25 Тамыз, 2015

Алмағайып әлемнің аласапыран шақтары

380 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
24-08-15-Mir_i_krizis-2 Соңғы апталарда әлем елді елең еткізетін елеулі оқиғаларға толып тұр. Солардың арасында Еуропаға оңтүстік жақтан қаптап келіп жатқан босқындар легіне қатысты әңгімелер мен қозғалыстар күшеймесе, азая қойған жоқ. Мұның қабатында бірден күрт көтерілген Азиядағы екі корей мемлекетінің текетіресі де жұртты жіті қадағалауға мәжбүр етіп қойған тақырып болды. Сол сияқты Таяу Шығыс пен Ирак аумағын дүрліктіріп жатқан «Ислам мемлекеті» тобырының содырлары да өздерін назардан тыс қалдыра қоятын емес. Сальвадордың бір түрмесінде болған қырғынның өзі – бір шоғыр әңгіме. Мұның арғы жағында көпшіліктің көңілін күпті етіп отырған өзге мәселелер де жетерлік. Еуропада ерсілі-қарсылы салынып жатқан санкциялар мен эмбарголарды айтпағанның өзінде, «провинциялық деңгейдегі төтенше жағдайлардың» сан алуан түрлері мен сипаттары да бой көрсетіп қалуда. Әлемді жайлаған қаржы дағдарысы да біраз проблеманың басын шалып үлгерді. Осы сапта зардап шегіп жатқан іргелі компаниялар да баршылық. Мәселе енді онымен де тына қоймайтын сияқты. Тегінде, алмағайып әлемнің қазіргі аласапыран шақтары соңғы ғасырдағы ең күрделі кезеңнің бірі болып тұрған шығар. Босқындар Македониядағы полицейлер шебін бұзып өтті 24-08-15-Mir_i_krizis-1Сенбі күні Грекия жағынан құйылып келген босқындар легі Маке­донияның түстік шека­ра­сын­дағы полицейлер шебін бұзып өтті. Мұның алдында, сейсенбіде бұл елдің билігі сол шепте Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінен келген келімсектер керуенінің көлемі көбейе түсуіне байланысты солдаттарды да жіберуге мәжбүр болған еді. Олар елдің территориясына өтіп, одан әрі кәрі құрлықтың басқа мемлекеттері аумағына қарай кетпекші болған тобырдың жолына тосқауыл болуға тиісті еді. Бастапқыда әске­рилер өлермендікпен алға ұмтыл­ған тобырға қарсы пәлен­дей қатқыл әрекеттерге бармады. Бірақ, полицейлер бұлайша тып-тыныш тұра қойған жоқ, олар ырық бермей бара жатқан топқа қарай бірден шуылдақ гранаталар лақтырып, жақын келгендерін кеспелтектің астына алды. Ақы­рында олардың ұстанған тәсілдеріне армия мен арнайы жасақ жауынгерлері де қосылып кетті. Енді бұлар да көзден жас ағызатын құтылар лақтырып, жұрт­тың бетін қайтаруға тырыса бастады. Нәтижесінде босқындар жағынан бірнеше адам жарақат алып қалды. Жағдайдың мұнымен де тоқталмай, ушыға түскені сондай, бейсенбі күні елде төтенше жағдай жарияланды. Жалпы, соңғы айда Македония шекарасынан 40 мың адам заңсыз өтіп кеткен екен. Солардың 33 мыңы Сирия азаматтары болып шықты. Ал ендігі мөлшер шілде айындағы ауқымнан екі еседен де асып түсіп отыр. Бұған қоса, македон-грек шекарасының бейтарап алаңында тағы 4 мың адам жайласып алған екен. Грек жағынан тоқтаусыз келіп жатқан босқындар тасқынының нөпірі соңғы күндері екі елдің арасына қатынап тұрған пойызды да тоқтатып тастады. Бұл екі ортада Грекия астанасы – Афина қаласына тағы екі жарым мың адам топырлап келіп, Еуропа елдеріне өтуге уақытша рұқсат қағазын алып үлгеріпті. Олар мұнда Кос аралы арқылы келіпті. Содан кейін грек полициясы сол аралға барып Сирия, Пәкістан, Ауғанстан, Мьянма және Сенегал елдерінен жиналған қашқындардың алғашқы қайықтар партиясын тоқтатты. Енді бұл адамдар өздеріне құжат толтырылып бітуін тағы бір тәулік күтіп, артынан елдеріне қайтарылуы керек. Соған қарамастан, бұл маңдағы шатырлар қалашығының ауқымы барған сайын кеңейе түсуде. Олар сондай-ақ, осындағы қаңырап бос тұрған үйлер мен қираған мейманханаларға басып кіруде. Мигранттар Македонияға кі­рер кездерінде ықтимал босқын­дар ретінде тіркеліп, соны айғақтайтын құжаттар алады екен. Бұл оларға 72 сағат бойы елдің ішінде емін-еркін жүріп өтуге мүмкіндік береді. Бірақ, белгіленген мерзім біткеннен кейін олар елдің аумағынан шығып кетулері, не саяси баспана алып үлгерулері тиіс. Келімсектер тасқынының көп ауырт­палығын қазір Маке­донияның грек шекарасындағы Гевгелия қаласы тартып жатыр. Осы жерде босқындар Сербия астанасы – Белградқа дейін жетіп, одан әрі Венгрияға өтіп кету үшін пойыздарға шабуыл жасауларын тоқтататын емес. Ал «Македония темір жолы» осыншалықты адам ресурсын бір бағытқа қарай тасымалдауға шамасы келмейтінін мәлімдеді. Осыған байланысты ол қосымша вагондар беруді сұрайды. Бірақ, өтініш әзірге жауапсыз қалып отыр. Болгария мигранттардан құтылу жолын қарастыруда болгарияОсы кезге дейін Болгария аума­ғына өтіп кеткен босқын­дар­дың басым көпшілігі Түркия ар­қы­лы келген екен. Бұл тасқын алдағы уақыттарда да азая қой­май­тын сияқты. Сол себепті София елді Анадолы түбегімен жалғас­тырып тұрған шекараның 30 шақы­рымдық аумағын тас­тай етіп бекітіп тастауға шешім қабыл­дады. Дәлірек айтқанда, осы аумақ­та биік дуал тұрғызылып, шека­ра жабылады. Бірақ Болгарияда келімсектерге қатысты туындап отырған проблема жалғыз бұл ғана емес. Ен­ді түстік беткейдегі тасқынға қар­сы тоғанның осал шегенделген тұсындай болып Грекия шекарасы жатыр. Мұның үстіне, тап осы тұста жанындағы Македония грек аумағынан күн құрғатпай ағы­лып келіп жатқан босқындар жолына тосқауыл қою үшін онымен шекарасын жауып жатыр. Ендеше, ол жақтан тұмсықтары тасқа тигендер болгар жеріне қарай құйылмағанда, қайда барады? Сондықтан Болгария екі елдің бірлескен ортақ шекарасы аумағынан заңсыз мигранттардың өтіп кетпеуі үшін Грекия шекарасына солдаттарын жөнелтті. «Қарулы күштер шекара полициясымен бірге шекаралық бақылауды күшейтеді», – деп хабарлады Софияда қорғаныс министрлігі. Хабарламада бұл қадамның қазір­гі таңда сыртқы ішкі істер минис­трлігімен бірлесіп жасалған тұ­тас бір шаралар шеңберінде қабыл­данып отырғаны айтылған. Болгария ішкі істер министрі Румяна Бычванова әзірге тасқын­дар легінің «айтарлықтай артып кеткені» байқалмайтынын, алайда, олардың алдын алудың ықтимал шаралары жайлы елдің премьер-министрі Бойко Борисовпен бірге талқылап алуы керектігін атап өтті. София қазір босқындардың грек-болгар шекарасын бұзып өту арқылы ішке енуге тырысулары мүмкіндігінен қорқып отыр. Болгарияның Македониядан бір айырмашылығы, ол Еуропа одағының мүшесі болып табылады, бірақ Шенген аймағына кірмейді. Жексенбі күні премьер-ми­нистр Бойко Борисовтың өзі де үнін естірт­ті. Ол ел үкіме­ті­нің Маке­­дониямен арадағы мем­ле­кет­тік шека­раны күзетуді күшейту тура­сында шешім қабылдағанын жа­рия етті. Аталмыш шара Бол­га­рия тер­риториясына көрші елден ке­летін босқындардың ырық бер­мес заңсыз топтарының өтіп кет­пеуі үшін жасалғалы жатыр. Еске сала кетейік, сенбі күні Грекия мен Македония арасындағы полицейлер құрған шепті бұзып өткен болатын. Мыңдаған адам осындағы нөпірдің тасқынын шека­­раның македон жеріне ұла­са­тын аумағындағы тікенек сым тартыл­маған телімінен өтіп кетуге пайда­ланып баққан. Қазір 2015 жылдың басынан бері 9,2 мың адамның Болгариядан баспана сұрағаны атап өтіліп отыр. Германияда әсіреоңшылдардың наразылық акциясы басталды 24-08-15-Mir_i_krizis-3Немістің Саксония федералды жеріндегі Хайденау қаласында елге босқындардың қаптап келіп жатқанына байланысты қарсылық акциясы басталып кетті. Биліктің келімсектерді күтіп алып, оларға барлық жағдайларды жасауына наразылық сенбі күні түнде көшедегі жаппай тәртіпсіздікке ұласып кеткен. Осының салдарынан құқық қорғау органдарының қызметкерлері де зардап шекті. Атап айтқанда, қақтығыс кезінде 31 полицей жарақат алып қалды. Жұма күннің кешінде қалада жақында ашылған босқындарды қабылдау баспанасына мыңға жуық адам келген. Алдын ала мәлімет бойынша, олар негізінен әсіреоңшыл партиялар мен қозғалыстың өкілдері көрінеді. Соның ішінде елдің исламдануына ұдайы қарсылық білдіріп келе жатқан «Пегида» қозғалысы бастамашы сияқты. Олар «Біз – халықпыз!» деп ұрандаған. Полиция шерушілердің босқындар мінген автобустар жүріп жатқан көшеге шығып кетулеріне кедергі келтіргеннен кейін наразы топ мүшелері тәртіп сақшыларына қарай тас, бөтелке сияқты заттар мен пиротехникалық құралдарды лақтыруға кіріскен. Соңынан акцияға қатысушылар арасындағы мейлінше белсенділері тұтқынға алынды, тағы бірқатарына дәрігерлік көмек көрсетілді. Жалпы, қаладағы тәртіпті қалпына келтіру үшін барлығы 136 құқық қорғаушы жұмылдырылған. Ал босқындар отырған бірінші автобус полицияның қорғауымен тек түннің ортасында ғана өздеріне бөлінген баспанаға келе алған. Ал босқындардың жалпы саны 250 адам екен. Олардың барлығы Сирия мен Ирактағы соғыс қимылдарынан қашып келген шоғыр болды. Германияның бұрынғы ГДР аумағындағы Лейпциг және Дрезден шаһарларына жақын маңда орналасқан Хайденау қаласындағы қарсылық қозғалысы жексенбі күні де жалғасын тапты. Ал полиция босқындар орналасқан ғимаратты барынша мұқият қорғап тұр. Құқық қорғаушылар мұнымен шектелмей, манифестацияға шыққандарды қуып таратты. Осыдан кейін қалада ксенофорбияға қарсы альтернативті манифест болып өтті. Корея түбегіндегі екі елдің отпен ойнауы 24-08-15-Mir_i_krizis-4Соңғы күндері Корей түбегіндегі екі ел – КХДР мен Оңтүстік Корея арасындағы шиеленіс шарықтау шегіне жетті. Мұны басы оңтүстік тарапының шекарадағы демаркация жасалған аумаққа дыбыс күшейткіш қойып, солтүстіктегі қандастарына қарсы насихат жұмыстарын жүргізгені себеп болды. Мұның артынша АҚШ пен Корея жыл сайынғы бірлескен әскери жаттығуларын бастап кетті. Ол және КХДР тарапынан тұтқиылдан шабуыл жасала қалса, одан қалай қорғану керектігін пысықтауға арналды. Осылардың негізінде Пхеньян Сеулге 48 сағаттың ішінде жаттығуды тоқтатуды, олай болмаған күнде АҚШ-қа әлем бұған дейін білмей келген қарумен соққы беретінін мәлімдеген ультиматум қойды. Солтүстік Кореяның бұл талабы жұма күні орындалғандай болып көрінген. Қарсы жақ кенет жаттығуларын тоқтата қойды. Мұны АҚШ қорғаныс министрінің Шығыс Азия жөніндегі көмекшісі Дэвид Шэр хабарлады. Бірақ, бұл кідірістің қанша уақытқа дейін созылатыны айтылған жоқ. Шынында да бұл тоқталыс екі жақтың жаттығуды бұдан әрі қалай өрістеуі керектігін ақылдасуға арнаған уақыты болып шықты. Сөйтіп, кешке қарай жаттығу бас­талды. Ол әуеден соққы беру жолын бірлесе жүргізумен жалғасты. Осылайша ультиматумның уақыты да аяқталды. Өзі жасаған қоқан-лоқыдан ештеңе шықпағанына көзі жеткен Пхеньян енді Біріккен Ұлттар Ұйымының Қорғаныс кеңесіне шығып, қарсы жақтың тірліктеріне тоқтау салуға шақырды. Әйткенмен, бұдан ешқандай қорытынды шыққан жоқ. БҰҰ екі корей елін бейбітшілікті сақтауға шақырғаннан артыққа бара алмады. Мұның есесіне, Сеул өзінің шиеленісті одан бетер күрделендіре түсуге бейіл екенін барынша өктемдікпен таныта түсті. Ол шекарадағы насихаттық бағыттағы дыбыс күшейткіштің үнін өшіру орнына, бұрынғыдан да қатайтты. Мұны Корея үкіметі сенбі күні өзінің демаркация жасалған аумаққа солтүстік жақ қойған минаға жарылып, қаза тапқан екі жауынгерінің өлімі үшін КХДР-дың жауапкершілікті мойнына алғанынша тоқтатпайтынымен түсіндірді. «Көгілдір үй жағдайды байыпты көзбен қарап, бағалап отыр, ол КХДР тарапынан болатын қандай да бір жаңа арандатуларға барынша қуатты соққымен жауап қайтаруға әзір», – деп мәлімдеді осы арада Корея президенті әкімшілігінің баспасөз хатшысы Reuters агенттігі тілшісіне. Ал АҚШ генералы Мартин Демпси телефонмен берген сұхбатында Америка жағының Оңтүстік Кореяға қарулы қолдау көрсетуге дайын тұрғанын атап өтті. Ол өз елінің Корей түбегінде орналасқан 28 500 солдатының ойланбастан осы соғысқа кірісіп кететінін айтты. Осы тұста Солтүстік Корея да қарап қалған жоқ. Ол енді екі елдің шекарасындағы ортақ аймаққа 76,2 калибрлі гаубицасын әкеліп қойды. Мұның өзі екі жақтың 1953 жылғы келіссөзінің нәтижесінде қол жеткен келісімді бұзғандық болып табылады. Осыдан кейін Корея Аляскада жаттығуға қатысып жатқан алты истребителін мерзімінен бұрын қайтарып алды. «Рёнхап» агенттігінің дерегіне қарағанда, Солтүстік Корея Сары және Жапон теңіздері аумағындағы әскери базасындағы 77 сүңгуір қайығының 50-ін қайтарып алған. Кейін олардың неге ол жақтан алынып кеткені белгілі болды. Солтүстік Корея өзінің ультиматумына сәйкес әскери жаттығуларын тоқтата қоймаған Корея мен АҚШ-қа қарсы әрекет ретінде көп ұзамай сүңгуір қайықтар жаттығуын бастап кетті. Оған елдің лидері Ким Чен Ынның өзі басшылық жасауға кірісті. Осы кезде Сеул КХДР-дың осы кемелері арқылы арандату әрекеттерін жасап қалуы мүмкін екенін де алға тартты. Оңтүстік Кореяның қару арсеналында әзірге 13 сүңгуір қайық қана бар екен. Алайда, бұл елде Американың бақайшығына дейін қаруланған 28 мың әскери қызметкері бар. Бұған қоса, керек бола қалған жағдайда АҚШ-тың осы аймақтағы базаларда тұрған сүңгуір қайықтары көмекке келуі де мүмкін. Екі елдің өкілдері ақырында сенбі күні шекара аумағындағы Пханмунджом деревнясында келіссөз үстеліне отырып, екі жақ арасында шарықтау шегіне жеткен шиеленісті ретке келтіру жайын талқылауға кірісті. Корея ақпарат құралдарының мәлі­меттеріне қарағанда, сол елдің мүддесін мұнда ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Ким Гван Чжин мен бірігу жөніндегі министр Хон Йон Пхе, ал Солтүстік Кореяның мүддесін Пхеньянның Оңтүстік Корея жөніндегі жоғары лауазымды өкілі Ким Ян Гон мен КХДР халық армиясы саяси бөлімінің бастығы Хван Бен Со қорғаған. Алайда, ол өзінің тиісті нәтижесін бере қойған жоқ. Содан соң тараптар жексенбіде тағы бас қосты. Мұнда да олар түске дейінгі талқылауда бір-бірлерімен келісімге келе алмады. Сосын «жоғары жақпен ақылдасып алу үшін» үзіліс жариялап, түс қайта үстел басында табысты. Сөйткенмен, мұның да нақты шешімі қабылдана қойған жоқ. Дегенмен, мұнда тек дәл қазіргі жағдайды реттеу ғана емес, бұдан кейінгі қарым-қатынасты қалай жалғау керектігі талқыланатыны белгілі болып отыр. Содырлар Сирияда химиялық қару қолданды 24-08-15-Mir_i_krizis-5«Ислам мемлекеті» террорлық тобырының сарбаздары сенбі күні Сирияның Мари қаласының тұрғын үй аудандарына шабуыл жасау кезінде химиялық қаруды пайдаланды. Исламистер шаһарды токсинді заттары бар снарядтармен атқылаған. Нәтижесінде тұрғындар арасында тұншығу оқиғасының бірнеше дерегі қайталанған. Басылымның хабарлауынша, бұл содырлардың халықаралық деңгейде ты­йым салынған қаруды бірінші рет іске қосулары емес. Мұның алдында ғана АҚШ-тың «Ислам мемлекетіне» қарсы күресі жөніндегі бас штабының бастығы, генерал Кевин Киллеа содырлардың Иракта химиялық қару қолданғаны турасында алдын ала айғақтар алып отырғанын мәлімдеген еді. «Алдын ала мәлімет бойынша, исламистердің бірнеше минометін тексеру олардан иприт (қыша газы) атты улағыш затының қалдығы табылғанын көрсеткен», – деп жазды басылым осыған байланысты. Генералдың айтуынша, бұрын содырлардың қолданысында болып, кейін күрд көтерілісшілері қолына түскен минометтерден химиялық қарудың іздері – күкірт табылған. Бұған ИМ содырлары жасаған химиялық сипаттағы шабуылдан кейін, 14 тамыз күні күрдтердің кемінде 15 пешмерга жауынгері шұғыл госпитальдарға жатқызылғаны дәлел бола алады. Қорғаныс күштерінің басшылығы 13 тамызда жихадшылардың Ирактағы күрд позициясына 45 химиялық снаряд жөнелткенін осы кезде жеткізді. «Сондықтан, майдан аумағы противогаздармен қамтамасыз етілді», – деп атап өтті әскерилер. Исламшылардың күрд жауынгерлеріне қарсы химиялық қару қолданғандарын неміс әскерилері де растап отыр. Олардың болжамы бойынша, осының нәтижесінде 60 адамның дем алу органдарына зақым келген. «Ислам мемлекеті» – 2014 жылы жазда өзін Сирия мен Ирак территориясындағы халифат ретінде жариялаған террорлық топ. Қазір оған қарсы Сирия көтерілісшілері, Ирак армиясы, шиит жасақтары, күрд өзін өзі қорғау әскерлері соғысып жатыр. Бұл коалицияны АҚШ әскери күштері басқарып отыр. Эстония министрі «коммунизм қылмысын» әшкерелеумен шұғылданбақшы эстонияКоммунистік режімнің жасаған кереғар әрекеттері нацизм қылмыстары секілді тексерілуі керек. Эстонияның әділет министрі Урмас Рейнсау осылай деп отыр. Оның айтуынша, осы істі алға апару үшін шұғыл түрде мемлекетаралық сот құрылуы қажет. «Біз коммунистік режімнің барлық қылмыстарын жарыққа шығарып, оған халықаралық деңгейде баға беріп, соңынан бәріміз бірге соттауымыз керек», – деп күңіренеді министр. Ведомство басшысы сонымен қатар аталмыш іске қатысты мәліметтердің «қазіргі таңдағы бірде-бір халықаралық сотқа мәлім емес» екенін жеткізеді. Оның айтуынша, бұл жөніндегі ұсыныс Таллинде 23 тамыз күні ашылатын халықаралық конференцияның күн тәртібіне берілген. Дегенмен, бұған бірден тойтарыс берушілер де табылып жатыр. Мәселен, Ресейдің коммунист-депутаттары «Екінші дүниежүзілік соғыс қорытындыларын өзгертіп жазу мен соғыстан кейінгі әлемнің құрылымын қайта өзгертуге деген халықаралық тенденцияға» жауап ретінде коммунизм мен нацизмді салыстыру үшін қылмыстық жауапқа тартуды ұсынып үлгерді. Олардың пікірлерінше, КСРО-дағы саяси режім мен нацистік Германияны салыстыра қараушыларды 10 жыл бас бостандықтарынан айыру туралы жаза белгіленуі керек. Мұндай ұсынысты ЛДРП атынан депутат Виталий Золочевский де білдірді. Жалпы, бұл Эстонияның жоғары лауазымды шенеуніктерінің «өз қожайындарына» жақсы көріну үшін жасап отырған бірінші жағымпаздық тірлігі емес. Apple компаниясы 158 миллиард долларға арзандады 24-08-15-Mir_i_krizis-6Америка қор биржасындағы баға ойнамалылығы АҚШ-тың ең қымбат бағалы Apple компаниясын қатты ұрды. Соның салдарынан ол биылғы жылы бірден 158 миллиард долларға арзандап кетті. Қытай қор рыногындағы өсу қарқыны қысқарып, биржа индекстерінің төмендегені туралы жаңалық естілген 21 тамыз күні ғана Apple акциялары 6,72 долларға, яғни 6 пайызға арзандай түсті. Ал сессияның аяғына қарай оның бір данасы 106,02 долларды құрады. Акцияның бір данасы 134,5 долларға сатылған кезі де тым әріде емес еді. Апта ішінде Apple бағасы 8,5 пайызға отырды. Мұндай құлау жылдың басындағы алғашқы қауырт өсімнен кейін 3,2 пайызға «минусқа кетіп қалған» инвесторларды ренжітетіні де рас. Қазіргі таңда компанияның капиталы 618 миллиард долларға бағаланып отыр. Жақын арада бұл цифр бұдан да төмен түсуі мүмкін. Apple Inc – дербес және планшетті компьютерлер, аудиоплеерлер, телефондар мен бағдарламалар өндіруші америкалық корпорация. Дербес компьютерлер жасау саласындағы пионер компания. Оның бас пәтері АҚШ-тың Калифорния штатындағы Купертино қаласында орналасқан. Компанияның ең танымал өнімдері – компьютердің Macintosh желісі, iPod, iPhone және iPad. 2011 жылдың тамыз айында Apple әлемдегі нарықтық капитализация бо­йынша ең қымбат компания болып танылған болатын. Оның негізі 1976 жылы 1 сәуірде қаланған, 1977 жылдың 3 қаңтарында корпорация ретінде тіркелген. Компания атауы 30 жыл бойы Apple Computer, Inc. болып келген еді, алайда, 2007 жылы 9 қаңтарда ондағы Computer сөзі алынып тасталды. Айқарма беттің материалдарын дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».