31 Наурыз, 2015

Тұрақты дамуға тұрлаулы жауап

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
0001-234Мемлекеттің дағдарысқа ­қарсы саясатын сенаторлар осылай бағалап отыр Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың тұрақсыздығына орай «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасын өзгерту жөнінде тапсырмалар берген-ді. Осыған орай, экономикалық және заңнамалық өзгерістерді жедел ендіру мәселесі өткір туындаған болатын. Кеше осы мәселелерді тарқатып айтып беру үшін Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мүшелері Ертарғын Астаев пен Лаззат Тұрлашов  бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шықты. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақ­тылау жайы кеңінен қозғалды. Алдымен сөз алған Е.Астаев ең бастысы, республикалық бюджет оңтайландырылғанымен, азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселесінде өзгеріс жоқ десе де болғандай екеніне назар аударды. Сенатор, сондай-ақ, «Агробизнес-2020» бағдарлама­сын оңтайландыру нәтижесінде АӨК бағытында жаңа ғылыми-зерттеулерге қарастырылған 69,9 миллиард теңгенің 3 миллиарды кемитінін алға тартты. Есесіне, «Нұрлы Жол» бағдарламасына сәйкес ауыл шаруашылығын қолдауға, АӨК субъектілерін субсидиялауға 20,0 миллиард теңге көзделгендігін атап көрсетті. Бұдан басқа, «2020 жылға дейінгі өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша қарастырылған 368,3 миллиард теңгенің 83,3 миллиарды кемітілетін болады. Бірақ «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы шеңберінде тұрғын үй құрылысы саласына ерекше екпін берілері белгілі болып отыр. Атап айтқанда, бұрын басталған тұрғын үй құрылыстарын аяқтау үшін Ұлттық қордан мақсатты трансферт ретінде 30 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ, осы қордан жаңа жобаларды іске асыру үшін облигациялық займ беру мәселесі шешімін тауыпты. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ арқылы жүзеге асырылатын іс-шараларды оңтайландыру арқасында 22,3 миллиард теңгені үнемдеуге қол жеткізілмек. Елордада ЭКСПО-2017 халық­ара­лық көрмесін өткізу үшін бөлінген қаржының 10,0 миллиард теңгесі де оңтайландырылғаны атап айтылды. Ертарғын Астаев сөзінің соңынан «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру экономика өсіміне ықпал етіп, өзінің мультипликативтік тиімділігін берерін, еңбекақының өсіміне, денсаулық сақтау, әлеуметтік аз қамтылғандарды қолдауға қосым­ша қаржы қосыларын, жалпы алғанда, экономиканың жандануына ықпал етерін ерекше атады. Бұдан кейін сөз алған Лаззат Тұрлашов 2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау және оның мемлекет пен халықтың тыныс-тіршілігіне, экономикалық дамуға әсерін жан-жақты айтып берді. Депутаттың айтуынша, бюджетті түзету сыртқы факторлардың ықпалдарын бейтарап етуге, отандық экономиканың одан әрі қарқынды дамуына себепші болуға, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайларын қорғауға бағытталуға тиіс. Сыртқы әсердің себебінен ел экономикасының даму қарқыны сәл бәсеңсігенмен, 2014 жылдың қорытындысы бо­йынша тұрақты даму байқалды. «Бұған елімізде соңғы жылдары мектеп, аурухана және басқа да маңызды әлеуметтік объектілердің көптеп салынуы, сондай-ақ, орта және шағын бизнестің дамуы мен мемлекеттік бағдарламалардың қаржыландырылуы, әлеуметтік төлемдер деңгейінің сақталуы дәлел бола алады», деді Лаззат Махатұлы. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».