18 Мамыр, 2015

Хоккей. Канада – әлем чемпионы!

324 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
18-05-2015-Canada 01АСТАНА. 18 мамыр. Хоккейден Чехияда өткен әлем чемпионаты мәресіне жетті. Финалда Ресейді 6:1 есебімен тас-талқан етіп жеңген Канада 25-ші рет әлем чемпионы атанды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Канада – Ресей 6:1 (1:0, 3:0, 2:1) Голдар: Коди Икин 19, Тайлер Эннис 22, Сидни Кросби 28, Тайлер Сегин 29, Клод Жиру 49, Натан Маккинсон 50 – Евгений Малкин 53. Чехия астанасы – Прагадағы «О2-Арена» мұз айдынында өткен кездесуге 17 383 жанкүйер жиналды. Ойынның алғашқы кезеңі тең дәрежеде өрбіді. Үзіліске 1 минут қалған кезде есеп ашқан канадалықтар екінші кезеңде ойынға толық бақылау жүргізді. Тіпті матчтың бұл бөлігінде Ресей хоккейшілері тек айдыннан қуылуымен ғана есте қалды. Шешуші кезеңде де қарқынын жоғалтпаған солтүстікамерикалықтар соңғы секундтарға дейін белсенділік танытты. Нәтижесінде Ресей чемпиондық атағын қорғай алмады. Ойын барысында Канада құрамасы 37 соққы жасаса, Ресей хоккейшілері 12 рет қарсыластар қақпасын нысанаға алды. Айып уақыты бойынша да Солтүстік Америка өкілдерінің нәтижесі үздік (4 - 10). Бұл Канаданың 37-финалы. Соның 25-інде әлем чемпионы атағына қол жеткізген. Дегенмен, олар 2009 жылдан бері «алтын» тұрмақ, жүлдеге де іліге алмай келді. Сол жылы әлемдік доданың күміс жүлдесіне қол жеткізген Канада өткен жылы 5-орын алған болатын. Осы ойынды қоса есептегенде екі құрама әлем чемпионатының финалында 3 рет кездесті. Әзірге жалпы есеп Ресейдің пайдасына 2:1. Ал жалпы, әлемдік дода барысында қос қарсылас 16 мәрте күш сынасқан. Бұл ретте жеңіске жету көрсеткіші бойынша есеп тең (8:8). КСРО кезіндегі ойындарды қосқанда Ресей үшін де бұл 37-ші финал болғанын айта кетейік. Соның 27-сінде чемпион атанған орыстар 10 мәрте күміс жүлдемен шектелген. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: eurosport.ru.