Филиппиннен келген бір азаматшаның Таразда қазақ тілін үйреніп, арнайы курста оқып жатқаны туралы әңгімені алғаш бір жиын үстінде естідім. Жамбыл облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы, қашанда қазақ тілінің шын жанашыры болып жүрген Үртай Сапаққызы осынау жайтты асқан қуанышпен айтты. Шынында, шетел азаматшасының қазақ тіліне қызығушылық танытып, уақыт бөліп, үйренуге талпынғаны бізді де қуантты.
Грейс Педригал – Филиппин азаматшасы. Дәл қазір мемлекеттік тілді оқыту орталығында қазақ тілі курсының бастауыш деңгей тобында оқиды. Сабақ күніне 2 сағаттан, аптаның бес күнінде жүргізіледі екен. Біз Грейспен мұғалімдері арқылы тілдестік. Мемлекеттік тілді енді үйреніп жүргендіктен, қара қыз қазақша амандасқанымен, кей сөздерді ғана қазақша айтып отырды.
– Мен Филиппиннің астанасы Манила қаласындағы университетте оқимын, – деді бізбен әңгімесінде Грейс Педригал. – Менеджмент және туризм мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Оқу орны басшылығы тәжірибе алмасу мақсатында студенттерді шетелдерге жібере бастағанда, Қазақстанды өзім таңдап алдым. Мені осы елдің адамдары, тарихы, тұрмысы, қазіргі тіршілігі, мәдениеті қызықтырды. Мишель деген құрбым екеуміз алдымен Қарағанды қаласына келдік. Осы жерде кез келген ұлттың тарихын, тұрмысын терең білу үшін ең алдымен оның тілін үйрену керек екенін ұқтым. Сөйтіп, Қарағандыда курсқа аптасына үш мәрте барып жүрдім. Бірақ кейінірек қазағы мол Таразға баруды дұрыс көрдім. Міне, бір айдан енді асты, осынау тарихи қалаға да бауыр басып, курстан қалмай, қазақша үйреніп жүрмін.
«Тараз қаласы қалай қарсы алды, көне шаһар ұнады ма? Жалпы, қазақ тілін үйрену қиынға соғып жүрген жоқ па?» деген сұрағыма ол былай деді:
– Қала бірден ұнады. Тал-терегі, ағашы көп екен. Адамдары да қонақжай, бауырмал. Сосын бұл қаланың ауа райы ұнады. Қазақ тілін үйрену алғашында қиынға соқты. Грамматикасын, методикасын үйрену тым ауыр болды. Бірақ қазір бәрін түсініп келемін. Алғаш рет «Сәлеметсіз бе? Менің атым – Грейс. Мен Таразда тұрамын. Тараз – әдемі қала. Рахмет» деген сөздерді үйрендім. Мұғалімдерге рахмет. Қазақ тілін үйрену үшін барлық жағдай жасап отыр. Университет бұл жаққа мені бір жылға жіберген. Әйтсе де, басшылыққа тәжірибе алмасу уақытын тағы да бір жылға ұзартуды өтінетін шығармын. Өйткені, Тараз қаласы да, адамдары да маған қатты ұнайды.
Әрине, шетел адамының қазақ тілін үйреніп жатқаны мемлекеттік тілдің мәртебесі өскендігінің бір көрінісі. Шетел азаматшасына тіл үйретуде тек қазақ тілі мұғалімдері ғана емес, сонымен қатар, орталықтың ағылшын тілі мұғалімдері де өз септігін тигізуде екен.
«Мемлекеттік тіл саясаты аясында атқарылып жатқан іс-шараларымыздың барлығы да болашақта еліміздің өркениетті елдер санатына қосылуына, мемлекетіміз бен ұлтымыздың мәртебесін танытатын, әлемдегі бай тілдердің бірі болып саналатын қазақ тілінің одан әрі өркендеуі мен дамуына, Қазақстанды мекендейтін барлық халықтың татулығы мен бірлігі, ана тілінің дамуына бағытталып отыр», дейді мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Күлшат Қожатаева.
Жалпы алғанда, Жамбыл облысы бойынша бүгінде 1478 адам мемлекеттік тілді үйреніп, оқып жатыр екен. Оның ішінде 27 ұлт өкілі бар болса, тіл үйренушілердің 43,6 пайызын орыс ұлтының өкілдері құрайтын көрінеді. 20,6 пайыз – дүнгендер, одан кейінгі орындарда өзбек, күрд, татар, корей және басқа ұлт өкілдері тұр.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.