19 Шілде, 2010

ӘЙЕЛ ӘЛЕМІ

992 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
АНАЛАР – ҰЛТТЫҢ БАЙЛЫҒЫ Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы Рахима Қаржаубайқызы Ахметова бүгінгі әйел-ана тірлігі жайлы әңгімелейді. – Әңгімемізді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демография­лық саясат жөніндегі комиссия жұмысының мақсатынан бастасақ. – Комиссияның негізгі мақсаты – от­ба­сы мен әйел, бала мүддесін қорғау, қоғам­ды дамытуға мүдделі, прогресшіл, ұрпақ бо­ла­шағына жанашыр, ой-өрісі кең әйелдердің қатарын көбейту. Осы ретте облысымызда республикада алғаш рет үйден оқылатын мүм­кіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы “Мүмкіндігі шектеулі балаларды қашықтан оқыту” пилоттық бағдарламасы әзірленгенін ауыз толтырып айтуға болады. Қызылорда қаласындағы мүмкіндігі шектеулі 34 балаға ноутбук сыйға берілді. Барлығы интернет желісіне қосылып, жыл бойына тегін пайдалануға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, балалардың өмірін жақсарту мақсатында балалар және сәбилер үйінде тәрбиеленуден отбасылық тәрбиеге көшіру тәжірибесін республикада бірінші болып бастадық. Қа­зіргі таңда 337 баланы 258 отбасы патронат­тық тәрбиеге алды. Патронаттық тәрбиеге 2009 жылы 98,0 млн. теңге, 2010 жылы 106,7 млн. теңге қарастырылған. Облыстық комиссия көпбалалы отбасы­ла­рын, үлгілі отбасыларын марапаттау мақ­сатында “Отбасым – мақтанышым”, “Әкем – асқар тауым, анам – мөлдір бұлағым” атты мерекелік қабылдауларды, “Ақ жау­лық”, “Аналар – уақыт пен қоғамның алтын көпірі” атты батыр аналармен басқосуларды өткізуді дәстүрге айналдырды. Облыстық комиссияның ұйымдасты­руы­мен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай соғыс жесірлеріне әлеуметтік қолдау көрсету мақ­сатында “41-ші жылдың қалыңдықтары” атты қайырымдылық акциясы өткізілді. Осы ретте “Торғай Петролеум”, “ПетроКазах­стан”, “Қор” мұнай компанияларының қол­дауының арқасында 80 мен 91 жас аралы­ғын­дағы 35 жесір аналарға 350 мың теңгенің кө­лемінде мерекелік сыйлықтар тапсы­рылды. Отбасының төмен тұрмысы, баланың тәртібі, ата-ананың парызы неге азаматтан сұралмайды? Үйренген әдіспен барлығына әйелді төпелейміз. Бәлкім, сондықтан болар отбасының беделінің түсуі де сондықтан болар. Зерттеулер көрсеткендей, бүгінгі жас­тардың елеулі бөлігі батыс елдеріне еліктеп тіркелмеген некеде тұрады. Демографиялық жағдай нашарлауда. Көптеген отбасы жұп­тары бір баламен шектеледі. Отбасындағы балалар тәрбиесінде әкелердің ықпалы азайды. Осындай күрделі мәселелердің шешілуіне атсалысу облыстық комиссияның міндеттері деп білеміз. – Елбасымыздың тікелей ықпалымен көп балалы аналарға деген қамқорлық қолы созылып та келеді емес пе?! – Әйел-ана туралы айтқанда, ең алды­мен өзіңіз айтқандай, Батыр аналарды ауызға аламыз. Бетке ұстарымыз да – сол аналар. Облыста 8 мыңнан астам көпбалалы аналар бар, оның ішінде 4332-сі Батыр ана. Олар­дың арасында Ең­бек Ерлері Шы­рынкүл Қазанбаева мен Сәлима Жұ­ма­бекова сынды Батыр аналарды біз әрқашан мақтан етеміз. Сыр елі қашанда көпбалалы отбасы­ларының берекелі мекені болып есептелген. Бұл дәстүр заманның қиындықтарына қарамастан, қазір де сақталуда. Соңғы үш жыл көлеміндегі мәліметтерге зер салсақ, бала туу көрсеткіші екі есеге өскен. Өткен жылдың қорытындысы бой­ынша, облыста 99699 бала өмірге келіпті. Ал, үсті­міз­дегі жылдың өт­кен бес айында тек Қызылорда қала­сында ғана 2484 бала дүние есігін ашқан. Олардың денсаулығы, жал­пы жағдайы айтарлықтай. Соңғы кезеңдері аналардың өмірге егіз, үшем әкелуі жиі кездесуде. Бұл күндері облыстың 5 жас от­басында үшемдер өсіп келеді. Өткен жылы егіз босанған аналар саны 54 болса, биылғы жылдың осы мерзіміне дейін 15 ана болып тұр. Үшемдер мен егіздердің аналарының жас шамасы 25-37 жас аралығында. Осы ретте, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия әйелдердің өмірге ұрпақ әкелу, денсаулығын сақтау жөнінде түрлі ақпараттық-насихаттық шаралар, атап айтқанда, қоғамдық тыңдаулар, дөңгелек үстелдер, қайырымдылық акциялар өткізеді. – Бүгінде әйелдердің билікке, саясатқа, кәсіпкерлікке бетбұрыс жасауы белең алып келеді. – Облыстың мемлекеттік билік орган­дарында қызмет атқаратын әйелдердің үлес салмағы 46 пайызды құрағанмен, олардың 7 пайызы ғана шешім қабылдау деңгейіне көте­ріл­ген. Қазіргі таңда екі әйел ғана аудан әкім­дерінің орынбасарлары. Жергілікті мәслихат­тар хатшылары арасында бірде-бір әйел жоқ. Осы сәтте көп нәрсе әйелдердің өздеріне бай­ланысты болып тұр. Шығыс менталитеті дейміз бе, жоқ, қазақ әйелдеріне тән ұяңдық дейміз бе, әйтеуір қазақ әйелдерінің арасынан аса белсенділік танытып, билікке ұмтылатын­дарының саны жоқтың қасы деуге болады. Қоғамда, мемлекеттік билік құрылымдарында әйелдердің көбірек болуы, биліктің байыпты болуына, бүгінгі қоғамның ескерілмеген, мән берілмей жүрген проблемаларының шешілуіне жол ашатыны анық. Сондықтан іске жаны ашитын ер-азаматтар білімді, саяси сауатты, әлеуметтік тұрғыдан алғанда белсенді әйел­дер­дің өсуіне үрке қарамай, керісінше, оларға қолдау көрсетсе одан қоғамымыз ұтпаса, ұтылмасы анық. – Соңғы сауал сіздің ойыңызша, бүгінгі отбасы, тәрбиесінде ескерілмей жатқан жайт не? – Несін жасырамыз, қазақ отбасында ата-ана өз балаларының сезімдеріне, жыныстық тәрбиесіне көңіл бөлмейді. Бұл тақырып қазақ отбасында жабық тақырып болып есептеледі. Есесіне, осы мәселелерге байланысты қажетті “білімді”, “тәжірибені” жастарымыз сырттан жинайды. Сол себептен болар, махаббат сезімінің құнсызданып кеткені, отау құруда, өмірлік жарын іздеуде жастарымыздың жауапсыздық танытатыны. Тағы бір айта кететін жайт, отбасында әкенің рөлін күшейту керек. Олай дейтінім, “Әкеңнен сұра”, “әкең біледі” деп тәрбиелеп отырған отбасының тәлімін көрген қыз ертең ерін, ұл-қызын сыйлайтын болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Еркін ӘБІЛ. ҚЫЗЫЛОРДА. БІЗДЕ ДӘРІГЕР БІР ҚЫЗ БАР Қазақстан Республикасының Президентінің Іс басқармасының меди­ци­налық орталығының емханасы күндізгі стацио­нарлық бөлімінің меңгерушісі, жоғары дәрежелі терапевт Айгүл Ысқақова еңбегімен алғыс арқалаған дәрігердің бірі. Ол Қарағанды мемлекеттік медициналық институтының емдеу факультетін бітірген. Алатау баурайындағы “Алма­ты”, Көкшетау өңіріндегі “Оқжетпес” ши­пажайларында дәрігер, бөлім меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары қызметтерін атқарды. 2001 жылы Астана қаласына қоныс аударып, Ұлттық ғылыми медициналық орталықта еңбек етті. Айгүл қазақ қызына тән ибалы мінезімен, мәдениетті де парасатты қарым-қатынас жасау арқылы алдына келген адамның көңілін көтеріп, жан-жүрегіне жылылық ұялатады. Айта кету керек, Дәулет Ильясов деген наға­шы атасы Айгүлдің кішкентай кезінде: “Мен мал дәрігері болсам, Айгүл балам адам емдейтін дә­рігер болады” деп оның мамандық таңдауына ықпал етіпті. Бұған қоса анасы Марал Дәулет­қызы, нағашы ағасы Әбілхакім Ақмағамбетұлы да танымал дәрігерлер. Әулетке бақ-береке әкелген мамандық Айгүлді де абыройға бөлеп келеді. Медицина ғылымдарының кандидаты дә­режесін алу үшін ғылыми жұмыстармен айна­лы­сып жүрген ізденуші. 30-дан астам ғылыми жұмысы мен методикалық еңбектері жарық көрген. Көптеген республикалық және халық­аралық конференцияларға қатысып, өзі зерттеп жүрген тақырып бойынша сөз сөйлеп жүр. Қа­зақстан және Ресейдің терапевтер мен нефро­лог­тар ассоциациясының мүшесі, запастағы офицер. Қазір Айгүл Қайрол­ла­қызы жетекшілік жасайтын бөлімде біліктілігі жоғары мамандар еңбек етеді. Со­ның ішінде тәжірибелі мед­бикелер Майра Жаңбыр­ши­на, Бибігүл Теңселбаевалар өз ісіне ұқыпты қарайтын жандар. Аталған емхананың жеке мамандары да емде­лу­шілерге қажетті кеңесті бе­ріп отырады. Кең де жарық бөлме бірнеше бөліктерге бөлінген. Дегенмен, әрбір емхананың кішігірім түйт­кілді мәселелері болады. Мұн­да бөлменің тарлық етіп тұрғаны байқалады. Барлық емделуші үлкен бір бөлмеде жатады, дәрігерлердің жұ­мыс орны да осында. – Біздің бөлімде мем­ле­кеттік қызметкерлер күндізгі уақытта ем алады. Сондай-ақ, бұл медициналық диагностика жүргізуге арналған бөлім. Бұл жерде емделушілердің көктамырына тамшылатып дәрі құю, бұлшық етке ем салу жұмыстары жүргізіледі. Мем­лекет­тік қызметкерлер үшін өте тиімді ем алу орны. Бір жағынан уақыт ұтатын болса, екіншіден, экономикалық тұрғыдан тиімді. Әрі жауапты қызметтегі адамдардың ауруханада жатпай-ақ, арнайы демалыс алмастан емделуі үшін ұйым­дастырылған. Әр адамның денсаулығына байланысты бір апталық не­месе он күндік емделу пайы­зын белгілейміз. Бізде му­зыка терапиясы да қолда­ны­лады. Адамдар әрі ем қабыл­дап жатса, екінші жағынан нерв жүйесі де тынығады, – дейді А.Ысқақова. Шынымен де, емхана Аста­наның сол жағалауында орналасқандықтан, барлық мемлекеттік әкімшілік орган­дарға да жақын. Айталық, қызметтегі адам кейбір ауруы­на жеңіл-желпі қарап, емделмей жүре береді. Ауру­ханаға жатқысы келмейді. Сондайда күндізгі бөлім оларға көмекке келеді. Бұл аурудың алдын алумен айна­лысатын бөлім десек, қателеспейміз. Күн сайын 35-40 адам бір уақытта келіп, емін алып тұрады. Олар дәрігерлердің қызметіне құрметпен қарайды. Бойына қуат алғандар ақ желеңді абзал жандарға әрдайым алғыс айтып, ризашылықтарын білдіріп жүргенін айта кеткеніміз жөн. Айбатыр САМЫҒОЛЛАҰЛЫ, журналист. АСТАНА БАҚЫТ ДЕГЕНІМІЗ – БАЛАНЫҢ КҮЛКІСІ дейді 38 жасында “Алтын алқа” иегері атанған ұстаз-ана Әйел-ана бақыты деген ұғым жиі ай­тылады. Осы сөздің жалпы мағынасына ой жіберсек, оның ұшы-қиырына жете ал­масың анық. Бұл “Бақыттың” белгілі фор­муласы, түрі мен сипаты жоқтығынан болар. Демек, оны айту бар да, түсіну мен түйсіну жағы басқа. Тағдырдың сый­ы­­мен өмір сүру, оның қиындығы мен қы­зығын көрудің өзі де бақыт екенін көбіне біле бермейміз. Пайғам­бары­мыз­дың хадис­терінде пенденің тақуалығы, өмірге деген құштарлығы, бір-біріне де­ген адами биік қасиеттерімен өлшенетіні айтылған десек, Гүлмира Иманғалиева ша­ңырағын шаттыққа бөлеген он бір шы­рағының ортасындағы әр сағатын ба­қытқа балайды, ешбір игіліктермен өлшемейді. Қос бұрымын сәндеп өріп, арман қуған жастық шағы бүгінгідей есінде. Пан­филов ауданындағы Қоңырөлең орта мектебін үздік аяқтағандағы арманы да асқақ еді. Бірден ҚазМҰУ-нің заң фа­культетінің кешкі бөліміне оқуға қабыл­данып, қара қылды қақ жарған заңгер болу үшін студенттік күндерін бастаған. Қы­зының ертеңгі күніне алаңдаған кейуа­на түнгі оқуды қаламады. Анасы­ның дегеніне көнген ол келесі жылы тағы да бағын сынау үшін ауылға қайта оралады. Тағдыр деген жазылмаған кітап. Сол кезде өмірінің басқа арнаға бұрылатынын Гүлмира үш ұйықтаса да ойламапты. Сарытөбеліктер де оның алған бетінен қайтпайтын өткірлігіне, еңбекқорлығына сеніп “Түбінде осы қыздан жақсы маман шығады” деп сенім артқанын да әлі күнге айтады. Жақсыға кім көз салмаған. Қызға сыртынан қызыққан чешен жігіті Сулайман оны алып қашып, шаңырағына келін ғып түсіреді. Өзге отбасының табалдырығын аттаған оның алдында екі таңдау – бірі үйі­не қайта оралу, екіншісі түскен шаңырағы­ның түтінін түзу шығару. Қазақ қызының ибалығы мен табалдырық аттағаннан кейін­гі жауапкершілігін сезінгендіктен, өзге ұлт от­басындағы оның өмірі осылай жалғасыпты. Қуғын-сүргіннің құрбаны болып, қа­зақтардың қонақжайлылығы арқасында сарытөбеліктерге бауыр басқан атасы Ха­сан­ның ұлтымызға деген ерекше ықыласы мен тілімізге деген құрметін сезіне отырып, отбасындағы әйел қауымына деген талаппен кейбір қатаң салт-дәстүрді жеңіп, бір кездері алдына қойған мақсатына жету үшін талпынған. Осылайша өмірге сәби әкеле жүріп, Жаркенттегі педагогикалық училищенің мектепке дейінгі бөлімін бітіріп, еңбектен де қол үзбейді. Жас келіншек білімін одан әрі жетілдіру мақсатында Алматыдағы Қыздар педа­го­ги­калық университетіне 1991 жылы сырттай оқуға түсіп, 1997 жылы отбасына жетінші баласы келгенде диплом алған ол жас ұрпақ тәрбиесіне белсене араласып, тәжірибесін одан әрі толықтырады. – Бақытты – балаларымның дені сау, жақсы білім алып, қоғамнан өз орнын тапқанымен өлшеймін. Елімізде көп балалы аналарға барлық жағдай жасалған. Соған орай оларды еңбекқор, кішіпейіл етіп, адалдыққа тәрбиелеу ата-анаға үлкен міндет жүктейтінін білемін. Тұңғышым Милана Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгі­ров атындағы университеттің психология факультетінде, ұлым Руслан Жаркенттегі гу­манитарлық-техникалық колледжді бітіріп, еңбек жолын бастады. Дианам Алматы Қыздар педагогикалық университетінің био­логия факультетіне грантпен оқуға қабылданып, білім алуда. Наятым меди­ци­налық колледжде, Зелімхан №18 кәсіп­тік мектепте дәнекерлеуші мамандығын игеруде. Бәрі де оқуда озат. Оларға өз елін сүйіп, оның жарқын болашағы үшін еңбек ету қажеттігін түсіндіремін. Отба­сымызда бір-бірімізбен қазақша сөйлесіп, мемлекеттік тілді олардың жетік мең­геруі­не ерекше назар аударудамыз, деді ұстаз-ана. Иә, айтса айтқандай, 38 жасында он бір баланың анасы болған Гүлмира талай қиындықтарға кездесіп, бойындағы жігер­лілігі арқасында бақыт деген сөздің шуа­ғына шомылып келеді. “Алтын алқалы” ана облыс әкімі Серік Үмбетовке жағ­дайын айтып хат жолдаса, мәселе оң ше­шіліп, Жаркент қаласындағы коммунал­дық пәтерден кең, әрі жарық баспана алуын ол өмірдегі үлкен қуаныш деп қа­был­дапты. Сонымен қатар басқа да әлеуметтік қажеттіліктер шешімін тауып келеді. “Алтын алқалы” ана қазіргі кезде №6 мектеп-интернатта орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Ұстаз шәкірт жүрегіне жол тауып, әрдайым олардың ортасынан табылуда. Әр баланың өмірге деген көзқарасының қалыптасуына қосып жүрген ананың, ұстаздың үлесі де мол. Сонымен қатар, ол балаларының бақыты үшін кездескен қиындықтарды жеңіп, алдағы күндеріне үлкен үмітпен қарайды. Бақыт деген киелі сөздің мағынасын терең түсініп, оны өз өмірімен байланыстырады. Әр адамның жанында күнделікті бірге жүретін шуақты шағы болатынын өзгелерге жеткізуді өтінеді. Әйел қауымының қолындағы береке мен бірлік біріккенде бақытқа баланатынын да жасырмайды. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.