05 Наурыз, 2015

Қарлыкөлдің Лидиясы

212 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
фотоБұрын Пахарь аталып келген шағын ауыл Қарлыкөлдің тіршілігі тақырланып қалған кез еді. Оңды-солды оңтайландыру оңдырмай соққан. Талан-таражға жақын­дау екенбіз. Оны да қойшы. Мәселе ой-тұлғаның әлсіздігінде болып тұр. «Жұмыс жоқ» деген желеу шықты. Ең қауіптісі осы. Ырың-жырыңнан жалыққан жастар жағы Көкшетауды, одан асып Астананы жағалай бастаған. «Ала дорбаларын» арқалаған әйелдерін автобусқа шығарып салып, үйіне сыймай отырған ағалардың пұшайман күйін суреттеу қиын. Бәрінен ауыл шеті селдірей бастағаны батады. Бір күні, 2008 жылдың ерте көктемінде, кеңшардың қараусыз қалған мал қора­сының орнында трактор, машинаның даусы шығып, қызу жұмыс басталып кетсін. Бұл кезде «огороды» мен қора-қоп­сысының ырыздығын нәпақа қылатын ауыл да біршама есін жиып алған. Еті тірі­лер ауыл шетін дүрілдеткендерге «Бұл қа­лай?» деп жатыр. Қызылкүрең «Жигу­лиден» қаршығадай келіншек түсті. Жүрісі ширақ, жүзі жылы көрінді. Ашық-жарқын аман­дасып, мән-жағдайды түсіндіріп жатыр. Көкшетауда тұратын Лидия Карна­шаускене екен. Осы аттас шаруа қожа­лығын құрыпты. Аукциондық сауда-сат­тық, жергілікті атқарушы билікпен келі­сімшарт, бизнес-жоспар сияқты құжат­тары тап-тұйнақтай. Жымиып қана «Ал, жер­лестер, жұмысты бастайық», дейді. Ауыл «бастасақ бастайық» дегенді айтып қалғанымен, көңілде сенімсіздік сейілмей тұрған. Онысы «мынау қала­ның қызы, малға малдай жан керек қой» сыңайындағы пәлсапа. Ол ойды қою­латқандай тағы бір қызық болды. Араға жұма салып Лидиямыз жүк көлігінен бір сиыр, бір жылқыны түсіріп жатыр. Сын­шымыз ғой. Күлкіге тұншығып, «Айдағаның бес ешкіні» алға салып, бұры­лып кеткендер болды. Бұрылмағандар да бар. Олар қателеспеген екен. Келесі жұма­да төрт көліктен 15 сиыр түсіріліп жатты. Лидия ынта-ықыласымен қоса қажыр-қайраты үйлесіп тұрған жан болып шықты. Күндіз-түні мал басында. Күйеуі Артур екеуі бір тынбайды. Алдымен жұмысқа Лариса Якуш пен Ботакөз Жетпісованы алды. Сауыншылыққа. Қарлыкөлдің өзге тұрғындары да шағын ферманы жағалай бастаған. Аудан басшылары да келгіштеп жүр. Бү­гінде «Карнашаускене» шаруа қожалы­ғының қарауында 250 ірі қара бар. Бақташылардың мініс аты баяғы кер биеден тараған. Оның жүз елуі сауын сиыр. Төл төгіні де еселеніп келеді. Былтыр асыл тұқымды екі бұқа сатып алды. Бұл енді ертеңгі күнді ойла­ғандық. Басты бағыт – малды өз төлі есебінен өсіріп, өнімділігін арттыру. Снимок – Ақпанның өзінде 25 сиыр бұзаулады, дейді шаруа қожалығының бригадирі Ерлан Есмағамбетов. Қысқы сауын көңіл көншітеді. Әр сиырдан тәулігіне 15 литр­ден сүт алудамыз. Көкшетау қаласындағы сүт зауытына литрін 60 теңгеден тапсырамыз. Өткен жылы шаруашылық қожасы Лидия Александровна сүт тасымалдайтын көлік сатып алған. Бұл өнімнің сапасын кемітпеуге, өзіндік құнын төмендетуге септік жасауда. Ауыл округінің мал дәрігері Дәуренбек Зәлеловтің көмегімен сиырды қолдан ұрықтандырып, алынған төлді ғылыми негізделген жүйемен бағып-күтеміз. Қазір бізде ауылымыздың 12 адамы жұмыс істейді. Айлық жалақысы 50 мың теңгеден төмендеген жоқ. Бұл тәп-тәуір қаражат. Басшымыз қарлыкөлдіктерге отын-су, мал азығын қамдауға көмектесіп тұрады. «Карнашаускене» шаруа қожа­лығының бір ерекшелігі осы күнге дейін өз қаражатымен бүкіл шаруаны жайғастырып келгендігінде. Әйткенмен, кәсібің кеңейген сайын шығынның да ере жүретіні белгілі. Сондықтан, Лидия бұрынғы екі трактордың үстіне жаңадан әмбебап трактор сатып алуды көздеген. Оның да орайы келе қалды. Алған техникасы жеті миллион теңгеге бағаланса, Үкімет дотациялық тәртіппен екі миллион теңгесін қайтып берген. Қазір өндірісті кластерлік ба­ғытта өркендету үшін Зеренді ауданы әкім­дігінің жанынан құрылған «Үміт» кәсіпкерлікті дамыту орталығының» басшысы Берік Әбутәліповтің қарауына тиісті құжаттарды тапсырған көрінеді. Бірақ, Лидия Александровна оның бүге-шігесін айтып жатпады. Біз де сұрамадық. – Мемлекет ауыл өндірісін дамытуға барлық қолайлы жағдайларды жасап отыр, – дейді Лидия Карнашаускене. – Біздің ауданымызда ірі қараға арналған «Сыбаға», жылқы өсіремін десең «Құлан», қой шаруашылығымен айналысқыңыз келсе «Алтын асық» арнайы бағдарламалары жұмыс істейді. Менің көптен шешілмей жүрген бір мәселем бар еді. Өзіміздің Бұлақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Бекішевтің араласуымен ауданның бұрынғы әкімі Ербол Сағдиев (қазір Сандықтау ауданының әкімі) жайылымы, егістігі бар бақандай 500 гектар жерді жалға берді. Осының арқасында балауса шөп пен құрама-жем азықтан тарынып көрген жоқпыз. Болашаққа жақсы жоспарлар құруымызға да мүмкіндік туды. Ауыл адамдары оны Қарлыкөлдің Ли­диясы дейді. Мұны жас кәсіпкер өз фа­милиясының қиындығынан, мүмкін ел ішінің құрметінен деп қабылдайды. «Мен күйеуімнің фамилиясындамын. Артурдың ұлты литва. Негізі бізді интернационалдық отбасы деуге келеді. Менің әкем орыс, шешем татар. Екі ұлымыз бар. Үлкеніміз Арвидас Вильнюс университетін би­ыл еңбекті ұйымдастыруды басқару маман­дығы бойынша бітіреді. Туған елде жұмыс істеуге дайындалып жүр. Кен­жеміз Дарюс 11-сынып оқушысы. Елбасы 2015 жылды Ассамблея жылы деп жа­рия­лағанына қуанамын. Біз алдына биік мақсаттар қойған, оған жетуге толық мүмкіндік жасаған елдің, көп­ұлт­ты Қазақстанның азаматы екен­дігіміз­ді мақтан етемін. Барлық аналарды, заман­дас­тарымды көктеммен бірге келетін 8-нау­рыз мерекесімен құт­тықтай кетсем дей­мін. Әйел-ана елдің де, отбасының да ал­тын арқауы ғой», дейді Қарлыкөлдің Лидиясы. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы, Зеренді ауданы. Суреттерді түсірген Төлеген Қосшығұлов.