01 Сәуір, 2015

Лингвистикалық тіл академиясы ашылды

356 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бұған дейін жұмыс істеп келген Мемлекеттік тілді оқыту орталығы лингвистикалық тіл академиясына айналдырылды. Оның директоры Жанат Мұха­меджановтың айтуына қарағанда, академия қызметі «Үш тұғырлы тіл» мәдени жобасы аясында ұйым­дастырылып, «Тіл туралы» Заң талаптарын жүзеге асыруға бағытталады. – Мемлекет тілді меңгеруге тілек білдірген екі мыңға жуық тыңдаушыға дәріс тегін жүргізіледі. Ол үшін тендер арқылы 32 миллион теңге қаражатқа ие болып отырмыз, – дейді «Қызылжар» қосымша білім беру және қызмет көрсету орталығы» ЖШС-нің жетекшісі Ж. Мұхамеджанов. Академияда «Алақай» атты балалар тіл үйрену үйірмесі жұмыс істейді.Онда 5-6 жастағы балдырғандар мен 1-4-сынып оқушылары сабақтан тыс уақыттарда өз білімдерін жетілдіре алады. Ең басты жаңалық сол, жұртшылықтың сұранымдары ескеріліп, ағылшын, неміс, түрік тілдерін үйрету курстары да құрылып отыр. Сабақ беруге жоғары оқу орындары мен мектептерден 40-қа тарта білікті мамандар тартылған. Болашақта АҚШ, Канада, Түркия, Фран­­­ция, Англия секілді мемлекеттерге ба­ру, тә­жірибе алмасу жолдары да қарас­тырылған. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.