады. Осы орайда, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге ерекше көңіл бөлініп отыр.
Жеңіс оңай келген жоқ. Жеңіс – аға ұрпақтың ержүрек батырлығымен, ерлік жігерімен келді. Жеңіс тылда еңбек еткен әрбір азаматтың маңдай терімен келді. Жамбыл облысында 248 Ұлы Отан соғысының ардагері және мүгедегі, 500 Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілгендер, соғысқа қатысушыларға теңестiрiлген адамдардың басқа санаттарымен бірге, соғыс жылдары 6 айдан астам тылда еңбек еткен 8503 тыл еңбеккерлері бар.
«Бір айта кететін жағдай, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің хатына және Парламент Мәжілісі депутаттарының сұранысын басшылыққа ала отырып, облыс көлемінде жергілікті бюджет есебінен мерекелі және атаулы күндерге берілетін әлеуметтік көмектерді бір деңгейде төлем жасау туралы шешім қабылданды. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға жергілікті бюджеттен берілетін біржолғы төлемнің мөлшерін 150,0 мың теңге, жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестiрiлген адамдарға – 30,0 мың теңге, жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнiнен соғысқа қатысушыларға теңестiрiлген адамдардың басқа санаттарымен бірге соғыс жылдары 6 айдан астам тылда еңбек еткен азаматтарды да көмекпен қамтуды 15,0 мың теңгеге көтеру ұсынылды. Осы жағдайға байланысты аудандар және қала бюджеттерінде қажетті қосымша қаражаттың көлемі анықталып, 122,9 млн. теңгеге сұраныс жасалды», дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Арубаев.
Жақында ғана Тараз қаласы мен аудандарда тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне арнап «Жеңіске тағзым» айлық аясында «Қамқорлық және денсаулық» автокеруені, «Жеңіс пойызы» жіберілді. Олар облысымыздың шалғай аудандарында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне медициналық, әлеуметтік-тұрмыстық көмектер көрсетті. «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген жасқа жеткен ардагерлеріміз мемлекет тарапынан өзіне берілетін көмектер мен жеңілдектерді толық түрде пайдаланып отыр.
Бұған дейін ел арасында ардагерлер бас қосып, кеңесіп, сырласатын және демалатын орын жоқ деген әңгіме ара-тұра айтылып қалатын. Әрине, еліміз, оның ішінде облысымыздың өсіп-өркендеуі жолында аянбай тер төгіп, өз үлестерін қосқан аға ұрпақ өкілдері қандай құрметке болса да лайық. Міне, сол олқылықтың орнын толтырып, жақында ғана облыс орталығынан жап-жаңа Ардагерлер үйі есігін айқара ашты. Саябақтың ортасынан орын тепкен бұл үш қабатты ғимаратта ардагерлерге арналған әдістемелік, мәдени іс-шаралар өткізетін және демалатын бөлмелер, сондай-ақ медициналық кабинет, асхана, бильярд залдары бар.
Қай заманда да туыстықты, бірлікті, елдікті сақтауды уағыздайтын ақсақалдар айтқан аталы сөз аяққа басылмаған. Бүгінгі аға буын өкілдерінің басты міндеті – өмірден алған тәжірибелерін, ерінуді білмейтін, бейнеткеш қалыптарын, отаншыл, елжанды, мемлекетшіл, ұлтжанды патриоттық қасиеттерін өз ұрпағының бойына жастай егу болса керек.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.