Оңтүстік астанадағы үздіксіз білім беретін Алматы университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай аталмыш оқу орнында оқитын әртүрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен «Бірлігіміз жарасқан, ортақ үйіміз – Қазақстан!» атты фестиваль өтті. Сондай-ақ, фестиваль аясында университеттегі «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері студенттерді Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 14 ақпан күнгі бастамасының негізінде өтетін президенттік сайлауға қатысуға шақырды.
Мерекелік іс-шараны ашқан университет ректоры Бауыржан Құлжабаев дәстүрлі Жолдаудың нақты экономикалық міндеттер қойып, ал сол міндеттердің табысты орындалуы мақсатында Қазақстан халқына бірліктің ауадай қажет екенін айта келіп, еліміздің береке, ынтымағы мен саяси тұрақтылығына ерекше үлес қосып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне жоғары баға бере кетті.
Ал студенттер атынан сөз алған 1-ші курс студенті Әлім Нұрахмет университет студенттерінің өзін өзі басқару кеңесі мен оқу орнындағы «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері жиналып, 14 ақпандағы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің бастамасын талқылай келе, онда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің студенттеріне үн қосқандарын, сөйтіп, Қазақстанның студент-жастарына арнап өз үндеулерін жариялағандарын жеткізе келе, алдағы сайлауға тек студенттерді ғана емес, барша қазақстандықтарды бір кісідей қатысуға шақырды.
Фестивальға арнайы қонақ ретінде шақырылған ҚХА Кеңесінің мүшесі, «Барбанг» күрдтер қауымдастығының президенті, ғылым докторы, профессор Князь Мирзоев: «Бүгінгі сіздердің барша студенттерге үндеу тастап, біздің бастамамызға қолдау білдіріп жатқандарыңыз мені ерекше қуантып отыр. Осындай жастары бар елдің ертеңі үшін алаңдамауға болады», деп ризашылығын білдірсе, ел бірлігінің, қазақ тілінің баянды болуына тер төгіп жүрген Алматы облыстық әзербайжан этномәдени бірлестігінің, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы, «Достық», «Парасат» ордендерінің иегері Асылы Осман университет студенттерінің өнеріне дән риза болды.
– Айналайын, қарақтарым! Бүгін біздерді қонақ ретінде шақырып, осындай тамаша концерт қойып, еліміздің жастарын елдікке, бірлікке шақыратын үндеу қабылдап жатқандарың мені қатты тебірентіп жіберді! Саясатты дұрыс түсінгендерің – мына сендерді оқытып жатқан ұстаздарыңның ерен еңбегі деп білемін», – деп толғана сөйледі Асылы апайлары.
Еліміздің ертеңі боларлық әртүрлі ұлт өкілдерінен тұратын студент-жастардың күшімен өткізілген мерекелік фестиваль – Қазақстан халқының ынтымағын паш еткендей үлкен әсер қалдырды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.