Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Үкіметте селекторлық кеңес өтті. Онда Үкімет басшысы жаңа ақша-несие саясатына көшу туралы мәлімдеді.
Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Қазақстанда инфляциялық таргеттеуге негізделген және ұлттық валютаның айырбас бағамын еркіндікке жіберуді қарастыратын жаңа ақша-несие саясаты енгізілетінін хабарлады. Үкімет басшысының мәлімдеуінше, әлемдік экономикадағы қазіргі жағдай бізге де экономикалық өсім мен баға тұрақтылығы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету үшін жаңа ақша-несие саясатын қабылдауды талап етіп отыр. Осыған орай Ұлттық банк пен Үкімет 2015 жылдың 20 тамызынан бастап валюталық дәлізді алып тастауға және айырбас бағамын еркіндікке жіберуге көшуге негізделген жаңа ақша-несие саясатын жүзеге асыруға кірісу жөнінде шешім қабылдады.
«Ағымдағы жылдың 15 тамызында Ұлттық банк валюта бағамының дәлізін кеңейту мақсатымен теңгенің айырбас бағамының еркін нарықта қалыптасуын қамтамасыз етуге қатысты шешім қабылдаған болатын. Бұл өз кезегінде біздің экономикамызға өз әсерін тигізбей қоймайтыны белгілі. Оның үстіне жаһандық экономикадағы жағдай уақыт өткен сайын тұрақсызданып келеді», деді К.Мәсімов. Сонымен қатар, Үкімет басшысы біздің экономикамыздың негізгі тірегі болып саналатын экспорттық өнімдерімізге қатысты нарық бағаларының да құлдырап жатқандығын атап өтті. Қазақстанның негізгі экспорттайтын өнімдері мұнай мен металл сынды шикізаттық тауарларға да сұраныс төмендеп, баға түсіп жатқаны белгілі.
Бұл біздің ІЖӨ-нің көлемінің азаюына әкеп соғады және ол ішкі экономикамызды әлсіретуі де мүмкін. Сондықтан да біздің экономикалық саясатымыз ең алдымен әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа негізделуі керек, деді ол. Сондай-ақ, Үкімет басшысы отандық өнім өндірушілерді тұралатып алмау мақсатында және кредиттік белсенділік пен инвестициялық тартымдылықты бәсеңдетпеу арқылы жұмыссыздықтың алдын алу жайына жан-жақты сараптама жасау керектігін де ескертті.
Үкімет басшысы осы сәттен бастап теңгенің айырбас бағамы нарық сұранысы негізінде және іргелі ішкі және сыртқы макроэкономикалық факторларды ескере отырып қалыптастырылатынын айтып өтті.
«Бұл айырбас бағамы әлсіреуге қарай, сондай-ақ, нығаюға қарай өзгеруі мүмкін екендігін білдіреді, оны әлем экономикасындағы және ішкі валюта нарығындағы жағдай анықтайды», деді Премьер-Министр.
Ол сондай-ақ, Ұлттық банк теңгенің айырбас бағамы деңгейін қалыптастыруға араласпайтынын, алайда елдің қаржылық жүйесінің тұрақсыздану қаупі туындаған жағдайда валюталық интервенция жүргізу арқылы ішкі валюта нарығына қатысу мүмкіншілігін өзіне қалдыратынын айтты.
Мемлекет тарапының араласуынсыз нарық сұранысы мен ұсыныс негізінде айырбас бағамын қалыптастыру экономика өсімінің сауығуына, несие және инвестициялық белсенділіктің артуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, орта мерзімді болашақта инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендетуге қажетті алғышарт құрады.
К.Мәсімов айтып өткендей, инфляциялық таргеттеу режіміне негізделген жаңа ақша-несие саясатын жүзеге асыру экономикалық саясаттың стратегиялық міндеттерін – отандық экономиканың ұзақ мерзімді тұрақты өсіміне қол жеткізуге, инфляцияның төмен деңгейін сақтауға, жұмыспен қамту деңгейін арттыруға және ел халқының әл-ауқатын жақсартуға жәрдемесетін болады.
Премьер-Министр сөзінің қорытындысында теңге бағамының еркін жіберілуіне байланысты бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеуді тапсырды.
«Өңір әкімдері штабтарға басшылық жасап, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмектерінің деңгейін арттыру арқылы халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына қолдау шараларын қабылдауы тиіс. Сонымен қатар, бағаның, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер мен қызметтер бағаларының негізсіз өсіміне жол бермеу бойынша ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырамын», деді Үкімет басшысы.
К.Мәсімов сонымен қатар, жедел шараларды жалпы үйлестіруді өзінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа, ал әлеуметтік мәселелерді орынбасары Бердібек Сапарбаевқа жүктеді.
Премьер-Министрдің мәлім етуінше, сенбі күні Үкімет отырысы өтіп, онда құрылымдық реформалар топтамасы, жедел шаралар, бюджеттік сипаттағы мәселелер және одан арғы макроэкономикалық саясат талқыланатын болады.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».