нәтижесінде қауіпсіздік бел ала бастады
Еліміз туберкулезбен күресте нешінші орында тұр? Туберкулезсіз Қазақстанды елестету мүмкін бе? Мамандар бұл қауіпті дертте тиімді әдістерді қолданып жүр ме? ДДҰ мамандарының отандық туберкулезбен күрес саласына берген бағасы қандай? Міне, осындай өзекті сұрақтарға Алматыда Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың ұлттық сараптамалық орталығында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген конференцияда жауап іздеуге талпыныс жасалды.
Қазақстан еуропалық аймақтағы көп дәріге төзімді туберкулездің деңгейі жоғары 18 елдің қатарына кіреді. Бұл жерде бірінші кезекте, еліміздің барлық аймақтарында туберкулез диагностикасында инновациялық әдістердің қолданылуын атап өтуіміз керек. Соңғы 10 жылдағы осы ауруға қарсы арнайы бағытталған және үздіксіз шаралар еліміздегі тұрғындардың туберкулезге шалдығу көрсеткішін 54,9, ал өлім-жітім көрсеткішін 77,4 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда ауруға шалдығу ықтималдылығы 9,5 пайызға азайып, көрсеткіштер 73,4-тен 66,4-ке дейін қысқарған. Өлім-жітім көрсеткіші 16,1 пайызға жеткен. Бұған дейін 100 адамға шаққандағы көрсеткіш 5,6 болса, ол 4,7-ге дейін төмендеді.
Бір айта кетерлігі, елімізде бір ай бойы туберкулезге қарсы ашық есік күні өткізілді. Тұрғындар кез келген уақытта мамандардан кеңес алып, денсаулығын тегін тексертуге мүмкіндік алды. Сондай-ақ, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде де атқарылған жұмыстар бойынша есеп берілді. Ресми деректерге сүйенсек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) соңғы мәліметі бойынша жыл сайын 8 млн. 600 мыңдай адам туберкулезге шалдығады екен. Бұл есепке көп дәріге төзімді жарты миллион адамды қосып отыр. Және 1 миллион 300 мың адам жыл сайын осы дерттің себебінен көз жұмады.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулезбен күресті әлемдік мәселе деп танып отыр, – дейді Туберкулез проблемалары ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тілеухан Әбілдаев. – Осыған орай бір ай бойы ашық есік күнін өткіздік. Онда қарапайым халыққа туберкулез мәселесін, оның алдын алудың жолдарын жеткізуді мақсат еттік. Оған халықаралық ұйымдардың өкілдері мен өзіміздің әріптестеріміз атсалысты. Мұнда қандай шаралар қолжетімді, бүгінгі диагностика мен емделу мүмкіндіктерін халыққа көрсеткіміз келді. Кешенді шаралар арқылы өлім-жітім көрсеткішін 70 пайызға дейін төмендеттік. Бұл – мемлекттік саясаттың жемісі. Дәрімен қамту мемлекет бюджетінің есебінен жұмсалды. Бүгінде орталықта соңғы диагносткалық жаңалықтардың бәрі іс жүзінде қолданыста бар. Тек Алматы қаласында ғана емес, барлық облыстарда да қолжетімді. Халықаралық ұйымдармен де тығыз байланыстамыз. Ал туберкулезбен күресте БАҚ-тың рөлі мен көмегі өлшеусіз екеніне дау жоқ. Олар таратқан әрбір ақпарат құнды. Сондықтан, БАҚ қызметкерлерін бірлесіп жұмыс істеуге шақырамыз.
Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында туберкулезбен күрес шараларына бөлінетін бюджет қаржысы жыл санап арта түсуде. 2014 жылы бұл салаға 36244,5 млн. теңге, ал 2013 жылы 35472,2 млн. теңге бөлінген. Соңғы үш жылдағы қызмет бюджетінің өсімі 12 пайызға артты. Осы орайда Орталық Азиядағы USAID компаниясы директорының орынбасары Дэвид Браун туберкулезбен күресте Қазақстан билігінің белсенділігін айтты. «Қазақстан жер көлемі өте үлкен ел болса да туберкулезге қарсы күресте барлық аймақтарды қамти алып отыр. Жалпы, бұл дертке көп болып, бірлесе қарсы тұруымыз қажет. Сондықтан, біз алдағы уақытта да әріптестік қарым-қатынас орнатуға ниеттіміз», – деді Дэвид Браун.
«Қазақстанға – туберкулезсіз болашақ!» Бұл – биылғы жылдың басты ұстанымы. Дамыған елдердегідей Қазақстанда да туберкулезге шалдығу деңгейін төмендету негізгі мақсатқа айналып отыр. Елімізде бүгінгі таңда сөз болып отырған ауруға қарсы күрес барысында атқарып жатқан шараларға ДДҰ мамандары да оң бағасын берді. Еске сала кетейік, ақпанның 17-19-ы күндері Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бастамасымен Қазақстандағы туберкулезді эпидемиологиялық бақылауда ұстау бағасы бойынша ДДҰ-ның сарапшылары арнайы талдау жұмыстарын жүргізген. Олар отандық туберкулез саласындағы ақпараттық жүйе мен өзге де есептерді сенімді деп бағалады. Және туберкулез бойынша ақпараттар мен статистикалық көрсеткіштердің растығына көз жеткізді. І, ІІ, ІІІ топтағы препараттармен науқастарды үздіксіз қамтамасыз ету бұл дертті жеңудің бірден-бір жолына айналып отыр. Сарапшылар мұны да назардан тыс қалдырмады. Сол жолы ДДҰ-ның өкілі Филипп Глазью Қазақстанда туберкулезге қарсы күрестің белсенді түрде жүргізіліп жатқанын атап өтіп: «Қазақстан мемлекеттік деңгейде туберкулезбен күреске ерекше назар аударып отыр. Диагностика мен емдеудің инновациялық жеделдетілген әдістері халықаралық стандартқа сай. Ең бастысы, бұл республиканың әрбір азаматына қолжетімді», – деді.
Сондай-ақ, Алматы қаласының бас фтизиатры, Нұрлан Мұқышев туберкулезге шалдығу деңгейінің жыл санап азайып келе жатқанын алға тартты.
– Биылғы жылдың екі айындағы қорытындысы бойынша туберкулезге шалдыққан балалар мүлдем кездеспеді. Бүгінде адамдардың өз денсаулығына қарауға деген жауапкершілігі де жоғарылады. Бірақ ешбір жерде тіркелмеген мигранттар арасындағы туберкулез мәселесі әлі толық шешімін тапқан жоқ. Мұндай ауруға ұшыраған мигранттар емделейін десе, не құжаты, не өзге анықтамалары жоқ, – деді бас фтизиатр.
Конференция барысында Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының мамандары, Санитарлық-эпидемиялық сараптама мен мониторинг ғылыми-зерттеу орталығы директорының орынбасары Әлім Мазғұтұлы, Саламатты өмір сүру салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының директоры Жәмила Еркінқызы, Орталық Азиядағы USAID компаниясы директорының орынбасары Дэвид Браун және де басқа білікті мамандар баяндамалар жасады.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.